Жәнібек Әлиман. «Жанар»
Жаныма жұмбақ күй тұнып ауыр,
Қана алмай кеткем сиқырыңа бір.
Кездесе кетсем үздіктіретін
Сұлуым едің сүйкімі лағыл.
Шашылған шақта жүзіңнен жақұт
Табатындай-ақ ізіңнен бақыт.
Сырғаңдай діріл қағатын жаным
Мойылдай көзің сүзілген уақыт.
Даусының тәтті сазынан ерен,
Жолына жыр боп жазыла берем.
Ауызын ашса ай-жұлдыз құлап
Өріле кеткен назынан өлең.
Нәзігі ме едің нәресте жырдың?
Әлемі ғажап ән ескегіңнің.
Көрмей-ақ кетсем қайтетін еді
Ынтығымды ұрлап тағы еске кірдің.
Кімге айтам мына күйімді бөтен?
Кеудеме жыр боп құйылды бекем.
Әлемнің күллі әдемі көркі
Бетіңе мең боп түйілді ме екен?
Бір сендік қашан алаң басылар,
Сағыныш сірә, бағаңды асырар.
Жазылмай жүрген мендегі жырдың
Үзігі сендік жанарда шығар.