Алты жыл жалданып жұмыс істеп, өз кәсібін ашты
Бүгінде мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін ашып, халықты жұмыспен қамтып отырған жандар жеткілікті. Солардың бірі жас кәсіпкер Ұлан Айтымбетов – мемлекеттің «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша несие алған. Ол Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында «Сапарбек» техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, жұмыс жасауда.
Ұлан алғашқыда тәуекелге бел буып «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрмек болады. Осылай бизнес-жоспары қабылданып, «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан несие алады. Кәсіпкер несие қаражатына май ауыстыру орнына арнап гараж салады. Сосын желімдеуге, көліктің жүріс бөлігін реттеуге және май ауыстыруға арналған құрал-жабдықтар сатып алады. «Бала кезден дүкен ашып, сауда жасағанды ұнаттым. Бірақ мамандық алу шарт қой, сондықтан оқи жүріп жұмыс істедім. Қаладағы май ауыстыру бекетінде жұмысшы болып жүргенімде екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыздар қатарын арттырған жастарды көріп көңіл қынжылатын. Біреуге жалданып, алты жыл бойы төмен жалақы алдым. Сөйтіп бір күні ауылдан өз кәсібімді неге бастамасқа деген ойға келдім. Қазір менің кәсібім – көліктердің майын ауыстыру. Бүгінде ауқымын кеңейтіп, аудандағы бірнеше мекемелермен келісім-шарт жасасып та қойдым. Үш адамды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырмын. Жұмыссыз жастарды жеке кәсіп ашуға, еңбек етуден қорықпауға шақырамын», – дейді жас кәсіпкер.
Ұлан жоғарыда аталған бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен 60 айға 2 миллион теңге мөлшерінде несие алыпты.
Жалпы, биыл Түркістан облысында индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылыпты. Осы жобалардың нәтижесінде 1500-ден астам жұмыс орны құрылып, өнеркәсіп өнімі мен қызмет көрсету көлемі 920 миллиард теңгеге жетіп отыр.