Мұқағали Мақатаев. «Сонда да біз...»

Oinet.kz 09-01-2020 1389

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба,

Төрт тентегің «құтыңды қашырғанға»!

Бұл өмірде баладан асыл бар ма,

Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба!

Шектелмесін ашумен бар амалың,

Жарылмасын, сабыр ет, қағанағың.

Молшылық қой әзірше, заман тыныш,

Орындай сал балаңның қалағанын.

Белдігінді несіне шешіп алдың?

Таста әрі, балалардың есін алдың.

Қара борбай шағыңды ұмыттың ба?

Қырықыншы жылдарды есіңе алғын.

Жұтатұғын жалмауыз жұттан да әрі,

Есіңде ме сұрапыл сұқтанғаны?

Болса тапқан, болмаса бір уыс дән,

Бір шыны сүт, ал басқа түк қалмады.

Шәй орнына қайнақ су сораптадық,

Сонда да біз жамандық жолатпадық.

Барға мәз, балапандай тояттадық,

Сонда да біз өмірді жоғалтпадық.

Нанды беріп майданға, етті беріп,

Жұбандық өзіміздей кепті көріп.

Отарлы жан отырып қорек еткен,

Көк сиырға өмір бер деп тіледік.

Жазда аптап, қыста аяз қарып алып,

Арыдық та, ашықтың жарымадық.

Сонда да біз осындай сотқар едік,

Балалықтан басқаны танымадық.

Тірі қалдық, өлмедік сонда да біз,

Ошарлы жан, бір үйде он баламыз.

Ұзақ күнге даладан шаршап келіп,

Өлімсіреп қарайтын сонда Анамыз,

Өмір сүре бергеміз сонда да біз.

Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба!

Мұқағали Мақатаев. «Сонарда»
Мұқағали Мақатаев. «Суық күз сұрғылт...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу