​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Партияшыға

Oinet.kz 02-09-2019 907

Картинки по запросу Сұлтанмахмұт Торайғыров

Бай едің өз алдыңа шаруа баққан,

Шалықтап, шалқып сөйлеп, шалқақ қаққан.

Ойладың осы малдың арқасында

Мен-дағы атансам деп бір жез таққан.


Сол сағат келді саған мың пұт өсек.

Ал жауды үсті-үстіне кесек-кесек!

Жайлықта жеркенетін жексұр шалды

Амалсыз қабыл алдың көрпе төсеп.


Келгендер бәрі бірдей мақтай келді,

Мал-жанын салмақшы боп жақтай келді.

Қымыз ішіп, етіңді жеп болғанша,

Іш пікірін ішіне сақтай келді.


Сөзге нанып «ел бәрі мендік» дедің.

«Бөлемді аузына ұрып жеңдік» дедің.

Біреуі ат сұрады, біреуі ақша,

Бәрін бердің: «Бір жолға көндік» дедің.

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Өмірімнің уәдесі
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Сарыарқаның жаңбыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу