«Жігітім мүгедек болып қалды»: Енді оған тұрмысқа шықпай-ақ қойсам ба екен?
Асыға күткен тойымыз болмайтын сияқты. Біздің жоспарымыздың күл-талқаны шыққалы тұр». ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Айнұр есімді қыз әңгімесін осылай деп бастады.
«Негізі Айдар екеуміз бір өңірдің тумасымыз. Ақтауда, университетте оқып жүргенде танысқанбыз. Көп ұзамай қарым-қатынасымыз махаббатқа ұласты. Былтырғы жылы екеуміз де оқуымызды бітірдік. Мен қаладағы ауруханалардың біріне дәрігер болып орналастым. Ал Айдар бір мекемеге есепші болып кірді. Осы жазда шаңырақ көтеруді жоспарлағанбыз. Бұл ойымызды туысқандар да құптап, жаңа жыл мерекесі қарсаңында Айдардың ата-анасы сырға салып кетті. Құдалық пен тойды тамыз айында өткізуге келіскен.
Бірақ қаңтарда Айдар жол апатына ұшырап, бел омыртқасына зақым келтіріп алды. Омыртқасы екі жерден сынып, қазіргі уақытта екі аяғы сал болып қалды. Өзім дәрігер болғандықтан әріптестеріме Айдардың медкартасын әбден тексерттім. Бәрі келісіп алғандай «Мұндай науқастардың тұрып кететіне сенім жоқ» деп шығарып салды.
Енді тұрмысқа шығу-шықпауды білмей, басым қатып отырған жайым бар.
Анам «кешірім сұрап, сырғасын қайтарайық, олар да түсінетін шығар» деп отыр. Құрбыларым да «сен енді бар өміріңді мүгедек жанмен өткізбейсің ғой» деп ойымнан айнытуда. «Бүгін аяушылықпен тұрмысқа шыққаныңмен, қанша уақыт бірге тұратындарыңды бір құдай біледі. Ерте ме, кеш пе бәрібір ажырасасың. Одан да осы бастан Айдардан бас тартып, басқа жігіттің етегінен ұста. Босқа өміріңді өксітпе» дейді олар.
Не істерімді білмей, басым қатып кетті. Жоқ әлде тағдырдың салғанына көніп, Айдарға тұрмысқа шықсам ба екен? Бірақ мүгедек Айдардың әке атана алмасы анық. Шынымды айтсам, өзімнің бұл сынды көтере алатыныма сенбеймін»