Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Батыс Қазақстан облысында жылбасынан бері бес-алты қайтара өңір аудандарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілді. Соңғы сайлауда да облыс халқы ұйымшылдық көрсетіп, аудандарда өткен ауылдық округ әкімдерін таңдауға, лайықты кандидатты сайлау бір кісідей атсалысты.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаковтың айтуынша, Бәйтерек ауданынан бөлек, Бөкей Ордасы ауданының Темір Масин, Қаратөбе ауданының Аққозы мен Қаратөбе, ал Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округ әкімдерінің де сайлауы 7 шілдеге қойылған.
«Сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың пікірі. Демек әділ қоғам құрудың алғышарты мен іргетасы осы ауылдық округ әкімдерін сайлаудан бастау алары анық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты ұстанымы да осы. Ауыл әкімдерін сайлау – «Жаңа Қазақстанды» құруға үлкен мүмкіндік деген тоқтамға келуге болады. Дегенмен халық тұрмысын жақсарту үшін қандай да бір өзгеріс қажет болса, сайлаудың әділ өтуі маңызды. Ол халыққа да байланысты. Руласын, туысын тағайындамай, елге шын жаны ашитын азаматты таңдау қажет. Ол үшін сайлауға түсетін кандидатқа туысым, бауырым да қарамау керек. Міне, бүгінгі сайлаудың талабы осы болса ол үдеден батыс қазақстандықтар шығып келеді. Мұны айтып отырғандағы себебім, мұның алдында ғана 26 мамырында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы Казталов ауданының Қошанкөл ауылдық округінде ұйымдастырылып, талапқа сай өткізілген болатын. Ал 2 маусым күні ауылдық округтердің сайлауы өңірдің Орал қаласы мен Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінде, Бөрлі ауданының Бумакөл ауылдық округінде, Жәнібек ауданының Қамысты ауылдық округінде, Тасқала ауданының Достық ауылдық округінде, Орал қаласының Деркөл кентінде әкімдерінің өкілеттігі аяқталуына байланысты және Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінде округ әкімдерінің сайлаулары тағайындалып, өткізілді. Сайлау қорытындысында үш ауылдық округтің әкімі өз орындарын сақтап қалса, қалған округ әкімдері жаңадан сайланды. Ендігі, 7 шілдеге белгіленген ауылдық округтер бойынша да кандидаттар тіркеліп, үміткерлердің есімдері белгілі болды, - дейді комиссия төрағасы.
Оның айтуынша, Бөкей ордасы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Темір Масин ауылдық округі әкімінің лауазымына үш кандидат тіркелген. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың бірі әйел. Ол Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ләззат Ерболатқызы Анесова. Ал келесі кандидаттардың бірі Мұратсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мирас Сагингалиұлы Карагойшин болса, екіншісі Бөкей ордасы аудандық демалыс орталығы мемлекеттік комуналдық қазынашылық кәсіпорынының директоры
Қуандық Елтайұлы Рашкалиев.
Ал Қаратөбе ауданының Қаратөбе және Аққозы ауылдық округтері әкіміне барлығы 6 кандидат тіркелген. Екеуінің кандидатурасын Amanat партиясы ұсынса, төрт кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Әуелі Қаратөбе ауылдық округіне тоқталсақ. Мұнда Amanat партиясы ұсынған кандидат Қаратөбе аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Ермек Бекболатұлы Сайнов. Ал өзін-өзі ұсынғандардың бірі «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы Бекжан Турсынгалиұлы Койшекенов болса, екіншісі Қаратөбе ауданы әкімі аппартының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Нуржан Хамидуллиевич Сахипов. Аққозы ауылдық округі әкімінің лауазымына ұсынылған кандидаттың бірі Аян Қуанышқалиұлы Еңсепов. 1996 жылы туған ол Қаракөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. Ал өзін-өзі ұсынған келесі үміткер Елдос Ерланұлы Орынғалиев Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы. Amanat партиясының қолдауына ие болған Асхат Жанибекұлы Тойшыбаев осы округ әкімі аппаратының бас маманы.
Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округі әкімінің лауазымына тіркелген үш кандидаттың бірін, «Адильханов К.А.» жеке кәсіпкерлігінің басшы Қайрат Алтайұлы Адильхановты Amanat партиясының Теректі аудандық филиалы ұсынды. Өзін-өзі ұсынғандардың бірі Покатиловка ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Меркин Тулешович Кубашев болса, екінші үміткер Ақсоғым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Саясат Максутович Нуменов.
- Көріп отырғандарыңыздай 3 ауданнан ұсынылған 4 ауылдық округте ауылдық округ әкіміне үміткер ретінде 12 кандидат тіркелген. Оның 3-ін Amanat партиясы ұсынған болса, 9-ы өзін-өзі ұсынғандар. Олардың біреуі ғана әйел. барлығы да жоғары білімді. Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі десек, сайлаудың маңыздылығы тіпті арта түседі. Өйткені сайлау таңдау жасаудан бұрын, азаматтық құқықтық қатынасты жүзеге асыратын мүмкіндік. Саясатқа араласу, партия құрып, көшеге шығу деген сөз емес. Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады. Міндетті түрде саяси сауатты болудың қажеті жоқ. Өзінің тұрмысын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, отбасының болашағын ойлаған адам міндетті түрде сайлауға қатысып, дауыс береді және саясатты түсінеді.
Өкінішке қарай, азаматтар мен сайлаушылар арасында еліміздегі сайлау жүйесіне деген сенімсіздіктің қалыптасқаны рас. Осы жағдайды есепке ала отырып, жауапкершілікті сезініп, біз сайлауды таза, адал, әділ өткізуге тырысуымыз керек. Ел азаматтарының сенімін туғызғымыз келсе, алғашқы қадамды бастау керек. Өйткені қазіргі сенімсіздік келешекте Тәуелсіздігімізге, мемлекеттілігімізге үлкен зиян әкелуі мүмкін. Екінші мәселе, ең бірінші мұндай мәселені жастар айтуы керек. Адамдар өз құқығын қорғауға бет бұрған сайын мемлекет дами береді, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарады. Сайлауға ешкімді қинап апара алмайсың, ол – әр адамның таңдауы. Бірақ көзі ашық кез келген азамат сайлаудан тыс қалмайды деп ойлаймын. Қазір Президентіміздің тапсырмасымен қала, аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдерінің сайлаулары өткізілуде. Мұндай сайлау біздің облыстың аудандарында да өткізіліп жатыр. Халық ол сайлауларда өз таңдауларын жасады. Менің бір байқағаным халық «Менің даусым ештеңе шешпейді», «Мен дауыс бергім келген адам тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде кететін кезден өтті. Немқұрайлылыққа салынбай, сайлауға қатысып, дауыс бергендер көп болды. Өткен сайлаудан мен соны байқадым, - деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Капаков.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ендігі кезекте 7 шілдеге 4 ауданның 7 ауылдық округінде белгіленген сайлауды үлкен жауапкершілікпен өткіземіз деген сенімде. «Облысқа қарасты төрт ауданның халқы өздерінің ауылдық округтерінде өткізілгелі отырған округ әкім¬дерін сайлауына бір кісідей қатысады деген сенімдемін» дейді көмиссия төрағасы.