Орташа тап – тұрақтылықтың кепілі
Көрнекі фото
«Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Теңгенің қауқары және халықтың әлеуметтік жағдайы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел басына жиналғандар девальвацияға байланысты облыс көлемінде болып жатқан өзгерістер мен халықтың бүгінгі жағдайы туралы өз ойларын ортаға салды. «Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Анарбек Орман өзінің дөңгелек үстелдегі кіріспе сөзінде: «Өздеріңізге белгілі үстіміздегі жылдың тамыз айында ұлттық валюта еркін өзгермелі айырбастау бағамына көшті. Мұны солай деп атағанмен, іс жүзінде – девальвация басталды. Кейбір деректерге қарағанда теңге теңге болғалы долларға қатысты 40 есе арзандағанын көрсетіп отыр» - деді.
Девальвацияның қоғамға тигізер әсерін зерделей келе партия филиалының төрағасы А.Орман: «Біз өзге елдер сияқты экономикамыз дамып, шетелдерге экспорт шығарып, өзімізді өзіміз отандық өнімдермен қамтамасыз етіп отырған ел емеспіз. Импортқа тәуелдіміз, негізгі тұтыну тауарларымыз (оргтехника, киім т.б.) шет елдерден әкелінеді. Біздің өзіміздің өнеркәсіп орындарының 100 пайыз жұмысының кемінде 70 пайызы шет елдік шикізаттармен қамтамасыз етіледі. Доллардың қымбаттауы осындай өндірістік орындарда жұмысшылар санының қысқаруына алып келеді. Сондықтан девальвация қарапайым халыққа қиыншылықтар әкелуде.
Девалвацияның қоғамға кері ықпалы мен теңгенің құнсыздануына себеп болып отырған фактор ретінде орта және шағын бизнес саласының мешеу қалғаны тілге тиек етілді. Өз сөзінде Анарбек Орман: «Дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын шағын және орта бизнес өндіреді, ал бізде ол көрсеткіш – 20 пайыздың төңірегінде. Барлық кінарат осында жатқан сияқты. Халыққа қажетті тауарлар өзімізде өндірілмей, қазіргідей импортқа тәуелді болып отырған жағдайда, теңгенің тұрақтауы қиын соғады» - деді. Сондай-ақ, «Ақ жол партиясының облыстық филиалының төрағасы Орман мырза девальвация жағдайында тығырықтан шығу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Біріншіден – ең маңызды міндет жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу керек, жұмыс орындарын қысқартуды тоқтату керек. Мәселені шешудің бір тетігі – квазимемлекеттік сектор болмақ, себебі бұл сектордың сатып алу көлемі мемлекеттік сатып алу көлемінен 5 есе көп, жылына орташа 7-8 триллион долларды құрайды.
Екіншіден – салықтықтық ынталандыруды іске асыру. Бүгінгі таңда сатудың әрбір кезеңінен сатылық әдіспен 5 пайыз салық төлету туралы қазыналық органдар ұсынып отырған пікір мүлдем қате, ақжолдықтар бұған қарсы. Себебі мұндай жағдайда, өнім шығарып сатқаннан гөрі, дайын өнімді шет елден алып келу, дайын тауарды сату әлдеқайда тиімді болады да, ол өз кезегінде отандық өнім шығарудың тоқырауына әкеп соғады. Шетелден алып келген тауарға салынатын салық 10 пайыз болса, отандық өнімге – 15-20 пайыздық салық салынып, қазақстандық өндірушілерге салықтық қысым күшейтіледі.
Үшіншіден – инвестициялық климатты жақсарту керек. Инвестиция туралы көп айтылып, жазылып жүрген жағымды хабарларға қарамастан, шын мәнінде Қазақстанға келген инвесторлар құжаттарды рәсімдеу үшін сансыз әкімшілік құрылымдардың бөлмелері арасында жүгіруден шаршап, соңында кәсібін ашпастан, еліне қайтып кететін жағдайлар да кездеседі.
Тағы бір маңызды мәселе – экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайдың нашарлауына әкеп соғатын қатерлі дерт – сыбайлас жемқорлық. Еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де ішкі өнімнің аз болуына және теңгенің тұрақсыздануына кері ықпалын тигізіп отырғаны анық.
Сондықтан, осы дерттің алдын алып, әркім өзінің айналасын таза ұстап отырса, нарықтық қиыншылықтардан да дұрыс жол тауып шығуға, жағдайды түзеуге болады.
«Қазснаб» компаниясы директорлар Кеңесінің төрағасы Әбдіқасым Сыздықов орта және шағын бизнестің бүгінгі жағдайы мен экономиканы долларсыздандыру үдерісін күшейту мәселесіне тоқталды.
«Елдің қазіргі жағдайы ауыр. Әсіресе, біздерге – шағын және орта бизнес өкілдеріне қиын соғып тұр. Мен өзім жұмысшылардың 70 пайызын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдым. Сауда тек долларға байланысты болуда. Менің ұсынысым: валюта айырбастау пункттерін жауып, валютаны айырбастауды тек банктерде қалдыру керек. Долларды тек шетелге бару, шет елдік тауар алу кезінде ғана қолданып, қалған сауда-саттық, бизнес есептері, басқа да операцияларды тек теңгемен жүргізу керек. Осылайша санадан долларды өшіріп, теңгенің қадірін арттыруға болады.
Ал, енді салық жөніндегі мәселеге келсек, бізде салықтың түрі көп, оның кейбірі тіпті түсініксіз салықтар. Осы салықтардың түрін қысқартып, бірыңғай бір ғана салық түрін қолданар болсақ, кәсіпкерлердің де түсінікті болар еді, әрі салық саласының қызметі жеңілдер еді. Менің ұсынысым – бірыңғай салық (единый налог) енгізу қажет» - деді.
«Ақ жол» партиясының Арыс өңіріндегі өкілі Әбдімәлік Ағыбайдың пікірінше валюта айырбастау пункттерін жабу әлеумет үшін тиімді болмайды. «Валюта айырбастау пункттерін жабу мүмкін емес және ол халыққа тиімді болмайды. Себебі банктерде айырбастау бағамы жоғары. Тағы бір ортаға салар ұсыныс – аудан, ауыл әкімдері іскерлігінің рейтингін өз аумағында қанша кәсіпорын ашқандығымен, оның қаншасы жұмыс істеп жатқандығымен бағалау керек. Сонда әрбір әкім кәсіпкерліктің жағдайын түсініп, қолдау көрсетеді» - дейді ол.
Партияның облыстық кеңесінің мүшесі, Отырар өңіріндегі өкілі Талғат Бейсен: «Әрбір партияның міндеті – халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал ету. Ауыл шаруашылығына субсидия бөлу аудан көлемінде шешілсе. Ол үшін білікті зоотехник, агроном мамандар жер жағдайын, мал жағдайын зерттеп, сонан соң барып субсидия бөлуге шешім алса. Кейін сол жердің немесе малдың өсіп, өнім беріп жатқандығына тікелей жауапты болса. Тек сонда ғана Елбасымыз айтқандай «бей-берекетсіз субсидия беру» тоқтатылып, субсидия алғандардың жауапкершілігі арта түседі» - деп түйіндеді.
Елдің болашағы болып табылатын жастардың мәселесі – қай саяси партия жұмысының болсын приоритетті бағыты. «Ақ жол жастары» ЖҚБ төрайымы Нәзипа Мамықова өз сөзінде жастар арасындағы басты мәселе жұмыссыздық екенін баса айтты. «Қазіргі қиын кезеңде, жастардың жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оқу орнын бітіріп, диплом беретін кезде жас маман жұмысқа орналасатын мекемеден анықтама алып, оқу орнына өткізу керек. Ал, бүгінгі жұмыссыздық кезінде жас маман түгілі тәжірибелі мамандар жұмыссыз қалып жатыр. Жас маман кез-келген мекемеге барып, жалған анықтама алу үшін мекеме басшысына жалынып жүргені. Жас маманға жаны ашыған басшы, әрине, оны жұмысқа алмаса да, сұраған анықтамасын береді. Сонымен жоғары оқу орындары «Мұнша студентті оқытып, жұмысқа тұрғыздық» - деген жалған ақпарат беріп жатады. Жас маман жұмыс таппаған соң, өз кәсібін бастауға әрекет етеді, алайда мұнда да ол кедергілер мен қиыншылықтарға тап болады. Себебі банктен субсидия, немесе жеңілдікпен несие алу деген – жастар үшін алынбас қамал. Тек «көкесі» барлардың ғана қолы жетеді оған. Қазір не жұмыс таппай, не өз ісін бастай алмай сағы сынған жастарымыз көп, оларға қалай көмек береміз? Осы мәселені ел ағалары назарға алса екен» - деді «Ақ жол жастарының» көшбасшысы Нәзипа Мамықова.
«Дөңгелек үстел» төрағасы Анарбек Орман елдің ертеңін ойлаған азаматтар қолынан келгенше халқының жағдайын көтеруге әрекет етіп жатқанын айтты. Анарбек Орманның өзі де жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкіндіктерін қарастырумен қатар мекеме қызметшілеріне бірінші кезекте қажет болатын азық-түлікті (нан, ұн, картоп, май, қант т.б.) арадағы делдалдарсыз өндірушілерден тікелей сатып алып, ұжым мүшелеріне төмен бағамен беріп жатыр екен.
«Жастардың мәселесі елінің ертеңін ойлаған әр бір азаматты толғандыруы қажет. Жастарға қолдау көрсету керек. Менің ойымша, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында үнемі тығыз байланыс болуы керек. Жұмыс берушіге қанша және қандай маман керек, оқу орны сол кәсіп маманын оқытып шығаруды жоспарлау керек. Осы күнге дейін біздің мекемеге бірде-бір жоғары оқу орнының ректоры келіп, «біз сіздерге қажетті мамандарды дайындаймыз, студенттеріміз сіздің мекемеңізде тәжрибе арттырсын» деп, маған келген жоқ. Жастарға жалған анықтама беріп, жалған ақпаратпен біз кімді алдаймыз. Алдауды тоқтату керек» деді.
Бас қосу қатынасшылары банктердің несие беру мәселесін талқылай келе, «елімізде жалпы табыс төмендеп жатқанда, неге банктердің табысы қысқармауы керек, неге олар қазіргі дағдарысқа байланысты несиені төмен пайызбен бермейді? Осы жөнінде ұсыныстар жасауымыз керек» деген ойларын ортаға салды.
Қазіргі дағдарысты кезеңде ел азаматтары бас қосып, халықтың жағдайын жақсартуды мұрат етіп, келелі кеңес өткізгені оңды тірлік. «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының басшысы дөңгелек үстелде айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстарды «Ақ жол» партиясының жоғары органына жеткізетінін айтты.
Парламенттік сайлаудың сыбысы шығып, елдегі саяси партиялардың белсенділігі арта бастады. «Ақ жол» партиясының әлеуметтік базисі – орта және шағын бизнес болып табылады. Ал бизнес өкілдеріне бос сөз бен жалаң ұран жат екені облыстық филиалда өткен «дөңгелек үстелде» де байқалып тұрды. Орташа тап – ел тұрақтылығының кепілі. Ал тұрақтылық – ел дамуының алғы шарты. Ақжолдықтар осы ұлт мүддесі іспеттес қағидатты терең сезінетін сияқты.
Мұрағаттан, 2015 ж