Сайрамда сайлау өтеді

Oinet.kz 06-06-2024 60

Түркістан облысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жалғасуда.  Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Садық Кенжебаевтың айтуынша, Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық округінде 7 шілдеге белгіленген ауылдық округі әкімінің сайлауына дайындық басталып кеткен. Бүгінгі таңда кандидаттар тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 

Screenshot_17.jpg

- Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау 2012  жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау біздің ауданда да бұған дейін бірнеше рет ұйымдастырылып, өткізілді. Қазір аталған округтегі сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Дегенмен қазіргі таңда сайлау жүйесі, оның талаптарында өзгерістер бар. Бір жағы учаскелік сайлау құрамы үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сол үшін де олардың сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отыру маңызды. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне көп ақпарат беріледі. Мұндай семинар жуырда Асукент ауылдық округінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін де ұйымдастырылып, өткізді. Сөйтіп онда сайлауға қойылып отырған талаптар жан-жақты түсіндірілді, - дейді ол. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақсукент ауылдық округіне кандидаттар тіркеліп, сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы округ әкіміне үміткер ретінде тіркелген кандидат саны үшеу. Оның бірін Amanat партиясы ұсынса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Атап айтар болсақ, Amanat партиясы ұсынған кандидат Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Абайұлы Нурлыбаев. Ал өзін-өзі ұсынғандардың бірі Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Рүстемұлы Құралбеков болса, екіншісі  Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» каммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Сайрам аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Абзал Дәулетәліұлы Қазанқапов.  

- Бүгінгі таңда Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған. Яғни «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Сайлау талабына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс, - дейді Садық Оңғарұлы.

Оның айтуынша, соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар  кандидат бола алмайды. «Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады. Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.

Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. 7 шілдеге белгіленген Ақсукент ауылдық округіне кандидаттар жоғарғы талаптың барлығына сай келгендіктен сайлауға жіберіліп отыр.

Ал ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланады», - дейді Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Садық Кенжебаев.

Үш ауданнан 4 округке 12 кандидат ұсынылды
Қызылорда облысының Шиелі ауданында 6 кандидат тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу