Ресурстық қарғыс. Мұнайға «байланған» елдер құлдырап барады

Oinet.kz 04-05-2019 1658

1.jpg

Өткен аптады бір баррель мұнайдың бағасы  50 долларға дейін арзандады. Бұл – 6 жылдан бергі ең төменгі  баға. Мұнайдың арзандауы Парсы Шығанағы елдері, Ресей, Қазақстан, Венесуэла мен Нигерия сияқты елдердің экономикасы мен мемлекеттік қазынасына үлкен соққы болып тиді. Бұл соққы Қазақстанды да есеңгірете жаздады. Ұлттық банктің басшысы Қайрат Келімбетовты қабылдаған Елбасы қалыптасқан дағдарыстық жағдайда елдің қаржылық үйлестірушісі болып табылатын Ұлттық банктің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттің ақша-несие саясатын жетілдіре түсуді тапсырды. Мемлекеттің монетарлық (қаржылық) саясатына көп нәрсе байланысты. Мысалы дамыған елдерде несие пайызы өте төмен әрі қаржы ресурстары қол жетімді. Кезінде АҚШ-тың президенті Барак Обама «дағдарыс кезінде несие үшін 0,25 пайыз алу – халықты қанау» деп, несиелік сыйақыны нөл пайызға түсірген болатын. Белгілі қазақстандық экономист Петр Своик «Егер Ұлттық Банк ұлт мүддесін қорғауға шындап кіріссе, банктерге берілетін несиенің пайызын (ставка рефинансирования) 6 пайызға түсіруге болар еді, сонда екінші деңгейлі банктер өз маржасын (пайдасын) қосып, 8-9 пайыз шамасында несие бере алатын еді» деген ойын көптен бері айтып келеді. Арзан несие – экономиканың жаны мен қаны деуге болады. Мұнайдың бағасына қайта  оралайық. Әрбір трендтің жағымды әрі жағымсыз жақтары болады. Мұнайдың арзандауы қара алтынды өндірушілерге зиян әкелгенімен мұнайды сатып алушы елдерге өте тиімді болды. Қазір мұнайдың арзандауынан Қытай, Индия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдер үлкен пайда көріп отыр. Бұл елдер энергия ресурстарына кемірек қаржы жұмсап, үнемдеген ақшасын басқа салалар мен жобаларға бағытауға мүмкіндік алып отыр. Британдық ғалым, «Қанды мұнай» атты кітаптың авторы Лиф Венар мырза: «Мұнайдың арзандауы бірінші кезекте кедейлер үшін тиімді, олар мардымсыз қаржысының көп бөлігін бензин алуға жұмсамайтын болады» дейді. 

Ия, мұнайдың арзандауынан әлемнің миллиартаған тұрғыны пайда көріп отыр, тек отандық тұтынушы ғана бұл игіліктен шетте қалып қойды. «Мұнай арзандаса, жанар май да арзандауы қажет» деген үкімет құжаттары да бар, бірақ қазақ билігі өзінің бұл уәдесін орындай алмай келеді, ал бағаның 10 пайызға  арзандауы – итке сүйек тастағандай әңгіме.   

Ресейдің де жағдайы мәз емес: мұнайдың арзандауы орыс рублін құлдыратып жіберді. Ресей экспортының 75 пайызын газ бен мұнай құрайды, сондай-ақ, бюджеттің жартысынан көбі осы энергия ресурстарынан түскен қаржыдан құралады. Сарапшылардың пікірінше, жағдай нашарлай түскен сайын Кремль антибатыстық риториканы күшейтіп, украин дағдарысын шиеленістіре түседі. Себебі билікке қашанда айып таңатын сыртқы фактор керек.   

Мұнайдың арзандауы Таяу Шығыс пен Африка елдеріне төтенше соққы болмақ. Алжир, Ливия, Бахрейн, Оман және Иран сияқты елдердің табысы күрт қысқаратын болады. Сарапшылар бұл төтенше экономикалық жағдай саяси толқуларға да ұласуы мүмкін дегенді айтады. 

Экономикада «ресурстық қарғыс» деген түсінік бар. Бұл – жерасты байлықтарын малданып, экономиканың басқа салаларын дамыта алмаған елдерге қатысты пайдаланылатын термин. «Мұнай мен газдан түскен қаржыны тиімді пайдаланып, басқа салаларды дамытуымыз керек» деген идеялар мен бағдарламалар әдетте орындала бермейді. Мұнай бірінші рет арзандап отырған жоқ. Совет империясы ыдырауы қарсаңында мұнайдың бір баррелі 9-11 доллар арзандаған болатын. Сол кезде советтің диверсификацияланбаған, яғни әртараптандырылмаған экономикасы АҚШ пен Саудияның тегеурінді тепкісіне төтеп бере алмады. Көне көз тарихтың бір ащы ақиқаты – адамдар да, мемлекеттер де өткеннен өнеге алмайды: осылай тарих қайталанып жатады, тек ол фарс, яғни ерсі әзіл күйінде қайталанады. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Әлемдегі алып мемлекеттердің ішкі өнім салыстырмасы (GDP 1800-2040)
Кәсіпкерлік жоба: Электромагниттік өрістен шығатын радиацияны жоюшы аппарат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу