Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Құдай басқа салмасын, заманымыз да, адамдар да, қатты өзгеріп кеткен. Қазір, жығылып жатып, сүрінгенге күлетін болған ба, деп те қаламын.
Шындықтың ақ-қарасын ажыратпай жатып, артыңнан тон пішіп беру, жұртқа қиын шаруа емес. Сен не үшін ажырастың, не себеп болды деген сауал ешкімді мазаламайды,ажырастың ба, əйтеуір жаман адамның қатарынан бір-ақ шығасың, жұрт сенен іргесін алыс алып жүргісі келмейді.
Мейлі, не десе о десін, бəріне бір Құдай төреші ғой. Тек, сол ту сыртыңнан айтылған сөздер, кейде жаныңды жаралап, өзіңе деген сенімсіздігіңді де түсіріп тастайды екен. Ажырасқан деген аттың өзі жаман, бəрі саған бейне бір қылмыскер ретінде қарайды.
Мен, 4 жыл бұрын тұрмысқа шыққанмын. Кейін, күйеуімнің жұмыссыз екендігін, оқу оқымағанын жəне жынды суға жақын екендігін білдім. Мені алып қашқан күннің өзінде дөрекілік көрсетіп, қуғыншы келіп-кеткен соң, беташар болмай жатып, тірлікке салып, алғашқы түнде қинап, өз еркіне көндірген.
Сол түн, есімнен еш кетпейді. Ақырында, күш қолданғаннан кейін, жатырымнан қан кетіп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ол жақта болғанымды үйдегілерге айтпадым, олар маған күтім жасаған да жоқ. Келген күннің өзінде, тағы да төсекке итермеледі. Шынымды айтсам, қорыққанымнан, күйеуіммен қосылып жүрдім.
Ал бірақ, өзім оны тіпті қаламадым. Түнде де дөрекі, күндіз де түзу сөзі жоқ. Өмірінің сəтсіздіктеріне мен кінəлі сияқты, бар ашуын менен алуға тырысатын. Ал, жап-жас Ата-енем, мені көрсе тыжырынып, сені алуға қанша шығындандық, қарызға кіріп кеттік деп, көк тиын ұстатпайды. Үйге де жібермей қойды. Кейін, абысынымнан есітіп-білгенім, ол менің алдымда бір қызды алып қашып келіпті, бірақ, қыз көнбей, бəрін сотқа берген екен. Сол жағдайдан басын арашалап алу үшін, тез арада үйленуі керек болып, мені алып қашып келген.
Енді, ол ісі ақшамен бітті. Сонда, қарап отырсаңыз, менің өмірім — олар үшін түк емес, Əке-шешемнің аялап өсіргені, болашағымнан зор үміт күтіп, оқытқаны бір тиын. Өмірімді қорлап, өз пайдаларын ғана ойлап, тағы да маған теріс қабақ танытып жүр.
Не деген адамдар, ақырында шыдай алмай, төркініме кетіп қалдым. Ол мәселе енді артта қалды, айтқаннан пайда жоқ. Енді жанымды қинайтыны, артымнан ерген сөздер. Сөзге ілікпейін деп, соңғы кезде көпшілік орындар мен той-жиындарға бармайтын болдым.
Жұмысымда да сол жағдай, қасымдағы əйелдер күйеулерін менен қызғанып жүреді. Сондықтан, ұжыммен де көңіл көтеруге барғым келмей қалды. Жан құрбым деп жүрген Сəбирамен жақын араласып жүргенмін. Ол да жақында тұрмысқа шыққан, күйеуі де жас. Соңғы кезде, ол менен іргесін аулақ салып, көзімше күйеуін құшақтап, сүйіп отыратын əдет шығарды. Мен тұрмысқа шыққан соң, 8 айдан кейін ажырасқанмын, ал Сəбирамен жақын араласып жүргеніме де 5 жыл болды.
Мен ажырасқаннан кейін, Сəбира күйеуін қатты қызғанатын болды. Басында жаман болып жүрдім, бірақ есімді жиып, неге ұялуым керек, менің кінəм жоқ, арым таза деп, мəн бермеуге тырыстым. Бұл іс-əрекетімді басқаға жорыған құрбым, менімен араласуын қойды.
Қойғанымен қоймай, мені жұртқа өсектеп, ажырасқан əйел, күйеулеріңді тартып алмасын, менің күйеуіме де тиісіпті деп, өсектеп жүрді. Бірақ, жақында Сəбираның да ажырасып кеткенін есітіп, жағамды ұстадым.
Ол күйеуін орынсыз қызғана берген соң, күйеуі тастап кетіпті. Ішімнен, мүмкін менің наламнан да шығар деп ойладым.
Негізінде, біреуге орынсыз жала жауып, жамандауға болмайды. Кімнің алдынан кім шығыпты, ертең алдыңда өзіңді не күтіп тұрғанын білмейсің ғой. Сондықтан, буынсыз жерге пышақ ұрмай, жаралы адамды, одан бетер жаман етіп алмайық. Бұрындары, осы жағдай қатты мазамды алатын, басымды тік көтеріп жүруге ұялып жүретінмін, ал қазір, өзімді қолға алдым. Себебі, ажырасқандардың барлығы бірдей емес.
Жадыра Н.
Алматы қаласы. "Əйел құпиясы" газетінен