«Ауыл аманатының» шарапатынан кенелгендер көп
Қазақстанда биыл жеке кәсіпкерлік саласына кең көңіл бөлініп жатыр. Себебі мемлекет тек қазба байлықтарға сенім артпай, жеке кәсіпкерлермен де тығыз жұмыс істеу керектігін біледі. Жеке кәсіпкерлер экономиканың драйвері екендігі бесенеден белгілі. Әлемдегі алпауыт компаниялардың барлығы кезінде жеке кәсіпкерлердің алғашқы бастамасымен жүзеге асқан. Сондықтан да елімізде жеке кәсіпкерлер тек өңірлік емес, республикалық, тіпті әлемдік деңгейдегі ірі алпауыт компанияның негізін қалауы әбден мүмкін. Қазақстанда қолынан іс келетін азаматтар өте көп. Әсіресе Сайрам ауданы бүкіл республикаға өзінің еңбекқор, табанды халқмен танымал. Сайрамда кәсіпкерлік саласы қыз-қыз қайнап, базарлары сапалы өнімге толып тұрады. Сайрамдағы базарлардан құс сүтінен басқасының бәрін табуға болады десек қателеспейміз.
Сайрамда бүгінде азық-түлік өндірісі жолға қойылған. Ал азық-түліктің негізі ауыл шаруашылығынан басталады. Сайрамдық кәсіпкерлер қораларында малды бордақылап, оны келесі кәсіпкерге табыстайды. Олар бордақы малдан шұжық, консерві, фарш секілді өнімдер дайындайды. Сондықтан да мал бордақылар ісі Сайрамда қанат жайып тұр.
Биыл Сайрамдағы «Мирзаев» жеке кәсіпкерлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен несие алып, жылқы басын көбейтуге ниетті екендігін айтты. Осы бағдарламаның арқасында ол кәсібін кеңейтпек ниетте. Себебі «Ауыл аманаты» бағдарламасы қаржысы жоқ, бірақ идеясы көп еңбекқор азаматтарға арналған. Осы бағдарлама арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлер саны бүгінге көбейіп келеді. Бұл көңіл қуантады. Жеке кәсіпкерлердің көбеюі – экономиканың нығайып жатқандығының көрінісі. «Мирзаев» жеке кәсіпкерлігі жылқы басын көбейту арқылы ауыл тұрғындарының етке деген сұранысын қанағаттандырып, оларға арзан бағада сапалы өнім ұсынады.
Гастроэнтролог Сая Абралинованың айтуынша, халық емінде жылқы майы өт жолдарын тазартуға, буын суйек ауруларын емдегенде қолданып жүр. "Жалпы жылқы майының емдік қасиеті соңғы кезде медицинада үлкен қызығушылық танытып жатыр. Ал сиыр етіне келетін болсақ ол жылқы етіне қарағанда ұзақ қорытылады. Сиыр етінің майында қаныққан май қышқылдары басым. Майы қатып тұрады және ағзаға түскенде қайта холестериннің үлесінің артуына себеп болады. Сиыр етінде гемоглобин, ақуыз, дәрумендер жылқы етіне қарағанда әлдеқайда аз", - дейді гастроэнтеролог. Сая Сүйенішқызы жалпы жануар еті мен майы ағзамызға өте пайдалы ақуыз, нағыз қажет энергия, күш беретінін, иммунитет көтерілетінін айтады. "Ақуыз жасушалардың құраушы негізі. Жануар майы ағзамызға тоқтық сезім береді, медициналық тілмен айтқанда - инсулинге төзімділік болмайды. Қант диабетінің қалыптасуын болдырмайды", - дейді маман.
"Ең сіңімді, жеңіл және дәрумендерге бай, ол жылқы еті. Одан соң сиыр еті, содан кейін қой еті екен. Жылқы етінде шеміршек аз, арасына май жиналмайды. Жылқы малы жасына қарай семіреді. Жасы үлкейген сайын етінің майлылығы да арта түседі. Жылқының еті (жая) эритроциттерге бай. Сондықтан оның құрамында гемоглобин ақуызы молынан бар", - дейді дәрігер.
Ауданда «Миразев» секілді жеке кәсіпкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Мемлекет идеясы мол азаматтарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Ең бастысы олар бизнес идея жазып, оны тиісті органдарға ұсынса болды, ары қарай кәсіпкерге не істеу керектігі туралы нұсқаулықтар беріліп, оған көмек көрсетіледі. «Мирзаев» жеке кәсіпкерлігі БАҚ арқылы «Ауыл аманаты» туралы бағдарламамен танысып, өз бағын сынап көруді мақсат тұтаты. Нәтижесінде бағы жанып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Енді ол осы несиені сауатты жұмсап, қажетті мал басын алып, оны көбейтпек. Мал басы көбейсе, түсетін табыс та көбейеді. Бірақ ең бастысы жауапкершілік артады. Жауапкершіліктің үдесінен шыға білген кәсіпкер – мемлекеттің іргесін одан әрмен нығайтады десек қателеспейміз.