Ет комбинаты жеке кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетеді

Oinet.kz 26-08-2024 51

Screenshot_1.jpg

Сайрам ауданы – шағын және орта кәсіпкерліктің отаны десек қателеспейміз. Сайрамда қазір ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өте көп. Мұнда құс сүтінен өзгесінің бәрі өндіріледі десек артық айтқандық емес. Жалғыз Сайрам ауданы бүкіл Түркістан облысын сапалы ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз отыр. Мұнда жылына миллиондаған тонна ет жан-жаққа сатылады. Сайрам халқы жеке кәсіпкерлік арқылы-ақ отбасын асырап, үй, көлік алып, жағдайларын жасап отыр. Яғни еңбек түбі – береке. Еңбегінің нанының дәмін татып, қатарынан қалмай, керісінше озып кеткен кәсіпкерлердің саны бойынша Сайрам ауданы Түркістан облысында көш бастайды десек те болады. 

Соңғы жылдары Сайрамда мал бордақылаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатты көбейді. Себебі халық ет өнімдерін жиі тұтынады. Қазақ халқын әлемде қасқырдан кейін етті көп жейтін екінші тіршілік иесі деп те әзілдеп айтады. Сондықтанда кәсіпкерлер етке құмар қазақ халқының сұранысын қанағаттандыру үшін барынша мол жұмыс істеп келеді. Міне, ауданда ет мол болғандықтан оны өңдеу күн тәртібіне шыққанына көп болды. 

Осы орайда жақында Сайрам ауданындағы Манкент ауылында «Kaz Eco Meat» ЖШС-ң ірі ет комбинаты ашылмақ. Кәсіпорын тәулігіне 500 ірі қара мал мен 600 ұсақ малды сойып, етін экспортқа шығаруға ниетті. Сонымен қатар, келесі жылы серіктестіктің 5 000 бас малға арналған бордақылау алаңы бой көтереді. Жалпы ет комбинатының құрылыс жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталып, 2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріледі.

Яғни түрлі жеке кәсіпкерлер өздері бордақылаған малды ет комбинатына өткізіп, немесе осында әкеліп соя алады. Комбинат ешкімнің ақысын жемейді. Ол барлық кәсіпкермен ортақ келісімде жұмыс істеп, екіжақты тиімді келісім-шарт орнатуға ниетті. Жеке кәсіпкерлерден бөлек, тұтынушылар да комбинатқа келіп, өздеріне қажетті етті тонналап сатып ала алады. Мұнда олар еттің адал сойылғанына куә болады. Және малдың да ешқандай ауру-сырқауы жоқ, дені сау екендігіне көз жеткізеді. Себебі қазір базарларда, дүкендерде сапасы күдік тудыратын еттер көбейіп кеткендігі туралы жиі айтылады. 

Кәсіпорын иесі Абдурасул Сайдановтың сөзінше, өндірілетін еттің 70 пайызы Өзбекстан, Қытай, Иран елдеріне экспортталады. Сондай-ақ, өндіріс орнында ешқандай қалдық қалмай, малдың басынан бастап, ішек-қарын, сирағы мен сүйегіне дейін пайдаға асады. Сонымен қатар, ет комбинатында түрлі ет өнімдері дайындалып, барлық жұмыстар санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Осылайша Сайрам ауданында жеке кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейтін алпауыт ет комбинаты бой көтерген соң, мұнда кәсіпкерлік жаңа деңгейге шығады. Ет комбинаты жеке кәсіпкерлердің көптеген проблемаларын шешіп береді. Яғни клиент табу, логистика, өнімді сақтау секілді көптеген жеңілдіктерге ие болады. Бұл өз кезегінде ауданда жеке кәсіпкерліктің бұдан әрмен зор қарқынмен дамитынына кепілдік береді. 

10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріледі
Үлкен жүк көлігін алып кәсібін дөңгелетпек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу