Ауылдық округтерде жеке кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Oinet.kz 01-09-2024 79

433933800_818481270334345_3248011390147412302_n.jpg

Сайрам ауданы – табиғаты қолайлы мекен. Мұнда ағын су мол. Жер көлемі де Түркістан облысындағы үлкен аудандардың біріне жатады. Сайрамда жеке кәсіпкерлік қарқынды түрде дамыған. Өзге өңірлерден келгендер Сайрамда тіршілік қайнап жатқанын көреді. Сайрамда жеке кәсіпкерлік қатты дамығандықтан, мұнда бәсекелестік те жоғары. Бәкеселестік болған жерде сапа артып, баға түседі. Осыған байланысты Түркістан облысындағы өзге аудандағы азаматтар Сайрамға арнайы келіп, көтерме бағада өнімдерді көптеп сатып алады. Яғни баға қалтаға ауырлық салмайтындай қонымды болғандықтан, ылғи тұтынушы үзілмейді.

Сайрамда бәсекелестікті арттырып отырған – ауылдық округтердегі жеке кәсіпкерлер. Ес білгелі ата-баба жолын жалғастырып, бағзы кәсіппен нан тауып келеді. Әкеден балаға мұра болып келе жатқан кәсіптің қыр-сырын меңгерген олар жыл өткен сайын шаруашылығын ауқымын кеңейткісі келеді. Жақында «TURKISTAN »Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Сайрам аудандық бөлімі мамандарының сүйемелдеуімен жеке кәсіпкер «Маматкуловтың» төрағасы Бахадир Маматкулов «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде жылқы басын бордақылауға 20 000 000 теңге қаражатына қол жеткізді. Бұл қаражат жеңілдетілген шартта берілді. Яғни жеке кәсіпкер несиеге аз мөлшерде пайыздық үстемақы қосып мемлекетке қайтарады. Және ең бастысы жеке кәсіпкерге кәсібін жолға қойғанша белгілі бір көлемде каникул беріледі. Каникул кезінде жеке кәсіпкер несиесін төлемей қоя тұрады.

Бахадир Маматкулов 20 миллион теңге қаржыға бірнеше бас жылқы сатып алып, қорасын кеңейтті. Жем-шөптің мол қорын сатып алып, бордақылайтын малдарды қыс мезгіліне дайындауда. Себебі қыс мезгілінде етке сұраныс артады. Қазақ халқы қыс кезінде етті соғымдап алады. Соғымды қыс бойы тұтынып шығады. Соғымды сенімді жерден алғысы келеді. Өйткені сенімді жерден алған етте ешқандай кінәрат болмай, тұтынушылар оны еш алаңсыз жейді. Әйтпесе қазір базарларда сапасы күмән тудыратын еттер сатылатын жайттар ұдайы кездесіп тұрады. Тамағын күдіктеніп жеген адам ауруға душар болатынын медицина әлдеқашан дәлелдеген. Осы орайда сайрамдық кәсіпкерлер өз өнімдерінің сапасына үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Бахадир Маматкулов қысқа дейін жылқыларын барынша семіртуге мүдделі екендігін айтты. Судың да сұрауы бар демекші, «Агробизнес» бағдарламасы аясында алған несиесін уақтысында төлеуге тырысатынын айтты. Яғни мемлекеттен алған қаржы арқылы өзінің кем-кетігі түзеп, сосын мемлекетке өзі қол ұшын созатын деңгейге көтерілуді қалайды. Ол үшін ол алдымен өзін қамтамасыз етіп, одан кейін бірнеше адамды жұмысқа қабылдап, халықты сапалы азық-түлікпен қамту да мемлекетке орасан зор пайда. Елімізде осындай іскер жеке кәсіпкерлер көбейсе, елдің экономикасы артары сөзсіз. Себебі кез-келген мемлекеттің негізі осындай жеке кәсіпкерлерден құралатыны белгілі. Жеке кәсіпкерлер өздері өнім өндіріп, оны шетелге экспорттай алады. Сайрамдық кәсіпкерлердің ет-сүт өнімдері, жеміс-жидектері алыс-жақын шетелге тасымалданатыны көңіл қуантады. Мысалы Ресей елі Түркістан облысының кәсіпкерлерінің азық-түліктерін арнайы алдыртады. Осы арқылы Қазақстан бюджетінен қаржы түсіп отырады. Енді алдағы уақытат сайрамдық кәсіпкерлер тек Түркістанға емес, бүкіл Қазақстанды қамтуды көздеп отыр. Соның арқасында ауданның әлеуеті артады.

Сайрамда жеке кәсіпкерлер күн сайын көбейіп, кәсіптерін орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізіп кеңейтіп жатқаны – олардың жауапкершілігі артып, кәсібіне адалдық танытып отырғандығының белгісі. Сондықтан да мұндай азаматтарға қолдау көрсету ешқашан тоқтамау тиіс.

Құнарлы сүт өнімдеріне көрші облыстан да сұраныс көп
«Ауыл аманатының» шарапатынан кенелгендер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу