​«Ұл туып бер» деп қыз босана беретін келіншегін өлтіріп тынды»

Oinet.kz 20-07-2024 2245

«Ұл тұрмақ бір сәбиге зар боп жүргендердің қатары көбейіп жатқанда 4 бірдей қызды менсінбей «ұл керек» деп кергитіндерді түсінбей-ақ қойдым. Әпкем сондай түсінігі таяз жездемнің талабының құрбаны болды...», - дейді ол көзіне жас алып. 

Screenshot_8.jpg

Айтуынша, тұрмысқа шыққан үлкен әпкесіне дәрігергер үш баладан соң-ақ бала тууға қарсы болған. 

- Үшінші қызын туғанда қан қысымы қатты көтеріліп кетіп, бір айдай ауруханада жатты. Одан әке-шешем үйге әкеліп қанша емдетті. Өйткені өзіне күтім жасауға үйінде жағдайы жоқ болатын. Енесі мен атасы бар, күйеуінің өзіне бір адам керек. Үш қызына қарасу үшін анам мені жіберді. Сол кезде әпкемнің қандай қиын жағдайда жүргенін көріп қатты аяп, үйге айтып келгенімде мені ешкім тыңдамап еді. 

Не істесе де жақтырмайтын қабағы тырысқан енесі, ұрысы өмірі таусылмайтын атасы, олардың қабағын көріп бәрін үйде отырған әпкемнен көретін, қит етсе ұрыс шығаратын күйеуі тұрғанда сау адамның да қан қысымы көтеріліп кететін шығар. Ата мен әже деген немерелерін орталарына алып, қолынан ұстап жетектеп ертіп жүретін мейірбан жандар еді менің түсінігімде. Мен ол үйде үш ай жатып немересін иіскеген ата мен әже көрмедім. 

Қит етсе «өшір ана жалмауыздың үнін, өмірі үндері өшпейді, қашан тамаққа тояды бұлар» деген ғана сөздер естідім ауыздарынан. Оларға қарап жиендеріме менің жаным ашитын. Бір-екі рет құдағиға «неге ұрасыз, бала ғой» деп арашалап қалғанымда әпкем үндемей жылап қалған. Ал енесі кешке баласына айтты. 

«Құдаша билігін жүргізе бастады ғой мына үйге! Бір күні шығыңдар деп отырмасын, әйтеуір» деген күннің ертеңіне әпкемнің көзі ісіп тұрды. Әбден жылағаны белгілі еді. 

Соңында шыдай алмай кетіп қалдым. Әке-шешеме айтып келгенімде «үй болу оңай емес қой, қайтесің, араласпа» деген күйі қалған. 

Сол әпкем күтінбей тағы бір қыз туып алды. Оны перзентханадан шығаруға күйеуі келмеді де. «Ұл тумадың» деп ренжіп жатқан түрі екен. Әкем ашуланып барып үйіндегі үш қызын да алып келді. «Менің қызым керек болмаса, ол туған қыздарды қайтейін деп едің?» деп ұрсып кетіпті. Әпкем кіші қызымен әбден қырқынан шығып, денсаулығы түзелгенде барып келіп кешірім сұрап алып кеткен. Бірақ адам өзгермейді екен. «Жезде» дегім келмейді... 

Күйеуі ұл туып бер деп қоймапты. Ал дәрігерлер енді бала көтерсе өмірі қыл үстінде болатынын да айтқан екен. Бірақ қойсын ба, «құдай сақтасын, дәрігерлер оттай береді» деп қоймаған. Оны үлкен қызы анасын жоқтап қырық күндік асында жылағанда айтып салды бәрін. 

«Мамам болмайды десе де апам мен папам қоймады ғой. Бізге бала емес мамам керек еді. Оған дәрігерлер болмайды тууға деп айтқан. «Жаман әйел қыз туады» деп апам да айта берді. «Ұл керек» деп папам да қоймады... Сосын ғой мамамның өліп қалғаны...» деп жылағанда асқа жиналғанның көзіне жас алмағаны болмаған шығар. 

Сондағы енесінің сөзі не болды десеңізші?! «Бала деген оттай береді екен-ау, мен сап беріппін ба соның ішіне баланы?» дегенде айтуға сөз таппадық. 8-сынып оқитын қыз бүгінде бәрін біледі, түсінеді емес пе?! Ол мұндай әңгімені ойдан шығармаса керек. Мен өзім де «ұл туып берсейші маған» деп екі күннің бірінде айтатынын талай өз құлағыммен есіттім емес пе? 

Содан кейін жездемді көргім келмейді. Әпкемнің қыздары үйге жиі келеді, шетәнен бойжетіп келе жатыр. Әкесімен тұрғысы келмейтіндерін сеземіз. Ұзағырақ жүріп қалғанда әкелері кеп алып кетеді. Сондайда жек көріп қарайтынымызды сезеді, үйге кірмей далада күтіп тұрады. Егер ол «ұл-ұл» деп қылқылдамай дер кезінде емдетіп, «маған қыздарымның анасы керек» дегенде қазір бауырып ортамызда жүрер еді. Әпкемнің қыздарын көрсем тура өзін көргендей ішім елжіреп кетеді қазір... , - деген ол тағы да көз жасына ерік берді. 

«Бұл қазақ қашан қызды адам орнына санап үйренер екен?!» деген ащы өкпесін де жеткізді бойжеткен...

Балдызымның қылығы баурап барады...
Тұрмысқа шыққалы жүрген жігітіме шынымды айтсам қалай қабылдар екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу