Жас жігітке ғашық болған 50 жастағы әйелдің махаббат оқиғасы
Жасы елуден асқан әйелге дене сымбатын бұзбай қалыпты ұстау оңай дейсің бе? Бөксе мен іштің майын жасырғанмен беттің әжімін қайтесің... Апталап сән салонында сылақтанатын уақыт қайда? Аптаның бес күні жұмыс, қалған екі күнінде өзіңе қарағандай боласың. Демалыс күндердің өзі қонаққа барумен, қонақ күтумен өтеді.
Осындай оймен толыса бастағанына көңілі толмай жүрген Жібек күнде ертеңгісін сағат алтыда тұрып жүгіруді, жаттығу жасауды әдетке айналдырды. Қимылы ширап, дене бітімі сұлулана бастағанын байқап, таңғы жаттығуға құлшынысы артқан.
Бүгін де таңғы алтыда далаға шыққан. Себезгілеп жаңбыр жауып тұр екен. Жүгіріп үйге кіріп қолшатырын алып, әдеттегі жолмен "Ботаникалық саябаққа" қарай бүлкілдей жүгірген. Бүлкілдеп келе жатып аспанға қарап еді, аспанды түгел қара бұлт көмкеріп, сұрланып алыпты. Жаңбыр әзірге басылғандай емес. Ақмешіт көшесін қиып өтіп, Бұхар жырау көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолымен саябаққа жеткен. Жаңбыр жауып тұр демесең таңғы саф ауа, бақтағы неше алуан гүлдер мен ағаштардың жұпар иісі мұрныңды қытықтайды. Терең тыныс алып, еркін жұта бер.
Жібекке сіркіреп қана жауып тұратын сірке жаңбыр бала күнінен ұнайтын. Бала кезінде осындай жаңбырдың астында қолын көкке жайып, бетіне тиген жауынды қызықтап асыр салушы еді. Қол бұлғап алыста қалған шіркін, балалық!.. Жаяу жүгірушілердің жолына түсіп келе жатып балалығын сағынды. Маған балалығымды бір күнге берсе ғой деп ойлады. Берсе не істемек? Алаңсыз асыр салмақ па? Жастықтың қадірін кім білген десеңші! Адам баласының жасы ұлғайған сайын балалығын жиірек сағынатыны несі екен...
Соңғы сәттерде жаны құлазып өткен күндерді сағынатын болыпты. Жалғыздықтың сағыныш пен мұңға жетелейтіні заңдылық шығар. Сағыныш арқалап жүгіріп келе жатқан келіншек жылдамдығын үдеткен. Манағыдай емес бақта адам қарасы көбейіпті. Сірке жаңбыр толастар түрі жоқ. Жолдың бұрылысына келгенде таяғы тайып кетсін. Оңбай құлады. Көзі қарауытып кетті. Қас пен көздің арасында болған оқиғаны артында жүгіріп келе жатқан жігіт көрген. Көрген де көмекке ұмтылған. Қолтығынан сүйеп тұрғызып жатыр. Келіншек тұрмақ болып, өзіне ие болмай қисая берді. Құлап бара жатып бейтаныс жігіттің мойнынан бас салған. Жігіт де құшақтап ұстап қалды. Жігіт Жібекті көтерген бойда жақын арада тұрған орындыққа отырғызып, тіл қатқан:
— Қатты құладыңыз-ау, басыңыз айнала ма?
— Не болғанын түсінбей қалдым. Жығылып тұра бергенде басым айналып кетті.
— Қазір өзіңізді қалай сезінудесіз?
— Рахмет, сізге! Аяғым қақсап тұр.
— Буыны тайып кеткен жоқ па?
— Білмеймін...
— Жігіт, Жібекті демеп құшақтаған, қане жүріп көріңізші? Аяғым жерге тіретпей тұр, қақсап тұр. Бастырмайды.
— Онда жедел жәрдем шақырайын?
— Керек емес. Ренжімесеңіз, жақын маңда тұрамын. Көмектесіп үйге жеткізіп тастасаңыз, деп өтінген. Жігіт Жібекті көтеріп жақын маңда тұрған көлігіне отырғызған.
— Сізді әуреге салдым-ау, бауырым! Айыпқа бұйырмаңызшы, ойламаған жерден ұшық болды. Қолақыңызды төлермін, деген.
— О не, дегеніңіз! Ештеңе керек емес.
Айтпақшы, менің есімім Алмас деп жігіт қолын ұсынған.
— Жібек. Рахмет, Алмас!
Алмас Жібекті көтеріп үйіне кіргізіп, диванға отырғызып, жағдайын біліп тұрмаққа нөмірін алып, жөніне кеткен.
Тайып кеткен тобығын салдырып, өзіне оралған келіншек болған оқиғаны есіне алған. Алған да күлген. Іштей жігіттен ұялған. Қарулы екен. Дік еткізіп көтеріп алады. Түлкі алған бүркіттей. Келіншек өзін түсінбей отыр. Жүрегі дүрсілдегендей. Көңілі алабұртқандай. Жан дүниесі Алмастың құшағына қайта кіргісі келгендей. Құрсын! Жас бала деп өз ойынан өзі үріккен. Айнаға қараған, әжімдерін тараған. Ішкі әлеміне үңілуден қорыққан. Көз алдына жас жігіттің бейнесі келе берген. Бейтаныс бейнеден қашқан.
Жағдайыңызды біліп тұрамын деген Алмас қабарсыз кетті. Ойда жоқта жолықты да, тыныш жатқан жүректі тулатып кетті. Жібек те қалыпты тірлігіне араласып ұмыта бастаған. Баяғы бақта күнде жүгіріп жүр, жігіт көзіне шалынбады. Естен шыға бастағанда Алмастан хат кепті. Хатында:
—Армысыз, Жібек ханым! Әбден сауықтыңыз ба? Көптен қабарласа алмай кеткеніме кешірім сұраймын. Шет елге сапарға барып, кешке келдім, депті.
Жібек хатты бірнеше рет оқыды. Не деп жауап берерін ой елегінен өткізді. Ақыры, амандық білдіріп, қарыздар екенін айтып, жауап берген.
Жігіт жылы қабылдапты. Жібек ойлана келе өзіне көмек қолын созған азаматты кешкі асқа шақыруды жөн санаған. Алмас қуана келісіпті.
Рестораннан шыққан екеуі кешкі қалада жаяу серуендеуді жөн көрген. Жақын таныса келе жігіттің өзінен 20 жас кіші екенін аңғарды. Алмас әйелден мүлдем жеке басына қатысты жайттарды сұрамады. Өзі сұрамаған соң, Жібек те қозғамаған. Жібекті үйіне жеткізген Алмас қоштасып үйіне қайтты. Үйге кірген соң мазасы кетсін. Сол жақ кеудесі ауыратындай. Мүмкін, ғашық боп қалдым ба?— деп ойлаған. Ғашық болудан да қорыққан. Жас балаға не деп ғашық болады... Теледидар қосқан бір келіншек ән сап жатыр. "Ұйқым келмейді, махаббат маза бермейді..." дейді. Дәл Жібектің қазіргі күйі. "Ұйқым келмейді, махаббат маза бермейді..." осы әуенді он рет қайталаған. Айнаның алдында ұзақ жүрді. Ақыры қолына телефонын алып, ватсаппен хат жазды.
— Тамаша кеш үшін рахмет, Алмас! Гүлің сондай әдемі екен! Қуанып қалдым. Иісі қандай керемет, әлі иіскеп жатырмын...
— Гүл өзіңіз секілді әдемі, деген жауап кепті. Күлген. Қуанған.
— Менің иісімді қайдан білесің? деп батылданған.
— Өткенде көтергенде бойыма сіңіп қапты, содан соң ұмыта алмай жүрмін депті.
— Массаған!.. Рас па?..
— Қашан өтірік айтып ем, депті. Келіншек қысылып қалған. Одан сайын алауыртқан. Төсегіне сыймаған...
— Қарулы екенсіз, сол кезде мені бүріп алдыңыз ғой, деп жазып жіберген.
Жігітке батылдық пайда болса керек.
— Қазір барып бүріп алайын ба? депті.
Жібектің тұла бойы өртеніп кетті. Бұл сәтті ұзақ күткендей, жоқ дей алмады.
Аздан соң есігінің қоңырауы шылдыр етті...
Ербол Бейілхан