Сайрамдағы жас кәсіпкерлердің аяқ алысы зор
Сайрамда жеке кәсіпкерлікпен жастар да айналыса бастаған. Жастар экономиканың негізгі күші бола алады. Себебі олар қоғамның қозғаушы күші. Жастар әлемді өзгерте алатын әлеуетке ие. Жас келсе іске демекші, жастарда тың идеялар көп. Олар кәсіпке басқаша қырынан қарайды. Олар кәсібін жастық мксимализммен ұштастырып, барлық қиындыққа төзуге дайын. Бірақ олар бастапқыда мемлекет тарапынан қолдау аса қажет. Істің мән-жайын білетін мамандардан ақыл-кеңес алып, кәсібін жүргізу аса маңызды.
Сайрам ауданы осындай іскер жастарға толы. Көлкент ауылдық округі, Ханқорған елдімекенінде Бақдәулет Мейірханұлы есімді жас, еңбекқор азамат тұрады. Ол кішкентайынан әке-шешесіне мал шаруашылығына көмектесіп өсті. Ес білгелі жылқы бағады. Жылқыны қалай бағып-қағуды, қалай асырауды бес саусағындай жетік біледі. Ол кәмелет жасынан толған соң, ата-анасына бұдан әрі қолқабыс болып, отбасылық кәсіпті жаңа деңгейге шығарғысы келді. Осы мақсатта ол «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на өз бизнес жобасын ұсынып, нәтижесінде несиеге қол жеткізген. Бұл несиені 2,5 пайыз жеңілдетілген түрде алды. Бұл жас кәсіпкер үшін өте үлкен қуаныш. Қазіргі капиталистік заманда 2,5 пайыз деген өте төмен, тіпті су тегін десек болады. Себебі басқа банктер кәсіпкерлерге кәсібін бастауға кемі 22 пайызбен несие береді. Ал 22 пайыз деген өте көп. Бұндай пайыз кәсіпті дамытпай, керісінше оның түбіне жетуі мүмкін. Осы орайда мемлекет жастарға арнап, өте тиімді бағдарлама жасады. Бүгінде бұл бағдарламаның пайдасын көріп, жемісін жеп жатқан жас кәсіпкерлер аз емес.
Бақдәулет Мейірханұлы БАҚ өкілдеріне өз жоспарын айтты. Ол мемлекеттен алған жеңілдетілген несиеге бірнеше жылқы алып, мал басын көбейтпек. Жылқыларды сауып, оның қымызын сатуды да көздеп отыр. Себебі қымыз денсаулыққа өте пайдалы. Қымыз – туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде “ С” витамині мол. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе, туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Оны ұйымдастырушы В. Толстиков деген дәрігер: “Қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады” – деп жазған. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады. Қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Ол ас қорыту органдарының , жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа органдардың қызметін жақсартады. Қымыздың әсері бүкіл ағзаны өзгертеді. Физиологиялық және биохимиялық процестер күшейіп, зат алмасу қалпына келеді. Қымыз тәбетті ашады. Қымыздың құрамында сүт қышқылы бар. Соған орай ол тағамның құрамындағы белоктардың, майлардың, әр түрлі қанттардың жақсы қорытылуына ықпал жасайды. Ал құрамындағы көмір қышқылы аздығына қарамастан ас қорыту бездеріне әсер етіп, қарын сөлінің бөлініп шығуын тездетеді. Қымыз ішкенде тәбеттің ашылатыны сондықтан. Бие құлындағаннан кейін алғашқы 2-3 күндей сүт бездері уыз бөліп шығарады, ал сол уыздың құрамында белок пен витаминдер 2-3 еседей көп.
Міне, қымыздың осындай көптеген пайдаларын назарға алған Мейірхан Бақдәулетұлы Сайрам ауданы тұрғындарын сапалы қымызбен қамтып, олардың денсаулығын түзеуге де үлесін қоспақ. Біз осындай іскер азаматқа кәсібіне береке тілейміз.