Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
1. Бала күнім. Үйге жаңа теледидар сатып алдық. Мен оны қонақ бөлмесіне қояйық десем, анам "әкең екеуміздің жатын бөлмемізге қояйық" деп қосылмады. Мен қиғылық салып қоймаған соң, ақыры қонақ бөлмесіне қойды.
Арада бірнеше жыл өткен соң анам бір хатында: "Баяғыда теледидарды әкең екеуміздің жатын бөлмемізге қояйық деуімнің себебі, сені үнемі біздің бөлмеге кіріп тұрар ма екен, бізге көбірек жақын болар ма дегенім еді..." Мұны оқып көзіме жас алдым.
2. Анам қатты қарбалас жұмыстарымен жүретін. Тек кешкісін ғана мені көре алатын. Бірде түн ортасы болғанда достарым телефон шалып, кешкі отырысқа шақырды. Анама білдірмей орнымнан тұрып, есік алдында аяқ киімімді ауыстырып жатыр ем, ту сыртымнан анамның дауысы естілді: "Мені де бірге ертіп алсаң болмай ма?.." Мен сол сәтте басымды көтеріп оның бетіне қарай алмадым.
3. Әкем ауруханадағы операция залынан төрт-бес сағаттан соң зорға шықты. Ол өзін осыдан тірі қалмаспын деп ойлады ма, мені көру үшін қатты іздепті. Сөз сөйлеуге шамасы келмегендіктен саусағымен дәрігердің алақанына менің атымды жазыпты. Сосын ғана басқалар әкемнің мені іздегенін біліпті... Сол кезде ойласам әкемді қатты сағынамын.
4. Әкем қатты ауырып жатқан күндерде жарты ай бойы ес-түссіз жатып қалды. Есін жиған күнгі айтқан ең алғашқы сөзі, шешеме қарап: "Баланың мектептен қайтар уақыты болды, сен барып тамақ әзірле..."
5. Нағашы атам өмірден озды. Біз соңғы сапарға шығарып салып, ақиреттік жұмыстарын бітіріп, үйге қайттық. Кешкісін анам маған: "Құлыным, мен әкемнен айрылдым. Анаңның енді әкесі жоқ болды..." деді. Мен анамды құшақтап қосыла жыладым.
6. "Үйде жалғызбын. Әкең де жоқ. Бүгін тамақ жасағым келмеді. Прәндік жеп отырмын. Айтпақшы, сенің әлгі мысығың да қасымда отыр..." Мен иен үйдегі анамның жалғыздығын сезініп, тағы да жылағым келетін.
7. Бала күнімде қатты ауырдым. Неден ауырғаным белгісіз, дәрігерлер де еш амал таппапты. Отбасымыздың да берекесі қашыпты. Ауруханада әкем маған дәрі ішкізіп отырғанда, абайсыз шашалып қалыппын. Анам жүгіріп кіріп, әкеме ұрсып, дәріні өзі ішкізді. Аздан соң әпкемнен әкемді сұрап еді. Әпкем сыртқа жүгіріп шығып, қайта кіріп: "Әкем сыртта жылап тұр екен..." деді...
8. Тәй-тәй басқан күннен бастап әкемнен қалмай ілесіп жүретін едім. Жол жүргенде мен үнемі оның кішкене саусағынан ұстап алатынмын. Және содан ажырамайтын едім. Бұлар ұмыт болғалы қашан?! Қазір әкем қартайды. Бірде әкеммен сейілдей жүріп әңгімелестік. Үнсіз келе жатқан әкемнің саусағына қолым түсіп кетіп, көзіме жас үйіріле берді. Ол жол жүргенде басқа саусақтарын жұмып, тек кішкене саусағын ғана шығарып жүреді екен.
9. Бірде жұмыс қарбаластығынан ауылға қайта алмадым. Кейін естісем әкем сол күні суық тиіп, ауырып қалыпты. Анамның айтуынша ол сол күні адамы сирек ауылдың көлік бекетінде мені түн ортасына дейін күтіпті. "Ол келмейді, келе алмаймын деп айтқан" деген сөзіне: "Егер ол қалжыңдаған болса ше? Сөйтіп, аяқ астынан бізді қуантайын деген шығар" деп тағы да жолға телміріп тұра беріпті...
10. "Тамақ дайын болды. Бол, тамағыңды ішіп ал". Бұл менің кішкене күнімде анамның ең көп айтатын сөзі еді. "Сендер іше беріңдер, мен жаңа сырттан ішіп алғанмын" деп жауап беретінмін. Қазір жұмыстамын. Тамақ ішуге мұрша жоқ. Анамның дауысы құлағымның түбінде жаңғырып тұр.
11. Жетімдер үйіне бардық. Бір кішкене баладан "нені жақсы көресің" деп сұрап ем, "ұйықтағанды" деп жауап берді.
- Не үшін?
- Ұйықтасам түс көрем. Түсімде папа-мамамның түрін көргім келеді. Неге мені тастап кетті екен, соны сұрайын деп ем?
- Түсіңде көрдің бе оларды?
Ол менің бұл сұрағыма таң қалып, біраз тұрды да "мен оларды танымаймын ғой" деді...
12. Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға аттандым. Бала күнімнен бірге өскен көрші қыз мен аттанарда кітап сыйлады. Пойызда отырып әлгі кітапты ашып ем, ішінен майда 2000 теңге ақша саудырап түсті. Және кітаптың алғашқы бетінде "Сен оқуға аттанып барасың, сөзсіз жақсы оқы. Егер қала тұрмысына үйрене алмасаң, мына ақшамен билет алып қайтып кел. Мен сені күтем!" деп жазылыпты. Осы әңгімені кейін келіншегіме айтып беріп ем, ол өзін кінәлі сезінгендей көз жасын бір мөлдіретіп алды...
13. Шетелге оқуға аттанар алдында әуежайда тұр ем. Анам телефон шалды. Кеше ғана қоштасып шыққанмын. Анам: "Бір істі ұмытып кетіппін. Ұшақта отырғанда төменге қарама, басың айналады. Ұшақтың терезесін ашпа!" деді қайта-қайта тапсырып. Сіз күлерсіз. Ал мен жыладым сол сәтте.
14. Үлкен ағамның келіншегі қайтыс болғанда бес жасар сүйкімді қызы жетім қалды. Біз оны "мамаң ертең келеді" деп күнде алдайтын едік. Бейшара сәби есік алдында ойнай жүріп, қайта-қайта қара жолға қарағыштап қоятын. "Қашан келеді?" деп жылайтын кейде. Бірде әжем "Құдай-ау, келінімді алғанша, мені алсаң етті" деп кемсеңдеп отыр еді. Кішкене қарындасым "Әже, "келін" ертең келеді" деп бәрімізді жылатты. Әжесін алдаусыратып отырғаны...
15. Университетте оқып жүрген кезімде түнімен қыдырып, түске дейін ұйықтап жатқан бір күнім еді. Телефоным қайта-қайта шырылдап қоя береді. Басып тастаймын. Тағы шырылдайды. Әкем екен. "Түүүу, әке! Ұйқымды бұзып, маза бермедіңдер ғой!!!" Әкем сабырлы қалпын бұзбастан "Қайдан білейін... Айтпақшы, саған ақша салып жіберіп ем... Соны айтайын деп... а, сен ұйықтай бер..." Сол сөзім үшін өзімді әлі кінәлап келем.
16. Шетелдегі оқуымнан қайтып келген күнім. Ас үйде анаммен әңгімелесе жүріп, оған көмектесіп жатырмын. Анам үйде мен жоқ кездегі қызықтарды айтып жатыр. "Бірде үйге қонақтар келіп, бәрі де сені мақтап, "дарынды бала болды" десті. Мұны естіген әкең қуаныштан көзі жасаурап кетіп еді, досы қалжыңдап "мынау ұлын сағыныпты" деді күлдіріп. Әкең есін дереу жинап, "қайдағы, ол тентек үйде болмаса мен тәуір-ақ демалып қалады екенмін" деді қосыла күліп. Аздан соң есік алдына шықсам, әкең темекі тартып, әлсін-әлсін кішкене бала құсап көз жасын сүртіп отыр. Ұят-ай еркек адамға..." деп әкемді мазақтай, өзі де көзіне жас алып күлді анам. Мен бір жағынан жеміс жуып, бір жағынан пысылдап жылап жатырмын.