Ибрагим Исаев. «Бейіт»

Oinet.kz 30-09-2018 820

photo_264593.jpeg

Өлінің үйі екенін сезгенменен,

Көрдім де бір бейітті күмбездеген.

Байқадым, тірі кезде асып-тасқан,

Пейілі өлгенде де өзгермеген.

 

Жүрмейді айтқаныңмен өмір сенің,

Бұл жанды сырттай ғана білуші едім.

Қол ұшын бермей кеткен ешбір жанға,

Ешкімнің түсінбеген көңіл шерін.

 

Өзі емес, жатыр мұнда сүйектері,

Баяғы жылуы жоқ жүректегі.

Құлқынын тойдыра алмай өтті өмірден,

Білмеймін, осы жанға не жетпеді.

 

Жетпеген оған жалғыз мейірім еді,

Ол өзін мейірімсіз боп әйгіледі.

Онда да сәби жүрек елжіреді,

Ал, енді тоқтады екен қай жүрегі!?

 

Бар еді талай сарай, талай бағы,

Қалды екен өлген кезде қалай бәрі!

Осынау қу дүниеге тоймай көзі,

Жатса да іріп-шіріп қарайды әлі.

 

Өзінің денесіндей бөлмесінде,

Не ойлап жатыр екен өлгесін де.

Мәңгілік көрші болып тұрақтапты,

Елеусіз бір мүсәпір іргесінде.

 

Бірі бай, бірі кедей, екі бейбақ,

Белгісіз енді нені жатыр ойлап.

Мүсәпір кетті пейіш есігіне,

Сараңды кетті дозақ отына айдап.

 

Мүсәпір көршісіне алаңдады,

Пейіштің маңайынан таба алмады.

Сырласып жүргісі кеп о дүниеде,

Іздеп жүр сол мүсәпір сараңды әлі.

Ибрагим Исаев. «Нүкте»
Ибрагим Исаев. «Сөз қадірі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу