Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Баяғыда бір қыз көзі қыли кісіге тұрмысқа шығыпты. Кісі өзіне жараса дәулетті екен. Екеуі тату-тәтті күн кешіп жатады. Араға жеті-сегіз жыл салып малына жұт тиіп, байлығынан айырылады.
Тұрмысы жұтап, кедейлік күйге түседі. Күндердің күні күйеуінің жүзіне қарап отырып:
«Ойбай, сенің көзің қисық екен!», – деген екен әйел.
Хикаяның түйіні, қиын-қыстау шақта ерлі-зайыптылар сыналады. Ер азаматқа дәулетті екен деп тұрмысқа шығып, ал қызды ажарлы деп әйелдікке алады. Байлық мәңгі емес. Әйелдің де қыз күніндегі сұлулығы бала туып тағысын тағы себептермен кетеді. Адамның бойында мәңгі қалатын қасиеті оның жұмсақ жүрегі, көзіндегі мейірімі. Сындарлы сәтке дейін бір шаңырақ астында өмір сүріп, бірін-бірі байқамайтын жұптар бар. Олар бір дастарқан басында ас ішіп, бір жастықта ұйықтауды бірге болу деп түсінеді.
Екі жарты, бір бүтін болу бір-бірінің ой-пікірін тыңдауы, жан дүниесін ұғыну. Міне, бұл мүлдем бөлек дүние. Махаббатымен қоса уайымын да бөлісетін жар бола білу керек. Себебі, сезімді бөлісу тек сүйіспеншілікте ортақтасу емес, қиыншылықты та бірге бөлісу болмақ.
"Үйленбей тұрып үйрен" кітабынан