Сайлау мақсаты түсіндірілді

Oinet.kz 10-09-2024 238

Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылындағы Әбунәсір әл-Фараби музейінде АЭС бойынша өткізілетін референдум өткізу бойынша штаб отырысы өтті. 

Screenshot_49.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атом элект станциясын салуға қатысты халық таңдауын жасауы үшін референдум өткізуді тапс болатын. АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікірлер мен сұрақтар көп. Осыған орай, референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, сұрақтарына дәлелді жауап беріліп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру үшін аудандық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын бастады.

Алғашқы кездесу Әбунәсір әл-Фараби музейінде Шәуілдір ауылының тұрғындарының қатысуымен өтті. Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Мырзахан Манапов Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды. 

- Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты көбейетінін күтетін. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу туралы Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын тапсырып, осы мәселені халықтың алдына қойды. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет екенінің бір көрінісі. Осыған байланысты ел ішінде атом электр станциясының зардаптары болатыны, орналасқан жеріндегі көлдің суы тартылып кетпей ме деген сұрақтар туындады. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, - деді Мырзахан Манапов. 

Әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтқан Жамбыл атындағы мектеп-лицей директорының орынбасары Ахмет Медетбек ғылыми тұрғыда түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде дамудың даңғыл жолындағы Қытайда 56 АЭС барын және 27- сі салынып жатқанын айтып, басқа да мемлекеттерді мысал ретінде атады. Электр энергиясының тапшылығы күн сайын сезіліп келе жатқанын айтқан ғалым біздің ел бүгінде жылу электр станцияларын пайдаланып отырғанын айтып өтті. Олардың бәрі 70- 80 жылдары салынғандықтан, тозығы жеткен. Ал, жылу үшін қолданылатын көмірден шығатын зияндылық бөлек мәселе. Егер АЭС салынған жағдайда энергия өндірумен қатар, көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс орыны ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз да осы жиында кеңінен түсіндірілді.

Дәл осындай жиын Шәуілдір ауданындағы аудандық емханада да өтті. Ондағы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына да ғылыми негізде дәлелденген жауаптар берілді.

Маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалады
Түркістан қаласында Халықтық штаб өкілдері АЭС салу мәселесін талқылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу