10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріледі

Oinet.kz 26-08-2024 71

Screenshot_1.jpg

Өндіріс орындарын көптеп салу – заман талабы. Бірінші кезекте, өндіріс орындарын көптеп салу арқылы мемлекетті қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, бірнеше жүздеген, мыңдаған адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс орындары шығарған тауарлар шетел асып экспортталып, мемлекеттің қазынасына мол пайда алып келеді. Сондықтан да мемлекет өңірлерде зауыттар, цехтар ашуға барынша қолдау көрсетіп жатыр.

Түркістан облысы, Сайрам ауданында зауыт, фабрика, цех салу ісі қарқынды жүріп жатыр. Себебі Сайрам ауданы инвесторлар үшін өте қолайлы аудан. Біріншіден аудан күре жолдың бойында. Екіншіден мұнда халық саны көп. Яғни жұмыс күшін ел ішінен табуға болады. Және халық көп болған соң, клиент те көп десек болады. Зауыт өз өнімдерін аудан көлемінде-ақ тез сатып, тұрақты клиенттерін таба алады. Өнім тасымалауда көлік шығынына көп қаржы кетпей, миллиондаған ақша үнемделеді. 

Сайрам ауданында полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыттың жұмысы қызу жүріп жатыр. Кейінгі кездері кәсіпорын өнімдеріне сұраныс та артып келеді. Өйткені, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде кең өріс алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты алғашында резеңке мен пластик бұйымдарды өндіріп бастаса, кейіннен су құбырын шығаруды жолға қойған. Бүгінде 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған аталмыш зауыт полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрін шығаруға қауқарлы.

Жалпы алғанда пластик өнімдер сұранысқа ие. Оларды халық ағаш өнімге қарағанда көптеп алады. Пластик өте қолайлы. Пластик құбырларды құрылыс жұмыстарында жиі пайданалады. Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа қолданылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына тасымалданады. Айта кетейік, диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырлары еліміз бойынша осы жалғыз зауытта өндіріледі. Зауытта жұмыстың басым бөлігі жалпы авто-маттандырылған. Өндіріске қажетті техникалардың барлығы яғни, немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары Германиядан жеткізіледі.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Бірақ бұл тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сондықтан өндіріске керекті шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан әкелінеді.

«Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы негізінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір аталған кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд. теңгені құрайды.

Құрама жем зауыты іске қосылатын күн алыс емес
Ет комбинаты жеке кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу