Құнарлы сүт өнімдеріне көрші облыстан да сұраныс көп
Қазақ халқы ағарғанды жиі тұтынады. Яғни сүт өнімдері мол сұранысқа ие. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сүттен бас тартпайды. Сондықтан да кәсіпкерлер сүт өнімдерін өндіру саласында нәпақасын табуға тырысады.
Бүгінде Сайрам ауданында осы саланы қолға алып, кәсібін дөңгелетіп жатқандардың қарасы мол. Соның бірі – «Утепова» жеке кәсіпкерлігі. Жақында «Утепова» ЖК мемлекеттен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен, жеңілдікті кезең 12 ай мерзімге, сүтті бағытта сауынды сиыр сатып алу бойынша жобасы мақұлдау алды. «Ауыл аманаты» - өңірлердегі ауылдық округтерге арналған бағдарлама. Яғни ауылдық округтердегі азаматтарды қолдап, оларға бастапқы көмек беру басты назарда. Себебі ауыл азаматтарының бизнес идеялары болғанымен, қолдарында қаражаттары жоқ. Осы тұста оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, олар көптеген мәселелерді оңтайлы шешіп, кәсібін аша алады. «Утепова» ЖК сауынды сиыр сатып алып, жұмысын жандандырмақ ниетте.
Бұған дейін «Утепова» жеке кәсіпкерлігі өзін осы салада сынап көрген. Бірнеше сауынды сиыр бағып, оның сүтімен отбасын асырап, ауыл тұрғындарының бір бөлігін табиғи, таза сүтпен қамтамасыз етті. Оның өнімі сапалы болғандықтан, оған сұраныс артты. Ал кәсіпкердің үйіндегі сиырлар сұранысты қанағаттандыруға физикалық тұрғыда қауқарсыз. Сол себепті де кәсіпкер мал басын ұлғайтып, кәсібін кеңейтпек ниетте болды. Бірақ оған қолда қомақты қаржы жоқ. Осыған байланысты кәсіпкер мемлекеттік құрылымға барып, Үкіметтен жеңілдетілген несие алу туралы мәліметтермен танысты. Оған арнайы жауапты мамандар бизнес жоба жасауға көмектесті. Нәтижесінде «Утепова» жеке кәсіпкерлігі комиссия алдында жобасын сәтті қорғап, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Қазіргі таңда ол жеңілдетілген несиеге қосымша сауынды сиырлар алып, қорадағы мал басын арттырды. Оларға арнайы күтім жасап, сауын мөлшерін көбейтуді көздеп отыр. Яғни сиырға арнайы жем-шөп беріп, дұрыс күтіп-баптаса құнарлы сүт береді. Ал құнарлы сүтке деген сұраныс өте жоғары. Клиент саны артады. Тіпті қазір сайрамдық жеке кәсіпкерлердің өнімдеріне тек Түркістан облысынан емес, көршілес жатқан Қызылорда, Жамбыл облыстарынан да сұраныс көп. Ол жақтан арнайы келіп, көтерме бағада алып кететін тұтынушылар аз емес. Сондықтан да Сайрамда санға емес. сапаға жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны көп десек қателеспейміз.
Жалпы сүттің денсаулыққа пайдасы зор. Сүт өнімдерінде кальций бар, сүйекті, тісті нығайтады, бұлшық еттің қызметін жақсартады, қанның түзілуі үшін қажет, тәннің жұқпалы ауруларға күресін күшейтеді. Сонымен қатар сүт адам ағзасын артық салмақ қосудан сақтайды. Сүттің құрамындағы кальций ағзадағы майдың желінуіне әсер етіп және оның жиналуына кері әсер етеді екен. Ал американдық ғалымдар майлылығы аз сүт жүрек ауруларына, әсіресе қан қысымының көтерілуі мен инсультке шалдығуды 50% кемітеді дейді. Сиырдың сүті несеп ауруларына пайдалы, ойды ұшқырлайды, уланғанда көмектеседі. Жапонияның Ұлттық институты жасаған зерттеулерінің қорытындысы бойынша асқазанның ісік ауруының болдырмауының алғашқы профилактикасы сүт тағамдарын қолдану болып табылады. Сүтті жөтелгенде, суық тигенде ішеді. Адам ағзасы уланған жағдайда да сүтті қолданады. Ауырған кезді тосып отырмай, күнделікті сүтті ішіп отырған денсаулыққа пайдалы.