«Тойды белгілеп, өзі қашып кетті»: Болашақ күйеуі алдап соқты

Oinet.kz 13-04-2022 3018

«Сүйемін, күйемін» деп алған күйеуі бес айдан кейін Аиданы оп-оңай тастап кете салыпты. Жай ғана кетпей, әйелін кредитке батырып, тақырға отырғызып кеткен. Оқиғаның қалай болғанын Аиданың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді. 

Screenshot_9.jpg

«Оқуымды бітіріп, мектепке мұғалім болып орналасқан жылы Әлібекпен таныстым. Бізді бірге істейтін Жансая есімді қыз таныстырды. Күйеуінің жолдасы екен. «Әлібек мықты жігіт, әскери қызметкер. Түр десең түрі, бой десең бойы бар, қалада тұрады, саған одан артық не керек?» деп таныспасыма қоймады. 

Ол Атыраудағы әскери бөлімшеде жұмыс істейтін, біраз уақыт «уатсаппен» сөйлесіп жүрдік те, кезекті еңбек демалысына келгенде кездестік. Ол Атырауда жүргенде-ақ «Осы демалысымда үйленейік, соза беріп қайтеміз?» деген. Елге келген соң бір аптадай жұбымыз жазылмай, қаланы әбден қыдырдық. Содан соң екеуміздің ата-анамыз тәтті шай ішіп, той қамына қызу кірісіп кетті. 

Мен үйдің үлкенімін, әкем «қызымды қолдан ұзатамын» деп тұрып алды. Дереу аудан орталығындағы тойханаға тапсырыс беріп, келетін қонақтардың тізімін жасап, анам екеуміз артымнан апаратын киімдерді алып, әбден шабылдық. 

Сонымен не керек, мен Әлібектің үйіне келін болып түстім. Мені апарып салуға екі жеңгем, екі әпкем барған. «Мынау келіндеріңіздің киімі» деп апарған екі чемодан киімді енем «Біздің үйде заттар өте көп, Аиданың қалада тұрған пәтеріне апарып қоя салыңыздар, Атырауға кетерде сол жақтан алып кете салады» деп қайтарып жіберіпті. Біртүрлі болдым. Даңғарадай үйден менің екі чемоданыма орын табылмағаны несі десеңізші... 

Әлібек екеуміз көп бөгелмедік, еңбек демалысы аяқталып қалды да, дереу Атырауға көшіп бардық. Мен бұл кезде жұмысымнан үш айға ақысыз еңбек демалысын алып кеткенмін. Әлібек таңның атысы, кештің батысы жұмыста. Үйде жалғыз өзім, істерге тірлік жоқ, ішім пысып кетеді. Бөтен қала, бөтен үй, үйренісу оңай болмады. Әлібек кей күндері үйге келмей де қоятын. «Жұмыс көп, тексеру келіп жатыр, қағаздардан бас алмадық» деп құтылатын. Аузым ашылып, соның бәріне сене беріппін ғой. 

Үш айдан соң біздің үйлену тойымыздың күні белгіленді. Екеуміз Шымкентке келдік. Енем «біздің тойға, құдалардың киітіне шамалы ақшамыз жетпей жатыр, тапқан-таянғандарың болса, қосыңдар» деді. Әлібек «мен отпускамның ақшасын қалың малға жұмсап қойдым, әскери адам болған соң кредит алуға да болмайды» деді мұрнының астынан. Сол кезде мен ұялғанымнан «Менің атымнан несие алайық, кейін жайлап төлеп тастаймыз ғой» дедім. Ата-енем қуанып кетті. «Біздің де кредиттеріміз көп еді, банк бермей, не істерімізді білмей отыр едік, мынау дұрыс болды» деп, ертеңіне енем екеуміз банкке бардық. «Бір миллион ала бер, қалғанын бірдеңе етерміз» деген, айтқан соманы алып, қолдарына ұстаттым. 

Ертеңіне Әлібек «мені Атырауға шақыртып жатыр, бармасам болмайды, жұмыста бір проблема шығыпты» деді де, ұшаққа билет алып, кетіп қалды. Дым түсінбей қалып кеттім. Сол кеткеннен Әлібектен хабар жоқ. Телефонын көтермейді, не өзі хабарласпайды. Енем де сыр білдірмей бір апта жүрді. Баласымен менен тығылып сөйлесетінін байқасам да, үндемедім, әліптің артын бағайын дедім. 

Бір күні шыдамадым, «мама, Әлібек қайда, той жақындап келеді, дайындалуымыз керек, көйлек алмаймын ба, лав стори түсірмейміз бе» деп шет жағасын сұрап едім, «Мен де дым түсінер емеспін, келмеймін, Аидамен тұрмаймын деп бет бақтырар емес. Өзің суытып алғансың-ау, әйтпесе енді үйленген балам сенен неге қашады?» деп өзіме жала жапты. Онысымен қоймай, «салақ екенсің, киімін дұрыстап жумайды екенсің, балам «апталап ыстық тамақ ішпегенмін» деп отыр. Маңдайының соры екенсің ғой, сені дұрыс келін болады деп үміттеніп жүрсем» деп өзіме бас салды. 

Мен дереу ата-анамды шақырттым, болған жағдайды бәріміз отырып талқыладық. Енем маған айтқан сөздердің бәрін ата-анама екі есе қосып тұрып жеткізді. «Қыздарыңызды ұлымыз қалап отырған жоқ, ол болмаса келіннің не керегі бар» деп мені ата-анама қосып жіберді. 

Әкем ызадан булығып, қан қысымы көтеріліп, «елдің бетіне қалай қараймын» деп намыстанып кетті. Анамның да іштен тынғаны анық. Оларға бір миллион теңге кредит әпергенімді айтпадым, оны естігенде екеуінің де күйіктен бір жағдайға душар болары анық. Енеме «кредитке алған ақшаны қайтарыңыз» деп едім, «Сенің қалыңмалың мен құдалыққа апарған заттарымыз миллионнан асып кеткен» деп тұтқаны қоя салды. «Мені пайдаланып, алдап алған ақшалары желкесінен шықсын» дедім де, бір Құдайға тапсырдым, басқа не істеймін? 

«Сүйемін, күйемін» деп үйленген Әлібектің Атырауда тағы бір сүйіктісі бар екен. Өзінен бірнеше жас үлкен әйелді ата-енем о баста жақтырмаған екен. Асығыс үйлендіргендерінің себебі кейін белгілі болды ғой. Бірақ күйеуім бәрібір өзі ұнатқан әйелге кетіп тынды. Екі ортада мен сорлап қалдым»

«Жігітім мүгедек болып қалды»: Енді оған тұрмысқа шықпай-ақ қойсам ба екен?
​«Інімді туған балалары әке деуге намыстанады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу