АЭС – салудың артықшылығы көп

Oinet.kz 10-09-2024 211

Түркістан қаласында құрылған халықтық штаб мүшелері «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағына барып кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар 6 қазанда жалпыхалықтық референдум өткізілетіндігінен хабар берді. 

Screenshot_56.jpg

Сондай-ақ елімізде АЭС салынған жағдайда елдің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Атап айтқанда, ұзақ уақыт пайдалануға болатын мұндай станция кәсіпорындар үшін аса маңызды электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифін қамтамасыз ететіндігін, бұл қадам зауыттардың, фабрикалардың өндіріс шығынын азайтып, өз тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігін сөз етті. 

«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы құрылған. Бұл аймақты құрудағы мақсат – Түркістан қаласын жеделдете дамыту және Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату арқылы Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптастыру болатын. «TURKISTAN» АЭА аумағы 3987,39 гектарды құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Арнайы экономикалық аймақтың 2019-2023 жылдарда инвестициялық портфелі жалпы құны 552,7 миллиард теңгені құрайтын 86 жобадан тұрады, оның ішінде 345,6 миллиард теңгені құрайтын 65 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні 207,1 миллиард теңгеге 21 жоба іске асырылып, 1011 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Штаб мүшесі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, композитор, ҚХА мүшесі, ғалым-педагогы Бекжігіт Сердәлі АЭС салу бойынша ғылыми талдау жасады. Ол кәсіпкерлерге Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға әлемдік нарықта қосымша салық салынады. Электр энергияның 70 пайызын көмір станцияларынан алатын Қазақстан үшін бұл айтарлықтай кедергі болуы мүмкін. Сондықтан АЭС салу қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруда стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді.

Ал «Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы өз сөзінде ел ғалымдардың болжамына сүйеніп, атом электр станциясының пайда болуы атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретіндігінді жеткізді. «Қазір елдің энергетикасы көмір отынын кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, ғалымдар атом электр станциясы энергия өндіру қарқынын арттырып қана қоймай, оның құнын төмендетеді деп санайды. Түркістан қаласында өткен жария талқылауда Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев «Атом электр станциясы, біріншіден, экологиялық таза. Екіншіден, ол 100 жыл бойы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл ең негізгі екі артықшылық. Әрине, жұмыс үздіксіз болған кезде өзіндік құны ең төмен болады», - деп атап өткен болатын. Менің түсінгенім, ғалымдардың айтуынша, елімізде атом электр станциясының құрылысы 2035 жылға қарай елдің энергетикалық балансындағы атом энергетикасының үлесін 12 пайызға дейін арттырады. Бұл ретте көмір жағу арқылы өндірілетін энергияның үлесі қазіргі 61 пайыздан 40 пайызға дейін төмендейді екен. Яғни, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшуге жол ашады. Сондай-ақ болашақта тұрақты дамуға мүмкіндік береді. Сөзімінің қорытындысында айтарым, біле білген адамға ғалымдар айтқандай АЭС-тің артық көп, - деді Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы. 

Ал Түркістан қалалық өзбек этно мәдени бірлестігінің төрағасы, штаб мүшесі Раимжан Қошқаров елімізде АЭС салынғанын қолдайтындардың бірі екенін жеткізді. «Бүгінде Орталық Азия елдерінде электр энергиясының тапшылығы сезіледі. Мәселе қыста гидроэлектростанциялардың жұмысы тоқтаған кезде ол күшейе түседі. Ал, бұл өңірдегі елдер бұл міндетті бірлескен күш-жігермен шешуі тиіс. Шешімдердің бірі – атом энергетикасын дамыту. Осының арқасында Орталық Азия өңірінің мемлекеттері ұзақ мерзімді перспективада өздерін сенімді энергия көзімен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, жаңа өндірістерді іске қосуды жолға қоюға мүмкіндік тумақ. Естеріңізге сала кетейін, Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Ол Джизак облысында Тузқан көлінің жанында салынады», - деді Раимжан Қошқаров.

Жиынға қатысушылар белсенділік танытып, штаб мүшелеріне Атом электр станциясының қоршаған ортаға тигізер зияны мен пайдасы, радиоактивті қалдықтар және нысанның салынатын орны, тариф жайлы сұрақтарын қойды. Қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.

Кездесу соңында кәсіпкерлер мен жұмысшылар алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС-ты қолдауға дайын екендерін жеткізді. Олардың айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елімізде озық технологияларды енгізуге, шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС
Маңызды мәселелер референдум арқылы шешілгені дұрыс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу