Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бір әйел шетелде тұратын бір ер адаммен танысады. Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт бойы сөйлеседі. Жағдай солай болды. Жай ғана таныстық. Олардың ортақ әңгімесі көп еді: білімі, әуестігі, қызығушылығы... Бір күні бейнеқоңырау шалды. Кездесейік деп шешті. Марина оның еліне қонаққа келді. Жігіті интернетпен ұсыныс жасап та қойған. Кездесті. Бәрі тамаша. Тек... Тек жігіттің иісі көңілден шықпады. Жо-жоқ, жаман ойлап қалмаңыз. Оның үстінен жаман иіс шығып тұрған жоқ еді. Әтірі де әдемі. Бәрі дұрыс. Тек Маринаны құшақтағанда иісі бөтен. Жат. Марина түк істей алмады. Теңіз жағасындағы тамаша өмір күтіп тұрған Марина бәрінен бас тартады. Отбасы құру үшін өз адамыңды табу қажет деп ойлады. Жігітіне жасырмай бар шындықты айтты. Кешірім сұрады. Сөйтіп, еліне қайтып кетті. Сол шешімі үшін бәр сәтте өкінген емес. Ол адам бұған жат еді.
Бұл, бәлкім, иіс те емес шығар. Осындай сезім туралы баяғының философтары жазып кетіпті. Бұл жанның «иісі», сол адамның өзіне тартатын қылығының иісі. Иіс дейміз, себебі басқаша түсіндіру қиын.
ХVI ғасырдың басында Агриппа Неттесгеймский: «Мускус пен жалбыз тұрған жеріне өз иісін сіңіреді, сол секілді жаман адамнан жамандықтың, жақсы адамнан жақсылықтың иісі шығып тұрады» деген екен. Сол жақсы мен жаман «біздікі» не «бөтен» болуы шарт емес. Иіске қатысты тәжірибелер атам заманнан бері бар. Кей иіске елітеміз, кей иістен тұншығамыз. Өзіңнің иісің бар, бөтен иіс бар. Айтпағым, бұл жай иіске қатысты айтылып тұрған жоқ. Бұл әлдеқайда күрделі дүние.
Адаммен алғаш рет кездескенде жеке-дара иісін сезінеміз. Тіпті мұрнымыз бітіп тұрса да, оны сеземіз. Бұл бір ерекше, «энергетикалық жұпар». Оны иіс сезу мүшемізбен емес, жанымызбен, жүректің дір етуімен сеземіз. Сол «дара иісті» елдің бәрі сезіне бермейді. Тек сезімтал жандар сезеді. Әсіресе, бала қатты сезеді. Бірақ бала не сезінгенін толықтай түсіндіріп айтып бере алмайды. Кейде ересек адамның өзі түсіндіріп бере алмайтын сезімдер болады. Ол адамнан «бір түрлі иіс» шығатынын айтып көр...
«Сараңнан көртышқанның иісі, жек көрушіліктен – өліктің иісі шығады» - деп сипаттапты адамдарды 20 ғасырдағы дәрігер Стринберг. Көртышқанды иіскеп, соны адаммен салыстырды деп айту қиын. Дәрігер өзінің түпсанасында сезінгенін сипаттаған. Адаммен алғаш танысқанда түрлі бейнелер мен ассоциациялар болады. Кейде олар уақыт өте келе өзгеріп кетеді. Ондай да болады. Әйелінің көзіне шөп салған ерінің иісі өзгереді. Іштей бізді көреалмай, зиякестік жасаған адамның иісі өзгереді. Ажалдан хабар алған адамның иісі өзгереді – мұндай феноменді ғалымдар қазіргі таңда анықтап қойды. Бізге етене жақын, таныс, жағымды иіс жоғалады. Орнын жағымсыз иіс басады. Бір әйел күйеуінен формальдегидтің иісі шығатынын айтады. Сонадай жерден мүңкіп тұратын химиялық қосылыстың иісі. Біраз уақыттан соң олар айырылысады. Бір қызығы, күйеуі сол әтірін сеуіп, өте таза жүріп, таза тұратын. Анасының айтқанынан шыға алмайтын әдет тауыпты. Арадағы иіс бұзылды.
Адамды алғаш жолықтырғанда иіскеп көріңіз. Оның иісіне мән беріңіз. Әтірінің емес, өзінен шығып тұрған, жан дүниесінің иісіне мән беріңіз. Сол иістен шыққан әсерді немен сипаттар едіңіз? Бәлкім, ол әйелден саяжайдағы балалықтың бал күнінде қайнататын тосаптың иісі шығып тұрар. Экзотикалық гүлдің, не қабыланның иісі шығып тұрған шығар. Қабыланның иісі қандай екенін кім білген? Бәлкім, ол адамнан балқып тұрған темірдің, ашу-ызаның иісі шығып тұрар. Мүмкін, күл мен шіріктің иісі шығар.
Бұндайды әр адам өзінше түсініп, сезінеді. Ешкімге айтып бере алмас әсер. Иіс деген өте күшті сезім. Оны ешбір әтірмен бүркей алмайсың. Бірақ, кей адам сөйткісі келеді. Нені жасырғысы келді деп ойланасың. Бұл жасырынбақтан түк шықпайды. Себебі, әр адамнан өзіңнің, не бөтеннің иісін сезінесің. Жаман, я жақсының. Мұндай иісті сезінгенде маңызды ақпаратты ұмыт қалдырма. Кімнің керек, кімнің бөтен адам екенін танып үлгер. Бөтен, жат, қауіпті адамнан аулақ жүріп үйрен.
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда
Фейсбуктегі парақшасынан