Алматыдағы жол апаты: Zeekr көлігі жолда өзге көлікпен жарысқан
Алматы қаласында өліммен аяқталған жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті жүргізуші медициналық мекемеде күзетпен орналасқан.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайларды қарастырады және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қамтиды.
Полиция хабарлауынша, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екінші көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан.
Zeekr көлігінің жүргізушісі жарақат алып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Қазір ол медициналық мекемеде күзетпен жатыр. Жағдайы тұрақталған соң, уақытша ұстау изоляторына қамалмақ.
Telegram-арналарда күдіктінің ірі кәсіпкер 32 жастағы Александр Пак екені айтылған. Сондай-ақ алдын ала болжам бойынша ол апат болған түні көшеде өзге автокөлікпен жарысып келе жатқан болуы мүмкін. Полиция жүргізушінің алкогольдік масаңдық жағдайын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындағанын хабарлады. Нәтижелер әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар, бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленіп, зерттеліп жатыр.


