Қызылорда облысының Шиелі ауданында 6 кандидат тіркелді

Oinet.kz 06-06-2024 52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудан, қала мен ауылдық округ әкімдерін сайлау үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мұндай сайлау Қызылорда облысының аудандарында да өтуде. Алдағы арпталарда Шиелі ауданының Ақмая мен Тұран ауылдық округі әкімінің заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2024 жылдың 7 шілдесіне сайлау өткізу белгіленген. Шиелі ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Дулатовтың айтуынша, сайлауалды дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

Screenshot_18.jpg

Президентіміздің тапсырмасымен қазіргі сайлау жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілді. Оны кез келген, әсіресе жаңадан құралған сайлау учаскесінің мүшелері біле бермеуі де мүмкін ғой. Бір жағы учаскелік сайлау құрамы үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сол үшін де олардың сауаттылығы мен біліктілігін арттырып отыру маңызды. Олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Онда учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне көп ақпарат беріледі. Мәселен, жуырда аумақтық сайлау комиссиясы Ақмая ауылдық округінің учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізді. Сөйтіп онда сайлауға қойылып отырған талаптар жан-жақты түсіндірілді, - дейді ол. 

Оның айтуынша, кандидат тіркелу үшін саяси партиялар ұсынған кезде азаматтың кандидат болуға келісімі, өмірбаяндық деректері, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органынан анықтамасы, ҚР мемлекеттік қызметіне кіретін азаматты арнайы тексеру үшін қажетті құжаттарды, саяси партияның сайлау жарнасын енгізгендігін куәландыратын құжат, кандидаттың саяси партияға мүшелігін растайтын құжат ұсынуы қажет. 

Ал өзін өзін ұсынған адам кандидат болып дауысқа түсу туралы өтініші, өмірбаяндық деректер, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органынан анықтамасы, ҚР мемлекеттік қызметіне кіретін азаматты арнайы тексеру үшін қажетті құжаттарды, сайлау жарнасын енгізені туралы құжат ұсынуы тиіс. 

Сонымен қатар сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысының қолдауына ие болғандығын растайтын аумақтық сайлау комиссиясының анықтамасын да ұсынуы керек. Ал аудан әкімі кандидатты ұсынған кезде жоғарыда аталған құжаттармен қатар арнаулы ұсынысы қоса берілуі тиіс екенін айтты.

Сонымен жоғарыдағы талаптарды толық орындаған Ақмая ауылдық округі әкімі болуға үмітті кандидаттар тіркелді. Үш кандидаттың бірін Amanat партиясынан, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Өзін-өзі ұсынған Нурильдаев Жандос Нурбаевич пен  Әбусәдір Бағдат Абайұлы. Ал Amanat партиясынан Бейсембаев Ғалымжан Қайырбекұлы ұсынылып отыр. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 14-бабы 8-1) тармақшасына, 113-5-бабына сәйкес Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен Тұран ауылдық округі әкіміне үш кандидат ұсынылған. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар. ОларПарманкулов Максут Азимханович, Оспанов Дәурен Әуезұлы мен Қадыров Нұржан Исабекұлы.  

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды. Бүгінгі таңда әкімге үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Біріншісі саяси партиялар арқылы. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінен бір ғана үміткерді ұсынуға құқылы. Екіншісі дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде 1 пайызы қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте сайлауға кандидаттар тіркелмеген не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидат ұсынуға құқылы. Талаптарға сәйкес, әкімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Өкім лауазымына мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін және 25 жастан кем емес Қазақстан азаматы сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен етелмеген, алынбаған соттылығы бар немесе заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі бар адам әкімге кандидат бола алмайды. Тағы бір айта кететін мәселе сайлауға қатысу үшін өзін-өзі ұсынған кандидаттар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы құрылымның шотына 350 мың теңге мөлшерінде жарна аударуы қажет. Бұл қаражат кандидат сайлауда жеңіске жетіп, аудан әкімі болып сайланған жағдайда немесе сайлаушылардың 5 пайыздан астам дауысын жинаса қайтарылады, - дейді Шиелі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Дулатов.

Сайрамда сайлау өтеді
Маңғыстау облысында халық өз таңдауын демократиялық тұрғыда жасайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу