Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Сайлау қашан да – елге сын, ұлтқа жауапкершілік жүктейтін, азаматтық позицияға тың серпін беретін ертеңнің ісі, болашақтың бағдары. Өйткені, сайлау елді біріктіретін, ойды тоғыстыратын сын мен сынақтан әбден ысылған саяси құрал.
Ал, бұл сайлаудың негізгі идеясы еліміздің баға жетпес қазынасы бірлік пен ынтымақтың, татулық пен келісімнің маңына топтасу идеясы. Соның бастауында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы тұр. Соның ішінде Абай облысының тұрғындары да ауылдық округ әкімдерінің сайлауына белсене қатысып, өз таңдауларын жасауда өзге өңірлерге үлгі көрсетіп келеді.
Абай облысында бір ай көлемінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің екі сайлауы өткізілді. Оның бірі 19 мамырда өткізілсе, соңғысы 9 маусымда болды. Ендігі сайлаулар 30 маусым, 7 шілде мен 21 шілдеге қойылған.
Бородулиха аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Харченконың айтуынша, алдыңғы аптаның жексенбісі 9 маусымда өткен сайлау қорытындысымен Дмитриевка ауылдық округінің әкімі сайланған. Дмитриевка сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 754 сайлаушы енгізілсе, оның 604-і сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасаған. Дмитриевка ауылдық округінің әкімі болып Нурлыбеков Кайрат Кенесбекұлы сайланған болатын.
«Ендігі кезекте 7 шілдеге белгіленген Степной ауылдық округі әкіміне кандидаттар анықталды. Ауылдық округі әкіміне үш кандидат тіркелді. Оның біреуін Amanat партиясы ұсынған болса, екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Тіркелген кандидаттардың бірі әйел. Ол 1980 жылы туған Жезкент кенті аппаратының бас маманы Зульфия Мамырбаева. Amanat партиясы ұсынған кандидат округтің әкімі, 1984 жылы дүниеге келген Адильбек Халиоллаевич Жунисов. Үшінші кандидаттың есімі Асқат Құмарұлы Құрманбаев. Кандидаттардың барлығы да жоғары білімді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Қазір олар округте тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Халық округтің жаңа әкімін өз қалауларынша таңдап алады деген сенім бар, - дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Харченко.
Оның айтуынша, сайлауға кандидатарды тіркемейтін жағдайда болады. Яғни қандай жағдайда кандидат бола алмайды? Атап айтар болсақ, біріншіден, сот шешімі бойынша жазасы өтелмеген немесе алынбаған адам, екіншіден сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық үшін кінәлі деп танылған адам. Осы талаптар үнемі ескеріліп отырады.
Жалпы округ әкімдігінен үмітті кандидат 25 жастан асқан Қазақстан азаматы болуға тиіс. Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлауға 10 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарға тиісті куәліктер береді. Тіркелгеннен кейін бесінші күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кандидатты тіркеу туралы хабарлама жарияланады. Ал сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлау күніне 10 күн қалғанда кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады. Сайлау болатын күннің алдында жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады.
«Әдетте дауыс беру күні демалыс күніне сәйкес келеді, бұл сайлаушыларға жұмыс уақытында алаңдамау үшін ыңғайлы. Менің ойымша, бұл тәжірибе дұрыс және оны жалғастыра беруіміз керек. Сонымен қатар бұл науқанның айырмашылығы – сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өтеді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауын тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы тағайындайды. Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы – бір ай. Сайлау әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын белгіленеді және кемінде 10 күн бұрын өткізіледі. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады. Ұсыну мерзімі сайлау өтетін күнге 15 күн қалғанда, сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін бір ғана кандидат тіркелген болса сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады. Бұл жерде кандидаттарды кімдер ұсынады деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Атап айтқанда, біріншіден – саяси партиялардың мүшесі ретінде саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсына алады. Екіншіден, әрбір кандидаттың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ол тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуға тиіс. Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін бір ғана кандидат тіркелген болса, онда сайлау комитеті кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады және аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кемінде екі кандидат ұсынуға құқылы», - дейді С.Харченко.