Қалқаман Сарин. «Туған ауыл»

Oinet.kz 04-10-2018 1112

Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,

Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!

Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,

Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.


Туған ауыл. Бәрі есте... Балалық шақ,

Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.

Кешір мені, күнәсіз балалығым,

Қала алмадым ауылда саған ұқсап.


Қатты маған қызуың күннен сенің,

Сағынышым өзіңсің, мұң мен шерім.

Қайран ауыл, қалдың-ау үзіп алып,

Жұдырықтай жүректің бір бөлшегін.


Тұрғанда жасыл өлке жырға тұнып,

Көшіріп алушы едім, қырда отырып.

Жауһардай жырға құмар жүрегімді,

Алар ма ем, тұнығыңа бір батырып.


Көнермес қасиет бар келбетінде,

Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде!

Ауылым, сенен алған тұнық сезім,

Жанымды бір ән болып тербетуде.


Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің,

Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.

Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,

Қарашығы секілді қара көздің!

Қалқаман Сарин. «Мадақтап мінсіз Алланы»
Қалқаман Сарин. «Ертістің бойы...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу