Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС

Oinet.kz 10-09-2024 202

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың  халықпен кездесуі жалғасып жатыр. Жуырда Түркістан қаласында штаб мүшелері атом электр станциясының артықшылығы туралы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесті. 

Screenshot_55.jpg

Бұл білім ордасының шәкірттері бірқатар техникалық мамандық бойынша білім алады, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Болашақ инженерлер Атом электр станциясы идеясының елді одан әрі дамыту және өндіріс саласында жаңа мультипликативті мүмкіндіктер жасау бағытындағы барлық перспективаны жақсы түсінеді. Сондықтан студенттер, жас ғалымдар, жастар ұйымдарының белсенділері кездесуде АЭС салу идеясын толық қолдайтындарын мәлімдеді. 

Мәжіліс спикері Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы аясында елімізде атом электр станциясы (АЭС) құрылысы бойынша референдум өткізетін күннің белгіленгенін айтты. «Референдум осы жылдың 6 қазанында өтпек. 6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Сондықтан еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті» деп атап өтті.

-Жақында Алматы қаласында бір топ ғалымдар АЭС салудың пайдасы мен зияны жайында пікір алмасып, жиын өткізіпті. Кездесуде «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жантикин былай деп пікір білдіріпті: «Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС. Себебі, қазір елімізде ғана емес, әлемде декорбанизация процесі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бізде көмір энергетикасы басымдыққа ие болып келді. Оның да құрылғылары ескірген, тозған. Жаңа құрылыс нысанын салудың да өз қиындығы бар. Оған қомақты қаражат керек. Көгілдір отынға да шектеу бар. Сондықтан бізде АЭС салудан басқа нұсқа жоқ», – дейді ғалым. Сонымен қатар, Тимур мырза елімізде аталған саланы игеруге білікті мамандар да, қаржылық ақуал да жеткілікті екенін айтты. Шын мәнінде, бүгінде АЭС салу қажеттілігі басым. Бұл үлкен жоба. Еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық сенімділігін арттырады, - деді Жеңісбек Мәуленқұлов.  

Әңгімелесу барысында штаб мүшелері АЭС құрылысы жастарға мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, лайықты жалақысы бар онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орны құрылады. Қазақстандағы жоғары оқу орындардың түлектері АЭС құрылысына қатысуға және отандық атом индустриясында қызмет етуге қажет барлық мүмкіндікке ие. Болашақта атом энергетикасын дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, онда АЭС қажеттілігіне қарай арнайы кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінетіндігі айтылды. 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, композитор, ҚХА мүшесі, ғалым-педагогы Бекжігіт Сердәлі өз кезегінде АЭС салу – бір күннің мәселесі емес екенін, жобаны іске асыру он жылды, тіпті одан да көп уақытты алатындығын ескертті. «Бәріңіз де экономикасы дамыған, болашағы зор, қуатты да тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргілеріңіз келетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені – осы» деп атап өтті.

-Климаттың өзгеруіне қарсы күрес басым бағыт болып табылады. Сондықтан біздің еліміз 2016 жылы Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға қысқартуға міндеттеме алды. ҚР Президенті де өз Жолдауында басты міндеттердің бірі – 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу екенін атап өтті. Бұл Қазақстанға көмір электр станцияларын баламалы энергетикаға ауыстыруға келіп саяды. Бүгінде әлемдегі ең дұрыс жарық қуаты атом энергетикасы болып саналады. «Қазақстанда атом өнеркәсібі жақсы дамыған, - дейді бұл турасында «Қазақстан атом электр станциялары» акционерлік қоғамының бас директоры Тимур Жантикин киелі қалаға келген бір сапарында. «Өткен жылдан бастап біз Қытай нарығына ұсынатын отын шығарамыз. Ядролық отынымызбен олардың реакторы жақсы жұмыс істей бастады» деді. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан уран қорынан әлемде бірінші, ал табиғи уранның барланған қорлары бойынша екінші орында тұр. Энергия тасымалдаушылар бойынша бірінші орында тұрмыз. Бүгінгі таңда бұл біздің негізгі энергия тасымалдаушымыз болып отыр. Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бүгінгі таңда өте өзекті мәселе екенінің бұл жарқын дәлелі, - дейді профессор Бекжігіт Сердәлі. 

Кездесу соңында оқытушылар мен жастар өз ой пікірлерімен бөлісті. Жиын спикері Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Қазіргі қолға алынып жатқан істер, ең алдымен, жастар үшін жасалып жатыр. Ендеше, батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті. Ал батыл шешімді қабылдайтын – жастар! Олай болса, алдағы референдумда АЭС салуға қолдау көрсетіп, өз болашақтарыңыз үшін дұрыс таңдау жасауларыңыз қажет», – деді қорытындылады жиынды. 

Жастар өз кезегінде алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС-ты қолдауға дайын екендерін жеткізді. 


Атомды бейбіт мақсатта қолданудың артықшылығы
АЭС – салудың артықшылығы көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу