Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Елімізде атом электр станциясы салына ма? Оның ел экономикасына, қоршаған ортаға тигізер әсері қандай? Елімізде атом электр стансасын салу бойынша референдум өте ме? Бұл көптің көңілінде жүрген сұрақ. Осы сұрақ төңірегінде «Достық» үйінде Атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.
Жалпы атом энергетикасын дамыту мен атом электр станциясын салу жайында қоғамдық кездесулер бұған дейін Өскемен, Көкшетау, Түркістан мен Алматы қалаларында ұйымдастырылған. Жария талқылаудың басты мақсаты – атом электр станциясы туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап беру. Жария талқылауға облыстық және қалалық қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар филиалдарының төрағалары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, этномәдени бірлестік басшылары, белсенді жастар, өңірлік университеттердің ғалымдары мен студенттері, энергетика саласының мамандары қатысты.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, жүргізді. «Атом электр станциясы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу туралы халықтың пікірін біліп, алдағы уақытта оны референдумға шығаруды көздеп отыр. Дәл қазір референдумның қай уақытта өткізілетіні белгісіз. Сол үшінде алдымен халықтың ойы мен пікірі маңызды», - дей келіп ол алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсаловаға берді.
- Жыл сайын елімізде электр энергиясына деген қажеттілік 3 пайызға өсіп отыр. Сол себепті, басқа көршілес мемлекеттерге тәуелді болып қалмас үшін, өз елмізде атом электр станциясын салу керек. Алдағы 10 жылдан кейін бізге электр қуатын қосымша артыру керек болады. Қазір елімізде «Жасыл» экономика аясында 148 нысан жұмыс істеп тұр. Олар күн, жел, су және қатты отынмен электр қуатын өндіретін электр станциялары. Оның 70 пайызы қатты отын, мазут және газдың күшмен электр энергиясын өндіруде. Бүгінгі күні басымдық «Жасыл» экономикаға берілуде. Ал қатты отынмен қуат өндіретін станциялардың табиғатқа тигізіп жатқан зияны өзалдына бөлек тақырып. Халықтың электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз ету үшін бізге атом электр стансасы қажет. Жалпы әлемнің 32 мемлекетінде 421 электр өндіретір реактор жұмыс істеп тұр. Қытай мемлекетінде 54 реактор болатын болса, олар енді 28-ін салуда. Жалпы бүгінгі күні Үкіметіміздің көміртегісіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде уран өндірісінің шикізат пен өндірістік базасының болуы, республикамызда атом энергетикасы саласын дамытуға мүмкіндіктің мол екенін көрсетеді. Дегенмен бізге атом электр стансасының қажеті бар ма, жоқ па оны халық таңдайды. Ол референдумда белгілі болады, – дейді Гүлмира Мурсалова.
Кездесу барысында энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ядролық физика институтының мамандары еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігі, атом электр станциясын салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ атом саласының мамандары жаһандық атом энергетикасының жағдайымен және заманауи қауіпсіз ядролық технологиялар арқылы елімізде энергия тапшылығын азайту жоспарлары туралы айтты.
Жалпы атом электр станциялары «жасыл» энергия көзі болып саналады. Мамандардың айтуынша, қуаты 1000 мегаватт атом электр станциясының жұмысы жыл сайын парниктік газдар шығарындыларын 4 миллион тоннаға азайтады. Сонымен қатар, атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына септігін тигізеді және осы саламен сабақтас салаларда жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
- Халық арасында атом электр станциясы жайында түрлі пікір қалыптасқан, көбісі оны экологияға және адам денсаулығына қауіпті деп ойлайды. Атом станциясының жылу электр станциясынан айырмашылығы біреу ғана. Жылуда көмір қазандығы болса, атомда ядролық реактор тұрады. Атом станциясы суды көп пайдаланады, зиянды қалдықтары көп деген уәждердің барлығы шындыққа жанаспайды. Атом электр станциясына қарағанда жылу электр станциясынан бөлінетін зиянды қалдық әлдеқайда көп. Сондықтан атом энергетикасы жасыл энергия көздеріне жатады, - деді «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының бас инженері Асуан Сиябеков.
Ал елімізде атом электр станциясы салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз ету, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма деген сауалға Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев жауап берді. Ғалымның айтуынша, атом саласы еліміз үшін таңсық дүние емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ, ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының мамандары шетелдік әріптестерінен білім мен біліктілігі жағынан еш кем түспейді. Бұл орталықтар атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыстар істеуде екен. Олардың жұмыстарының нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр станциялары жобаларында ескерілген.
- Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы ұстанымын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Ядролық физика институты негізінде 57 жыл бойы қазақстандық су-сулы реакторы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл республикасындағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты – іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша зерттеу реакторы. Ол елімізде атом электор станциясын салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпүлгісі болып табылады, - дейді С. Сахиев.
Ғалымдардың айтуынша, атом электр станциясын Алматы облысының Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылында орналастыру жоспарланған. Ол станцияның салыну-салынбауы референдумда белгілі болады. Дегенмен бізде өндіріске қажетті өндіріс қоры жеткілікті. Егер елімізде атом электр станциясы салынатын болса екі мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Ал еліміз өндірілетін және нарыққа жеткізілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1 орында. Әлемдік барлық уранның шамамен 40 пайызы біздің елдің аумағында өндіріледі. Ал табиғи уран қоры бойынша Қазақстан әлемде 2 орын алады. МАГАТЭ деректеріне сәйкес, елдің қоры 900 мың тоннадан астам деп бағаланады. Ал Өскемен қаласында 1949 жылдан бері Үлбі металлургия зауытында уран, бериллий, тантал және ниобий өндіріліп, шетелге экспортталады. Ал 2021 жылы осы зауытта француздық Framatome технологиялары негізінде ядролық отын өндіретін «Үлбі-ТВС» заманауи зауыты іске қосылды. Шикізат қоры өзімізде дайындалғанымен шет мемлекеттерге өткерілуде.
Жиын барысында атом электр стансасын салу мәселесі төңірегінде қоғам белсенділері, үкіметтік және қоғамдық ұйым мүшелері, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Ғалымдарға сұрақтар қойылды. Жалпы Тараз тұрғындары жан-жақты пікір айтып қана қоймай, атом энергетикасы туралы толығырақ түсінік алуға, мамандардың пікірін, жауабын тыңдауға мүмкіндік алды.