Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ел экономикасын ілгерілетудің негізгі тетіктеріне тоқталып, шешу жолдарын көрсеткен еді. Оның ішінде, ең маңыздысы әрі мазмұндысы – атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты жалпыұлттық референдум өткізу.
Бұл шара әбден сала мамандары мен қоғам белсенділерінің талқысынан өтіп, барып қабылданған шешім. Енді, бұл бастаманың нүктесін халықтың дауысы шешеді. Яғни, референдум 6 қазанда өтеді. Осыған орай Отырар ауданында арнайы штаб құрылып, жұмыс тобы үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.
Штаб құрамында қоғам белсенділері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Кеше штаб мүшелері Жамбыл атындағы мектеп-лицейде аудан тұрғындарымен, мектеп-лицей оқытушыларымен, қоғам белсенділерімен кездесті. Олармен өткен жиында «Қазақстанда атом саласын дамыту» тақырыбында сөз қозғалды.
Мектеп-лицейде өткізілген жиын барысында штаб мүшелері тақырып аясында өз ойларымен, ұстанымдарымен бөлісті. Қоғам қайраткері аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жалғасбай Көлбай қазіргі таңда әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын айта келіп, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екенін жеткізді.
«Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша Қытай ғалымдары атом электр станциясын соғуда бірінші орынға шығып кетті. Қытай Республикасында 54 атом электростанциясы жұмыс істеп тұр және 28-АЭС соғылып жатыр. Ал Қазақстанда атом станциясы үшін ең керек өнім уранның 900 мың тонна қоры бар. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек. Жалпы бүгінгі күні әлемнің 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Президентіміз айтқандай, ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Яғни біз бұл тақырыпты бір жыл бойы талқыладық. Бұл расымен де азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Мемлекет басшысының атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешімін қолдаймын, 6 қазан күні әрбіріңіздің өз таңдауыңызды жасауға шақырамын» - деді Жалғасбай Көлбай өз сөзінде.
Ал аудандық мәслихаттың депутаты Мырзахан Манапов болса, референдум өткізудің негізгі себептері мен мақсатына тоқталып, «әрбір ел азаматының референдумға қатысып, өз дауысын беру оның азаматтық парызы» деп атап өтті.
Жамбыл атындағы мектеп-лицей директорының орынбасары Ахмет Медетбек бұл тақырыпқа ғылыми тұрғыдан келіп, «Қазақстанға АЭС керек пе, жоқ па?» деген сұрақ тұрғысында сөз қозғады. «Қазіргі таңда Франция мемлекеті электр энергиясының 80 пайызын атом электр станциясынан алып отыр. Қытайда да солай. Есесіне табиғатқа ешқандай залал келтіріп отырған жоқ. Ал біздің еліміздегі Екібастұздағы электр станциясы энергияны көмірден алуда. Оның экологияға тигізіп отырған зардабы ауыр. Сондықтан да біз заман көшінен қалмай алдағы референдумда дұрыс таңдау жасауымыз керек. Ал жалпы атом электр станциясын салуға 10-12 жыл кетеді. Оның барлық талабы, қауіпсіздігі сақталатын болады. Атом электр станциясын салуға, мамандар дайындауға Қазақстанның мүмкіндігі бар», - деді ол.
Ал кездесуде жас ақын Нұрғали Сердалиев өз өлеңін оқып, жастарды жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауға, елімізде АЭС салуға қолдау жасауға шақырды.
Кездесу соңында елімізде атом электр станциясын салуға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Штаб мүшелері жан-жақты, шетел тәжірибелерін мысалға келтіре отырып жауап берді.