Ақұштап Бақтыгереева. «Айдын көлдің арызы»
Қонатын қаздар қаңқылдап
Мөп-мөлдір еді айдыным.
Ойнайтын сазан жарқылдап,
Есепсіз еді байлығым.
Бетімде самал шайқаған
Билеткем түнде ай нұрын.
Қамысты нудан байқағам
Жолбарыстардың айбынын.
Менімен сұлу кеші де
Нұрлы еді дала таңдары.
Салатын ойнақ төсіне
Аққудың балапандары.
Қамысты шапты адамдар,
Өртеді біреу қалғанын.
Жойылды тірлік жағамда,
Мен енді шалқи алмадым.
Тартылдым, жағам тозғанда
Тайғандай бастан бар бағым.
Мергендер атқан қаздарға
Пана да бола алмадым.
Жоғымның орны толды ма?
Көркім жоқ жолшы мақтаған.
Қарала үйрек орнына
Шүрегей мынау қаптаған.
Шалқып бір жатқан күндерде
Құшақты жайдым баршаңа.
Сусының болып шілдеде
Ләззат бердім қаншама.
Жалынам бүгін бәріңе,
Үмітпен ұрпақ баққандар.
Қолыңнан келсе, әлі де
Жоғалтпай мен сақтандар.