Мұқағали Мақатаев. «Сонарда»
Күн аяз.
Қаңтарда ма, ақпанда ма,
Із кесіп, қан сонарға аттанғанда,
Қарайсың қырқаларға, қапталдарға,
Қарайсың ақ қағаздай жатқан қарға.
Аймақтың қоймай тінтіп түз-даласын,
Үрымтал жерін іздеп, із бағасың.
Аулақта бара жатқан бір жолаушы,
Жолыңды кесіп өтсе қызғанасың.
Іздер жатар қар бетін шиырлаған,
(Шұбыртады із шықса қиындаған.)
Қызыл түлкі қырқадан қылаң етсе,
Құмай-тазы соңынан құйындаған.
Қанды басьп бері тарт, бұйыр маған!
Сайқалды соға алмаса құмай-тазы,
Құм қылып жігеріңді, мұңайтады.
Көзді арбап, қызықтырған бұл фәниді,
Түлкі деп бұрынғылар шын айтады.
Жұтынған құмарынды жояр алдап,
Жалт беріп сайқал түлкі қояр арбап,
Сонардан қасқыр да емес, түлкі де емес,
Қайтасың бірді-екілі қоян аулап...