«Мынау менің әйелім деп жұртқа қалай таныстырамын?»

Oinet.kz 12-04-2024 2945

«Өткенге өкінбе. Өтті-кетті. Қайтып оралмайды. Бар жақсылықты болашақтан күт», деп жатады. Дұрыс-ақ. Әрине, алдағы күндерге үміт артқан, жақсылық күткен жөн шығар.

Screenshot_12.jpg

Бірақ өткен өміріңде байқамай шалыс басқан, өкінішке ұрындырған кезеңдерді қалай ұмытасың? Ол ұмтылмайды.

Қазіргі менің басымдағы жағдай дәл сондай. Мектепте жүргенде сыныптасым Динара деген қызбен жан аяспас дос болдым. Ортамыздан қыл өтпейтін. Жоғарғы сыныпқа келгенде сол Динараның інісіне ғашық болып қалдым. Қызық болғанда, мен 11-ші сынып оқып жүргенде ол бала әлі бастауыш сыныпта оқитын. Сондай сүйкімді бала еді. Ол да мені әпкесінің досы ретінде жақсы көрді. «Үлкейгенде сені аламын. Басқа біреуге тиіп кетпе», деп қомпаңдап сөйлеп қоятын. Оның айтқандарына мен де, Динара да мәз болатынбыз. Тіпті олардың анасы да «осы ұлымды Назгүлге үйлендіремін» деп мәз болып отыратын. Басында кішкентай ғой, «сөзі не, өзі не» деп мән бермей жүретінмін. Бірақ уақыт өте келе Динараның інісін жақсы көріп қалғанымды байқамаппын.

Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түстім. Оны бітірдім. Сөйтіп жүргенде Динараның інісі Серік те ержетті. Білмеймін,өзімнен 10 жастай кіші болса да сол баланы қатты ұнатып қалдым ба, студент кезімде сөз айтқан талай жігітке «ауылда жігітім бар, ренжіме» деп ұсыныстарын қабыл алмадым.

Кішкентай болса да, Серікті жақсы көріп қалыппын. Оған деген бойымда белгісіз бір сезім бар еді.

«Оның ер жеткенін күтемін. Егер ол айнып қалмаса, адал жары боламын», деп шешіп қойғанмын. Ол ер жетіп, мектеп бітіргенше күттім. Рас, ол да мені жақсы көрді. Мен де оны. Бұл жайды Динара да білетін. Бірақ ол «Серік кішкентай ғой. Қазір балалық сезіммен жақсы көремін деп айтып жүрген болар. Бірақ түбі ол саған жар болмайды. Әйел адам үйдің қамымен жүріп тез қартаяды. Ал жасы кіші жігіт уақыт өте келе өзінен жасы үлкен, қартайып қалған әйеліне қарап үйде отыруы қиын. Кейін өкініп қалма. Ондан да өзіңе тең өзге адам тауып ал» деп ақылын айтқан.

Бірақ оның айтқанын тыңдағым келмеді. Бар ойым Серік деп тұрды. Не керек, ол мектепті бітіріп, оқуға түскенде үйлендік. Әрине, «жас балаға тидің» деп ата-анам да, ағайын-туыс та ренжіді. Бірақ алып-ұшқан махаббат сезімінің құшағында жүріп, олардың айтқандарын ескермедім.

Қазір өкінемін. Серікті әлі жақсы көремін. Ешкімге қимаймын. Одан екі балам бар. Отасқанымызға міне, жеті жыл болды. Бірақ Серік өзгерген. Қазір ол мені баяғыдай «сүйемін, жаным» демейді. «Апа, апашка» деп менің жасымның үлкен екенін бетіме басып сөйлейді.

«Ана жұмыс болды, мына досым қонаққа шақырды, сонда қонып қалдым» деп сыртта қонатынды шығарды. Байқаймын, оның маған деген сезімі басылып қалған. Тек үйдегі мына екі бала үшін ғана менімен өмір сүріп жүрген сияқты. Кейде өзімді Серіктің жан-жары емес, шешесі секілді сезініп қаламын.

Тамағын жасаймын, кірін жуамын «жаным-күнім» деп жанында өбектеп жүремін. Ал ол болса кешке жай келгенімен қоймай, тамақ ішіп алып, түнімен интернетте отырады. Жаныма келіп жатпай, сол отырған бөлмесінде жеке ұйықтай салады. Мен оның асын әзірлеп, балаларын бағып үйде отырған күң әйел секілдімін.

Бірге өмір сүру қиындап барады. Кейде тойларға ертпей кетеді. «Қойшы, жасың үлкен. Менің апам секілдісің. «Мынау менің әйелім деп жұртқа қалай таныстырамын? Позор. Одан да көзге көрінбей үйде отыра бер», деп қорлап кетеді.

Жаман болып қаламын. Әрине, бұл өкініш. Өзіммен жасты жігіттер құрып қалғандай өзімнен он жас кіші балаға тиіп нем бар еді?! Расында ол мені қайтсін. Апа қыла ма, әлде шеше қыла ма? Тойларға ертіп баруға ұяламын деуі де орынды. Оған қарсы дау айта алмаймын. Бала бағу, үйдің тірлігі әйел адамды тез қартайтатыны белгілі. Оның үстіне, он жас үлкен болсам ше. Шашқа аздап ақ та түсті, дегендей.

Қазір өткен өміріме ой жіберіп отырып қатты өкінемін. «Неге осы қадамға бардым. Кішкетай балаға неге ғашық болдым. Неге оған тұрмысқа шықтым? Енді міне, соның жазасын тартып жүрмін. Студент жылдары өзіммен қатар балалардың бірімен қол ұстасып кете бергенде… Бүгінгідей қиын жағдайды бастан өткермес едім», деп қатты өкінемін.

Бірақ өткен күн қайтып орала ма? Әрине жоқ. Амалсыз Серіктің бетіне қарап, оның шешесі секілді күн кешіп жатырмын. Бүгін болмаса ертең, Серік «Ажырасамын, басқаға үйленемін» десе не деймін. Білмеймін. Басым қатып жүр. Өзіңнен үлкен жігітке тұрмысқа шығуға болатын шығар. Бірақ өзіңнен кіші адаммен шаңырақ құру қиын екен. Соны сезіндім.

Жас қыздарға айтқым келгені, өздеріңнен тым кіші жігітке әйел болуға тырыспаңдар, уақыт өте келе ер адамға қарағанда әйел адам тез қартаяды. Сол кезде ол сені менсінбей, маған айтқан секілді «апашка» деп жүреді.Ал сен расында оның «апашкасына» айналғаныңды білмей қаласың.

Сондықтан әбден ойланыңдар дегім келеді.

el24

«Неге ертерек айтпадың?»: Өлгелі жатқан кейуана ұлына жантүршігерлік құпияны ашты
Жеңгемді нала жібермеген сияқты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу