Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Біз бір үйде төрт ағайынды болдық. Мен ортаншысы, менен кейін екі інім бар. Ата-анамыз мектепте қарапайым мұғалім болып жұмыс істеп, жақында ғана зейнеткерлікке шықты.
Мен мектепте оқып жүргеннен-ақ ғылым-білімге құштар болдым. Сабақты үздік оқып, пәндік олимпиадаларға, түрлі жарыстарға қалмай қатысатын едім. Көптеген жарыстарда жүлделі орындар алып, ата-анамды қуантып, мектебіміздің абыройын асқақтатып жүрдім. Олар менің білімімді одан әрі жетілдіріп, ғылым жолын қуғанымды қалады. Өздері секілді ұстаз болғанын, бірақ, мектепте емес, университетте дәріс беретін ғылым докторы болғанымды сұрады.
Ата-анамның осы үмітін ақтаймын деп кітаптан бас алмадым. Мектепті Алтын белгіге бітіріп, Алматыдағы ең ірі жоғары оқу орындарының біріне түстім. Ол жерде де көзге түсіп, оқытушылармен тығыз байланыс ұстадым. Бакалаврды бітірген соң магистратураға, одан әрі докторантураға құжат тапсырдым. Осылай алға қойған мақсатына тік жүріп келе жатырмын. Биыл докторантураны бітіріп, университетте дәріс беремін. Докторантураға оқуға түскенде ата-анам ерекше қуанды. Өздері ұстаз болған соң, олар жетістіктің төресі - профессор болу деп бағалайтын.
Ал ағам мүлде басқаша болды. Ол оқуға мүлде қызықпадыы. Бар ойы - кәсіпкерлікте болды. Кішкентай кезінен темір, бөтелке өткізіп, ақша тауып жүрді. Мектепті қалт-құлт етіп әзір бітіріп, облыстағы орташа деңгейлі университетке ақылы бөлімге құжат тапсырып, түрлі жұмыстар істеп нәпақасын тауып жүрді.
Кейін ауылдан жер алып, соны жүргізді. Жылына 3-4 рет шөп орып, жинаған ақшасына түрлі техникалар алып, әйтеуір істің көзін тауып кетті. Қазір ақшаны жақсы тауып жатыр. Жұмысы ауылда болғасын ата-анаммен бірге тұрады. Өткен жылы үйленіп, тұңғыштары дүниеге келген. Екі інім әлі мектепте оқиды. Қуаныштысы сол, бәрі ауылда улап-шулап бақытты өмір сүріп жатыр.
Биыл мен өзіммен бірге оқитын ғалым қызбен сөзіміз жарасып, шаңырақ көтеретін болып шештік. Оны ата-анаммен таныстырып, баталарын алдым. Олар менің таңдауымды қолдады. Содан осы жаздың соңында той жасайтын болып, уақытының бәрін белгілеп, туған-туыс, дос-жарандарға шақыру жібердік. Бірақ тойға 2-3 апта қалған кезде әкем ауырып қалды. Ковид болып қалды. Мен ол кезде Астанада докторлық жұмысымды жазып, кітапхана, архивтерді кезіп жүргем. Ағаммен телефонмен сөйлескенде:
- Қазір ковид аса қауіпті емес. Қаншама адам 1-2 аптада құлан-таза айығып, аттай шауып кетіп жатыр. Құдай қаласа әкеміз де жазылып кетеді. Қазір жағдайы жақсарып келеді, - деп көңілімді бір демдеп қойды.
Содан тойға 3-4 күн қалғанда келіншегімді ертіп келіп, той қамына кірісіп кеттік. Ауруханаға да бір соғып шықтық. Әкемнің жағдайы жақсы сияқты көрінді. Бізге жымия қарап шамасы келсе тойға қатысатынын, егер орнынан тұра алмай жатса, еш алаңдамай тойды өткізе беруімізді сұрады.
Содан не керек, той күні келіп жетті. Әкем тойға қатыспайтын болды. Ағам сол күні тойхана мен аурухана арасында зыр жүгіріп жүрді. Менің Астана, Алматыдан достарым келіп жатқан соң, оларды күтіп аламын деп, тойдың анау-мынау мәселелерін ойлаймын деп ауруханаға соғуға уақытым болмады.
Әйтеуір той өтті. Өте жақсы өтті. Ата-анам, ағам бар жиған-тергендерін шашып өткізген соң ба, есте қаларлықтай болды. Бірақ жүрегім әлденені сезді. Өйткені тойда ағамның көңіл-күйі болмай жүрді. Той үстінде сұрауға дәтім жетпеді. Той біткесін ертесіне таңғы шайда ағам хабар естірді. Әкем кеше түс әлетінде дүниеден өтіпті. Бірақ, той шырқын бұзбас үшін ешкімге айтпаған. Тіпті анама да.
Сол кезде шайға шашалып қалып, не істерімізді білмей дел-сал болып қалдық. Ағам бұл әкеміздің өсиеті екенін, "егер олай-бұлай болып кетсем, мені ойлап тойды кейінге қалдырмаңдар" деп айтыпты. Және өзі де той өткенше аман қалу үшін әбден тыраштанған. Бірақ өкпесінің тең жартысынан астамы жарамсыз күйге түскесін дем алуы қиындап, әзер тыныстап жатқан. Ағама да өкпе жоқ. Бірақ сонда да көңілім алай-дүлей болды.
Кеше тойға жиналған халық бүгін әкеміздің жаназасына келді. Өмір деген жалған. Қайран әкем! Біздің тойымызды көргіңіз келіп еді, маңдайыңызға жазбапты.