Өгей шеше балалық шағымды ұрлады...
Жетінші сыныпты бітірген жылы біздің ауылға бір ерекше бала келді. Аты-Ербол. Әкесінің бауыры Нарынқолда тұрады екен. Ерекшелігі сол-орысша таза сөйлейді, гитараның құлағында ойнайды, дауысы да әжептәуір. Кейде біз естімеген ақындардың өлеңдерін оқиды. Өзі біздің әулетке құда бала болып келеді екен, сондықтан алғашқы танысқаны да, кейін жақын досы да мен болып шыға келдім.
Соншама өнерлі, ақылды болғанымен үнемі көздеріне мұң толып, көңілсіз жүретін. Өмірдің өзі ерте есейткенi көп әрекетінен байқалып тұратын.
Сол бала ауылда бір айдай аунап-қунап болған соң үйіне қайтуға жиналды. Кетерінде маған қолқа салмасы бар ма! -Біздің ауылға жүр, -дейді, - Оншақты күн демалып кайтасың. Қапшағайдың суы іргеде тулап жатыр. Суға түсеміз. Балық ұстаймыз.Ойланып қалдым. Барғым- ақ келіп тұр. Каникул біткенше әлі екі ай бар. Ерболға да үйреніп қалғандаймын.
Үйдегілер алғашында қарсы болғанмен, ойланып,ойланып әкем келісім берді.
-Барсын!-деді,
-Екі қолын қалтаға салып сенделіп жүргенше демалып қайтсын! Оның үстіне бөтен емес, құдалар ғой...Балаға дұрыстап қарайтын шығар?..
Сөйтіп Ерболдың ауылынан бір - ақ шықтым. Керемет! Үйдің іргесінде теңіз шулайды. Алыстан кішігірім кемелер көрінеді. Ерболдың әкесі біз тұрғанда жұмысқа кетіп, үйде шешесі ғана қалады. Досым тұра салып терезенің алдында тұрған гүлдерге су құяды. Асықпай, баптап суарады. Кейде күбірлеп гүлдермен сөйлесіп жүргенін байқаймын.
Ал, шешесімен бір рет те тілдескенін көрген жоқпын. Міне, гүлдерін суға қандырып, сырын ақтарып болып, маған ымдап жатыр. "Көлге кеттік" дегені. Жүгіре шешініп көлге қойып кеттік. Әбден шаршағанда ғана жағалауға шығып, ыстық құмға аунап жатырмыз.
-Ербол!-деймін,
-Сен шешеңмен неге сөйлеспейсің? Ол кісі де үндемейді.
-Ол менің шешем емес,-дейді досым арқасын күнге беріп жатып,
-Анам екі жыл бұрын қайтыс болған. Әкем маған қарайды деп мына кісіні үйге кіргізген.
-Өгей шеше болды ғой, -дедім мен,
-Кейде ол да туған анаңдай болып кетеді деуші еді. ..
-Жақсы болса жағаласып нем бар,- деді Ербол жұлып алғандай,
-Үйге енгеннен анамнан қалған дүниелерді жоюдан бастады. Байқасаң үйде анамның бір суреті көрінбейді. Бәрін тығып тастады. Қалғаны анау гүлдер ғана.
Анам гүлдерді өте жақсы көретін. Уақытының көбі соларды баптаумен өтетін. Үй гүлдерінің өз ерекшеліктері болатынын алғаш анамнан естіп едім. Раушан гүлдері үйдің ауасын тазалайды. Ана бір гүлдер үйге енген ниеті жаман жандардың жағымсыз энергиясын өзіне тартып алады...
Шешем өмірден өтерінен екі күн бұрын мені шақырып алып, маңдайымнан сипап, кемсеңдеп жатып, "балам ақылды бол, гүлдерімдi қарай жүр" дегенін ұмыта алмаймын. Үйдегі гүлдер анамнан қалған жалғыз естелік қой мен үшін......
Ербол аунап түсіп, бір уыс бұлт жоқ көгілдір аспанға қарап үнсіз жатты. Мен де мазаламадым. Гүлдермен күнде неге сырласатынын енді түсінгендеймін.
Күндер осылай өтіп жатты. Ерболдың гүлдеріне су құйып, күбірлеп әңгіме айтатынына да көз үйренді. Бір күні күн батқанша балық ұстап, кеш қайттық. Үйге кіре бере досым аңырап қоя берді.
-Гүлдер...гүлдерімдi құртыпты! Терезе жаққа қарағанмын. Обал-ай! Таңертең жайнап тұрған гүлдер бүрісіп, бүрісіп құлап жатыр. Айқайды естіп түпкі бөлмеден өгей шеше шықты.
-Біреу өлгендей неге бақырасың? - деді сұрланып. Гүлдеріңе тыңайтқыш сатып әкеліп, сала қойып едім...Қайдан білейін? Солды да қалды ғой.
Ербол ештеңе демеді. Жылаған күйі далаға атып шықты. Артынан еріп келемін.
-Әдейі істеді! Анашым-ай, гүлдеріңе қарай алмадым. Сені сағынғанда гүлдеріңдi иіскеп мауқымды басушы едім. ..Енді маған бұл үйде ештеңе қалған жоқ. Кетемін. Жылап барады. Сөйлеп барады. Менің де көзімнен жас парлап қоя бергені....
Ертесі Ербол менімен бірге біздің ауылға қайтты. Үйіне қайтып оралған жоқ. Мектепті Нарынқолда бітірді. Сол досым кейін медициналық институтты бітіріп, елдегі ең білікті дәрігерлердің біріне айналды. Осы әңгімені жазып отырған пақырды да ажалдан арашалап қалғаны бар.
Жуырда үйіне шақырған. Хан сарайдай кең бөлмелерін аралап жүргенмін. Көзім терезенің жақтауында тізіліп тұрған үй гүлдеріне түскені. Үлбіреген кіл әдемі гүлдер.
-Анамның аманаты ғой , - дейді досым,
-Күнде таңертең өзім су құямын. Кейде сырласып қоятыным бар.
-Кешірші! -деймін,
- Өгей шешең бар ма?
-Ол кісі әкем өмірден өткен соң, үш күннен соң -ақ үйдегі бар жиған, тергенді тиеп алып, бір күнде тайып тұрған. Шешемнен қалған ұсақ, түйекке дейін іле кетті.
Кейін мынау қалалық ауруханада бас дәрігер болып тұрғанымда шұғыл операция жасау керек болып жетіп барсам, өлім мен өмірдің арасында арпалысып өгей шешем жатыр...Сосын,- деймін, Сосын не болды?
-Мені бірден танып жылап қоя берді. Өміріме қасірет сыйлаған, анамның аруағымен алысып, гүлдеріне у сеуіп өлтірген, онымен қоса менің де балалық шағымды өлтірген адамның өмірі менің қолымда тұрды. Сенесің бе, мен осы сәтті қаншама жыл күттім! Талай түн өгей шешенің қиянатын ойлап қиналып шықтым. Бірақ, үш сағат бойы операцияны өзім жасап, оны өлімнен алып қалдым...Бас тартуға да болар еді. Дәтім жібермеді. Кейін қиыншылықта қайтыс болды деп естідім. Жалғыз қалған екен...Жаза шығар!
Осыны айтып досым гүлдерін аялап сыйпай бастады. Кейбіріне күбірлеп сөйлеп қояды. Анасы есіне түскен шығар? Аманат қой.
Авторы белгісіз (ВК әлеуметтік желісінен алынды)