Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Белгілі заңгер, психолог Ләззат Рақышеваның инстаграм парақшасына кішкентайынан тағдырдан тепкі көргені аздай, күйеуден де бағы жанбаған келіншек хат жазған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Ішімді ашу-ыза кернеп барады, айтатын адамым жоқ, бірақ шығармасам болмайды. Кішкентайымнан көретінімді көріп өстім, әкем араққұмар, шөп басын сындырмайтын адам болды. Арағына тойып алып, 3 жұмыс істейтін анамды “жүргіш” деп ұратын. Үйде күніге қырғын. Анамның ес-түссіз талғанын да көрдім, қансырап жатқанында да, жүрегі ұстап қала берген кезінде де, пышақталып, қан жоса боп жатқанында да жедел жәрдем шақырып, шырылдап мен ғана жүретін едім, әкем бар тірлігін бітіріп арағына кетеді. 3 жасымнан денсаулығым жоқ, балалық шағымда көбіне төсекте жататынмын, 7 жасымда мүгедектік берді. Анам әкеммен алысып, одан қала берді менің денсаулығыммен алысып, шаршаған болуы керек, жұмысындағы біреумен жүрді 2 жылдай. Сөкпеймін, анамды әйел ретінде түсінемін. Ажырас, кетейік деп ажырастырып алдым анамды, ол кезде жасым 11 де. Аренда төлей алмай, жаңағы кісінің (анамның адамы) үйіне келіп тұрдық. 1 бөлмеде сол кісінің әйелі, 2 бала-шағасымен тұрдық. Ол әйел де күйеуін қолдан бере салмады, анам да бақытынан бас тартпады. Өте қызық отбасы боп, 1 жыл шамасында тұрдық. Ана кісі кетті ақыры. Анамды түсінемін, мүмкін өз бақыты үшін күресті, қазір, Аллаға шүкір, көрген қиындықтарын ұмытып, әйел бақытын енді енді сезініп отырғандай. Өзім өмір бойы аурумен алысып келемін, дәрі, ем, операция, аурухана. Ештеңеге қарамай, күресіп, оқуымды қызылға аяқтап, жұмысқа тұрғанымда танымайтын, өзімнен 10 жас біреу алып қашты.
Қазақтың салтымен қалдым, әйтеуір. Беташардан кейін іше бастады. Ішкенде де, алқаш деп жүрген әкем дым болмай қалды мына адамның жанында. Мүрде аралап ішетін. Қызғаныш, ұру, соғу, мазақ туралы айтпай-ақ қояйын. Ақыры өз туған бауырларынан қызғанып, магазин тұрмақ, даладағы дәретханаға шыға алмай қалдым. Бір таяқ жеген күннің ертесіне үйде ешкім жоқта қайнағам келіп, “Келін, бұл адам болмайды, өмір сүргің келсе, кет” деп мені қашырып жіберді. Сол қаладағы әпкемнің үйіне бардым. 2 күн өткен соң аяғым ауыр екенін білдім. Қуанып, күйеуіме айтып едім, “Ту, туылған күні мойнын бұрап өлтіремін”, - деді. Әкем (өгей) мен анам таңдауды өзіме қалдырды, қандай шешім қабылдасаң да, сені қолдаймыз, бұл адамнан туғым келмейді, алдырам десең түсінеміз, жоқ, бала керек десең баланың көзінен бір тамшы жас ағызбаймыз деді. Аллаға шүкір, сөздерінен танған емес. Жылап-еңіреп, денсаулығыммен алысып жүріп, 9 ай оң босағамда отырып, туып алдым. Әке-шешеме алғысым шексіз.
Қанша жерден күйеуден көңілім қалса да, адамға адам керек екен, балам 7 жасқа келгенде қатты жалғызсырай бастадым. Ата-ана, бала, бауыр, дос, құрбылардың орны бір бөлек, өз адамыңның орны бір бөлек екен. Құлазып жүргенімде, қыз кезімде 4 жыл жүріп, үйлене алмай кеткен жігітім жазды. Ол да ажырасқан, тағдырлас. Күндіз түні сөйлестік, бақыттан басым айналып, өмірге құлшынысым артты. Бір көзім табан асты соқыр болып, диагноз қоя алмай, қаладан қалаға шапқылап жүрсем де түк емес боп көрінді. Сол адам тығырықтан шығарғандай. Уақыт өте келе ол адамның түрмеде екенін білдім. Көз жұмдым. Көз жұмғаным аздай, 1 жылдан кейін көзім байланып, арбалып, осы адаммен некеге тұрдым жасырын түрде. 2 ай сайын түрмеге барып тұрдым 2 күндік кездесуге. Әне шығады, міне шығады деп жүріп, отбасымен таныстым. Өзі жоқ демесең, ол кісілермен жақсы араластым, кәдімгі келін болдым. Анам мен әпкем білді түрмеде екенін, некеге тұрғанымды. Менің туған-туысыммен, баламмен қарым-қатынасы жақсы болды, бәрімен сөйлесіп тұратын. Балам өз әкесін мүлдем көрмегеннен кейін осы адамды әке деді көрмесе де. Екі жарым жыл күтіп, күйеуім түрмеден шықты. Мүлдем өзгеріп шықты. Жұмыс істегісі келмей, мойныма отырды. Үйіп-төккен уәденің бірі орындалмады. Ішті, шекті, карта ойнады. Көндім. Бір қадам жасатпады, боянба, айнаға қарама, киме деп, киімдерімнің барлығын жыртты. Көндім. Мен жұмысқа кетсем, аңдиды, өзі бір жаққа кететін болып, бірақ шкафтың ішіне тығылып аңдыды үйге еркек әкелсем ұстап алайын деп. Телефонымды бермейтін болды. Құрбы тұрмақ, әке-шешеммен сөйлеспейтін болдым. Ұрды, соқты, ұрып ішімдегі баланы түсірді. Қызғаныштан не істерін білмей, сен ж*лепсің, еркек жетпей жүр саған деп, достарына звондап, бір ж*леп бар, очередьке қояйық, өлгенше істейік деп талай қорқытты. Оған да көндім, ешкімге айта алмадым, екінші рет ажырасу мен үшін өте ұят болды. Екі қабырғам, жағым сынып, әке-шешем алып кетеміз дегенде көнбедім. Өмірден баз кешіп жүргенде, өзінен 11 жас үлкен 41 дегі әйелмен сөйлесіп жүргенін білдім. Бұл былқ етпеді, сен менен жасырынып, құрбыңмен ватсаппен сөйлестің, өзің кінәлісің деп өзіме жапты. Сонда түсіндім қандай адам екенін.
Ертеңіне барып, ажырасуға арыз беріп, пәтер тауып, бір күнде көшіп кеттім, 3 ай болды. Ішім удай ашып барады, түсінесіз бе, жұлып жегім келеді өзімді алданғаным үшін, махаббатқа басым айналып, осыншама ақымақ болғаным үшін. Өзімді өзім қазір жек көремін, өзімді төмендетіп, семья боламын, бақытты боламын деп бәріне көніп, алдында иілгенім үшін. Бір жақсылығыма жауап бермеді, таптап кетті. Ең ауыры және өзімді жек көріп отқаным, алдыма келсе кншірейін деп отырмын. Маған ұрысыңыздаршы, ақымақ, сорлы, байдан өлдің ба, намыссыз деп, өтінемін. Бәлкім есім жиылар", - дейді ол.