Мал бордақылау ісі жанданды
Сайрам ауданы мал шаруашылығы үшін өте қолай мекен. Ауданда 220 мыңнан астам халық тұрады. Осынша халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысу аса маңызды. Аудан тұрғындары ет-сүт өнімдерін жиі тұтынады. Осы орайда кәсіпкерлер халық сұранысын қанағаттандыру үшін мал шаруашылығына ден қойып жатыр. Кәсібін жаңа бастағалы жатқан жеке кәсіпкерлер де өзін мал шаруашылығы саласында сынағысы келеді. Және де кәсібін дамытқысы келетіндер мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алып, айналысып жүрген кәсібінің ауқымын одан әрі ұлғайтуды қалайды.
Биыл жеке кәсіпкер Мурадхан Камалов «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ - нан «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде бұқа басын бордақылауға 13 200 000 теңге қаражатына қол жеткізді. Оған «TURKISTAN »Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Сайрам аудандық бөлімі мамандарының сүйемелдеуімен бизнес жоспарын әзірлеп, кепілге қою құжаттарын заңдастыруға және қажетті құжаттар тізімін жинақтауына көмек көрсетті.
Нәтижесінде жеке кәсіпкер Мурадхан Камалов кәсібін кеңейтті. Ол өз кәсібін осыдан 7 жыл бұрын бастаған. Бастапқыда мал бордақылаумен бастаған ол сүт өндірісіне де ден қойды. Бірақ оның негізгі табыс көзі бұқа малын бордақылаудан болып, кейінгі уақытта бар назарын осыған бөлді. Ол аудан тұрғындарын сапалы етпен қамтамасыз етіп жатыр. Халық Мурадханның қолынан шыққан етті алуға тырысады. Себебі ол мал бордақылауда табиғи әдіс-тәсілдерді пайдаланып, химиялық өнімдерге жоламауға тырысады. Химиялық жолмен семірілген малдың еті дәмсіз болады. Және ол клиенттерін тез тапқанымен, тез жоғалтып алады. Сондықтан да адал жолмен кәсіп істеген адамның жұмысы да берекелі болары анық.
Мурадханның айтуынша, мемлекеттен жылына 6 пайызбен берілген жеңілдетілген несие оның кәсібінің аяқтан тұруына орасан зор пайдасын тигізген. Қазіргі заманда 6 пайыз деген су тегін десек те болады. Әйтпесе көптеген банктер жеке кәсіпкерлерге жылына кемі 22 пайызбен несие береді. Сонда олар 4 жылда алған несиелерінің көлеміндей қаржыны қосып қайтарады екен. Бұл кәсіпкердің қалтасына өте ауыр соққы. Ал өз кәсібін дамыту үшін, банктен алған несиені төлеу үшін жұмыс істеп кетеді. Осының салдарынан елімізде шағын және орта кәсіпкерлік дамымай тұралап жатады. Мемлекеттің «Агробизнес» бағдарламасы – еліміздегі ауылшаруашылығын дамытуға арналған өте тиімді. Осы бағдарламаның арқасында несие алып, өңірде ауылшаруашылығымен айналысып, соның нәтижесінде еліміздің ауылшаруашылығын дамытып жатқандар көп.
Мурадхан бүгінге бірнеше адамды жұмыспен қамтып, оларға тұрақты жалақы төлеп отыр. Әрбір адам өз отбасын асырайды десек, Сайрамда мұндай кәсіпкерлер саны артса, олар мемлекеттен жәрдемақы күтпей, керісінше мемлекетке салық төлеп, халықты ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, пайдасын тигізеді.
Әзірге Мурадхан малды өз ауласындағы қорада бағып-қағып отыр. Жем-шөпті көтерме бағада алып, оны ауласындағы қоймаларда сақтайды. Қыс бойы малын осында ұстап, жазда алған жем-шөбімен асырайды. Өзінің бала-шағасы оған көмектесеп, кәсіпті отбасылық дәрежеге шығарды. Енді мемлекеттен алған 13 миллион 200 мың теңгеге өзінің жиып-тергенін қосып, жаңа қора-жай соғып, мал басын арттырғысы келеді. Яғни өз кәсібін жаңа деңгейге шығарғысы келеді. Қазір бір орында отыратын емес, күн сайын дамып-өөркендеп, алға жылжитын заман. Мурадхан да заман көшінен қалмай, мал бағуда соңғы технологияларды қолданғысы келеді. Әрине оның бәріне қаржы керек. Бірақ Мурадхан өз арманына ақырын жүріп, анық басып келеді. Алдымен ол осы несиені игеріп, оны шаруашылығына жұмсаған соң, алдағы уақытта мемлекеттің тағы да бағдарламалары болса, соларға қатысуға ниетті. Әрине бәрі заң шеңберінде болады. Мурадхан мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не берем деген қағидамен өмір сүргенді қалайды. Ол жеңілдетілген несиесін бизнес жоспардағы мақсатқа пайдаланып, еліміздің ет өндірісін алдыңғы қатарға шығарғысы келеді.
Жалы әлемде Канада, Ресей, Австралия елдері ет өнімдерін өндіруде алғашқы орындарда. Себебі олардың жерлері кең. Жайылымдық жерлері мол. Жем-шөп өндірісіне де жақсы. Қазақстанның да ауылшаруашылығы саласында держава болуға мүмкіндігі бар. Әзірге елімізде мал шаруашылығын мықтап қолға алып, оны жүйелі түрде жүргізетін жеке кәсіпкерлер саны аз десек болады. Осы орайда мемлекет «Агробизнес» жобасын қолға алып, кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуді бастады. Оған Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің қосып жатқан үлесі мол. Сайрам халқы өте еңбекқор. Үйде қол қусырып жата алмайды. Олар мемлекеттің нығметін пайдаланып, өзара тиімді келісімде жұмыс істеуден қашпайды. Ауданда Мурадхан секілді кәсіпкерлер саны артып келеді. Олар аға буын кәсіпкерлерден үлгі-өнеге алып, кәсіпкерлікті дөңгелетуге мүдделі.