Тұрмысқа шыққалы жүрген жігітіме шынымды айтсам қалай қабылдар екен

Oinet.kz 21-07-2024 4186

Университет бітіргеніме екінші жыл. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Осы жұмысқа орналасқан соң қызметтес Дулат есімді жігітпен жақын араласып, соңы махаббатқа ұласты.

Screenshot_5.jpg

Дулат мен істейтін бөлімнің бастығы. Оның оқу бітіріп, осында қызмет істеп жүргеніне бесінші жыл екен. Өте білікті маман. Бұл жақсы көргендіктен мақтағаным емес. Қызметтестердің де пікірі солай. Қызметтестердің кез келгенінде жұмысқа байланысты қандай да бір сауал туындаса, тосылмай, сол сәтте-ақ шешіп тастайды. Адамгершілігі де жоғары. Біреумен дауыс көтеріп, ұрыс-керіске барғанын көрген емеспін. Адаммен сыйласа білетін азамат. Қызметтестердің бәрі сыйлайды.

Таяуда Дулат «маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс жасады. Мен келістім. Алла қаласа, осы жазда шаңырақ көтермекпіз. Әрине барлық жөн-жоралғылар жасалады. Сырға салу, құдалық дегендей… Бірақ менің Дулатқа айтпаған бір сырым бар. Мен қыз емеспін. Дәл айтқанда, университетте бірге оқыған Санжар есімді жігітпен жарты жыл азаматтық некеде болғам. Негізі, оқу бітірген соң үйленетін болғанбыз. Тіпті ол мені үйіне апарып, ата-анасымен де таныстырған болатын. Сондықтан оған сенгем. Бірақ…

Санжар екеуміз бір-бірімізді ұнатып, екінші курстан бастап дос болдық (қыз-жігіт). Жұбымыз бір жазылған емес (өмір бойы солай болады екен деп ойлаппын). Сабақта да, сабақтан кейін де бірге жүретінбіз. Құрбыларым жігіттерімен ренжісіп, ұрысып, тіпті екі жаққа айырылып кетіп жатқанда, таң қалатынмын. Өйткені біз еш ренжісіп көрмеппіз. Жүретін қыздарын ренжітетін жігіттерді «сүймейді» деп ойлайтынмын. Санжар мені еш ренжітпейтін болған соң, «ол мені шын сүйеді» деп санайтынмын. Сондықтан да болар, «оқу бітірген соң үйленеміз» деп шешіп, соңғы курстың екінші жартыжылдығында пәтер жалдап, бірге тұрдық. Қазіргі тілмен айтқанда, азаматтық некеге тұрдық.

«Бірге тұрамыз, бірақ тұрмысқа шыққанша жақындаспаймыз» деп ойлағам. Бірге тұрған соң белгілі ғой… Алғашында, Санжар бір-екі рет ұсыныс жасағанда қайтарып тастағам. Арада тағы біршама уақыт өткенде тағы ұсыныс жасады. Тағы бетін қайтарып тастадым. Бірақ ол жолы Санжардың ренжігенін байқадым. Сонан соң арамызда аздап салқындық сезілгендей болды. Бір-екі рет достарымен кетіп, таң атқанда келді. Сол туралы бір құрбыма айтып едім, «жүргендеріңе төрт жыл болды, ақыры үйленгелі жүрсіңдер, онда тұрған не бар, өстіп жүріп жігітіңнен айырылып қалма» деді. Құрбымның сол сөзінен кейін екі ойлы болып қалдым. Екі ойлы болып жүргенімде Санжар тағы ұсыныс жасады. Бұл жолы қатты қарсылық білдіре қоймадым. Сол күні екеуміз бірге болдық.

Сол түннен кейін Санжар мені бұрынғыдан да қатты жақсы көріп кеткендей болды. Достарымен де кетіп қалмайды. Бірге қыдырамыз. Гүл сыйлайды. Әр кез еркелетіп, жақсы көретінін айтып отырады. Ауылына апарып ата-анасымен таныстырып, оқу бітірген соң үйленетінімізді айтты. Олар да қуанышын жасырмай, «тойды тамыз айының соңына қарай өткізген дұрыс болар» деп, өз ойларын білдірді. С-ға тұрмысқа шығатыныма 200 пайыз сенімді болдым. Шынымен де ол бір бақытты шақ болатын.

Бірақ бір-ақ күнде бақыт құсы басымнан ұшып, үміт оты сөнді. Диплом алғанымызға екі күн болған. Таңертеңгілік шәйден кейін Санжар киімдерін жинастыра бастады. Негізі жоспар бойынша, бір аптадан соң әркім өз ауылына қайтуы тиіс. Өйткені құдалар сырға салуға біздің үйге келуі керек болатын. Ойымда ештеңе жоқ, «бір аптадан соң қайтпаушы ма едік?» деп сұрадым. Күтпеген жерден С «екеуміз біржолата қоштасуымыз керек, үйленбейміз» дегенде, алғашында қалжыңдасып тұрған болар деп ойладым. Бірақ сәлден соң-ақ қалжың емес екенін білдім. Не болғанын сұрасам, ештеңені түсіндірмеді. «Қош бол!» деп үйден шығып кете барды. Сол кеткеннен қайырылмады. Енді үйдегілерге не бетімді айтам? Оларды да дос-дұшпанның алдында жерге қараттым. Мен жылап-еңіреп қала бердім. Ол қайта хабарласпады. Мен хабарласа алмадым. Өйткені ол телефонын мүлде сөндіріп тастапты (бәлкім номерін алмастырып жіберген шығар).

Санжардан еш хабар болмаған соң болған жайды анама айттым. Сосын ауылға бармай, қалада қалуға бел байладым. Оған өкінбеймін. Жұмысым бар. Өзім сүйген, өзімді сүйетін нағыз азаматты кезіктірдім. Шын бақытымды тапқан сияқтымын. Бірақ, қазірше жазда шаңырақ құрмақшы екенімізді ауылдағы ата-анама айтқан жоқпын. Құдалар сырға салуға баратын кезде бірақ айтайын деп отырмын. Бірақ қыз емес екенімді Дулатқа қалай айтарымды білмеймін. Айтуым керек пе? Айтсам, ол қалай қабылдайды? Үй болмай жатып ажырасып кетпейміз бе? Айтпасам, ертең-ақ бәрібір біледі ғой. Жасырдың деп жаман ойлап жүрмей ме? Қалай істегенім дұрыс? Құрбыларымның бірі «қазір қыздардың көбі солай тұрмысқа шығып жатыр ғой, кейін сұрап жатса түсіндіріп айтарсың, сұрамауы да мүмкін, сүйінші сұрағандай болып нең бар» дейді.

Шын сүйсе мені бар қалпыммен қабылдайды деп ойлаймын. Алайда ішімдегі қорқынышымда сейілер емес. Бұндай жағдайда не істеу керек? Оны жоғалтып алғым келмейді.

KYN.kz


​«Ұл туып бер» деп қыз босана беретін келіншегін өлтіріп тынды»
Қояншық келінімнен қалай құтыларымды білмей жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу