Ермұрат Зейіпхан. «Жоңғар қақпасын көргенде»
Қанша байлық кiсi бойы құбырмен,
Арғы жақтың аранына жүгiрген...
Бiз бiлмеймiз,
Бiлемiз тек Алладан -
Медет тiлеу атар таңмен, iңiрмен.
Қаншама жер қалды екен арыда,
Суарылған бабалар тер, қанына...
Бiз бiлмеймiз,
Тiлеймiз тек Алладан -
Кiр түспесiн Алашымның арына.
Қаншама орман бiздерге тән бұталып,
Қаншама арман үлгiре алмай тұтанып...
Бiз бiлмеймiз,
Тiлеймiз тек Алладан -
Даламыздан кетпесе екен құт ауып.