Бәйтерек ауданындағы үш ауылдық округ әкімі лауазымына 11 кандидат тіркелді

Oinet.kz 05-06-2024 67

Батыс Қазақстан облысының сайлаушылары халықтың үдесінен шығып келеді. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қанша сайлау өткізілсе де батыстықтар бөле жарып, руға, туыстыққа бұра тартпай әділ сайлау өткізіп, өзгелерге үлгі бола білді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаковтың айтуынша, өңірде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, 7 шілдеге қойылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерін сайлау Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе және Теректі аудандарында өткізілгелі отыр. 

Screenshot_15.jpg

- Алдымызда тұрған әкімдердің сайлауы облыстың Бәйтерек ауданының Дариян, Құрманғазы және Рубежин,  Бөкей Ордасы ауданының Темір Масин, Қаратөбе ауданының Аққозы мен Қаратөбе, Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округтеріне белгіленген. Елімізде биыл үшінші жыл қатарынан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлауда. Мемлекет басшысы тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан сайлау бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Қазір жоғарыда аталған аудандарда ауылдық округ әкімі лауазымына кандидаттар тіркелді. Тіркеу жұмысының аяқталып, сайлауға түсетін кандидаттар тізімі белгілі болды, - дейді комиссия төрағасы Ғайса Капаков.

Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Бикет Нығметовтың айтуынша, ауданға қарасты Рубежин, Құрманғазы мен Дариян ауылдық округі әкіміне барлығы 11 кандидат тіркелген. Оның екеуін Amanat партиясы ұсынса, 9 өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың үшеуі әйел. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 14-бабының 8-1)-тармақшасына, 113-5-бабына сәйкес, Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылдың 14 маусым күні Бәйтерек ауданы Рубежин ауылдық округі әкіміне келесі кандидаттарды тіркеді. Округ әкімі сайлауына Amanat партиясы партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің консультанты, 1987 жылы дүниеге келген Нұржан Ғалымжанұлы Аткешовты ұысыған.  Екінші кандидаттың есімі Нұрсәуле Әуелбекқызы Есенғалиева. 1991 жылы туылған ол Бәйтерек ауданының мансап орталығының директоры болып жұмыс істесе, үшінші кандидат уақытша жұмыссыз жүрген 1981 жылы туған Арман Юрьевич Жұмағалиев. Төртінші кандидат Мәулет Нәсиболлаұлы Мұхтаров. 1984 жылы туған ол Бәйтерек ауданының Переметный ауылдық округі әкімінің орынбасары. Бұл үш кандидат та өзін-өзі ұсынғандар.

Ал Құрманғазы ауылдық округі әкіміне үміткерлердің қатарында округтің әкімі Әдемі Құбышқызы Жұманиязова бар. 1982 жылы туған оны Аmanat партиясының Бәйтерек аудандық филиалы ұсынған. Өзін-өзі ұсынғандардың бірі Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бас инспекторы Асылбек Ғайсаұлы Асанов болса, екіншісі Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Римма Максутовна Нигметова. 

Дариян ауылдық округі әкіміне кандидаттардың барлығы да өзін-өзі ұсынғандар. Оның бірі округтің экс әкімі Тілек Насырұлы Какенов болса, келесісі Батыс Қазақстан Облысы әкімдігі денсаулық басқармасы «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ МКК медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі директорының орынбасарының міндетін атқарушы Төлеби Болатұлы Бегеев. Үшінші және төртінші кандидаттар Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің және Бәйтерек ауданы мемлекеттік сатып алулар бөлімінің басшысылары Нұрсұлтан Әлібекұлы Қонашев пен Асылбек Нұрлыбекұлы Омаров. 

- Мемлекет басшысы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін сайлауын өткізу жайын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында жан-жақты анықтап, түсіндіріп айтқан болатын. «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн. Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. «Amanat» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады», - дейді Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында. Міне, біздің өңірде де жыл басынан бері бірнеше сайлау өткізілді. Әлі де өткізілуде. Жоғарыда байқағандарыңыздай кандидаттардың барлығы да жоғары білімді. 11 кандидаттың екеуін Amanat партиясы ұсынған болса, өзін-өзі ұсынғандардың да осалы жоқ. Алдағы сайлау да сайлау талабына сай ұйымдастырылып, халық өз таңдауын жасайды деген сенімдеміз. Сайлауда бұра тарту болмайды. Халықтың көңілінен, талабынан шыққан кандидат қана мақсатына жетеді. Халықпен бірлесе, етене жұмыс істейтін болады, - дейді Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Бикет Нығметов. 

АЭС салуда халықтың ойы мен пікірі маңызды
Үш ауданнан 4 округке 12 кандидат ұсынылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу