Ауыл округтеріндегі жеке кәсіпкерлерге қолдау көп
Түркістан облысында жылдан-жылға халық саны артып келеді. Халық санының артуы – азық-түлікке деген сұраныстың да артатынын білдіреді. Азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін түрлі шаруа қожалықтары белсенді түрде жұмыс істеуі керек. Шаруа қожалықтарын жүргізетін жеке кәсіпкерлер Сайрам ауданында өте көп. Әрине Сайрам ауданының халқы еңбекқор болғандықтан мұнда мал шаруашылығымен айналысып, өнімдерімен бүкіл облысты қамтығысы келеді. Ал бұндай деңгейге шығу үшін оларға мемлекет тарапынан қолдау қажет. Себебі көптеген кәсіпкерлерде қолда қомақты қаржы болмағандықтан, олар белгілі бір деңгейге шыға алмай бір орында тұрып қалады.
Былтыр «TURKISTAN »Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Сайрам аудандық бөлімі мамандарының сүйемелдеуімен Жеке кәсіпкер «Усмантаев Жахонгир» «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 18 000 000 тг қаражатына қол жеткізген еді. Ол бұл қаржыға жылқы басын бордақылап, аудандағы мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосуды ниет тұтты.
Міне содан бері бір жылдай мерзім өтті. Бүгінде «Усмантаев Жахонгир» жеке кәсіпкерлігі жұмысын белсенді атқарып отыр. Олар бірнеше мал басын сатып алып, оларды дәрумені мол жем-шөппен бағып отыр. Белгілі бір мерзімнен соң бордақыланған малды сойысқа жіберіп, етін тиісті жерлерге өткізеді. Бұл кәсіпкерліктің еті өте дәмді болғандықтан, ол ешқашан клиентсіз қалған емес. Оның өніміне тез арада сатып алушы табыла кетеді. Жахонгир мырзаға ең бастысы – мал басын азайтпай, етінің сапасын жоғалтпай, тұтынушыларға әрқашан жұмсақ, дәмді, балғын ет ұсыну қажет. Ол бұл үдеден еш қиындықсыз шығып келеді.
Жахонгир мырзаның айтуынша, былтыр үкіметтен берілген жеңілдетілген несиенің жылдық пайыздық сыйақысы 22 пайыз. Бірақ ол бар болғаны 6пайыздық мөлшерлемесін ғана төлеп отыр. Ал қалған пайызына мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Несие мерзімі 48 ай. Ол 4 жылда несиесін толық өтеудің еш қиындығы жоқтығын айтады.
Қазіргі таңда Жахонгир мырза жылқыларды өзінің үйінің ауласынан салынған қорда бағады. Бүкіл отбасы мүшелері малды бағуда аянбай еңбек етіп жатыр. Қазіргі кезде жеке кәсіпкерліктің алға қойған жоспарлары өте көп. Және жоспарларының бірсыпырасы жоғары қарқынмен орындалып келеді. Азық-түлік өндірісінің банкрот болу қаупі өте төмен. Себебі адамдар тамақты күнделікті тұтынады. Жахонгир мырзаның өнімдеріне сұраныс азаймағандықтан, ол бұдан да биік деңгейге шығуды көздейді. Ол үшін тағы да ақша жинап, жетпегенін үкіметтен бағдарлама бойынша алып, бірнеше қора соғып, асыл тұқымды мал басын көбейтуді болашаққа жоспарлап отыр. Және ол бұл мақсатына жетеді деген сенімдеміз.