​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Кеше түндегі түс, бүгінгі іс

Oinet.kz 02-09-2019 872

Картинки по запросу Сұлтанмахмұт Торайғыров

Жіп-жиі көкте жұлдыз жымдасқандай,

Күлімдеп, айға қарап ымдасқандай.

Қорылдап, бас жақтарын бүркей түсіп,

Жер жүзі жатыр ұйықтап жын басқандай.


Түн жақтан қолын бұлғап Темірқазық,

Аймағым қалмасын деп жолдан жазып.

Толықсып тобын жазбай түрленіп тұр,

Нұрсызы нұрлысынан алып азық.


Шолпансып ерте туып Есекқырған*

(Сартты да соған сеніп құдай ұрған).

«Таң жақын, адаспаспыз жүрейік»,— деп,

Талайдың басы айналып дымы құрған.


Ұмтылып ойға, қырға оқтай ағып,

Ай қарап ортасында тұрған бағып.

Аралап ақырындап маң-маң жүзер,

Ел-жұртым тұр дегендей әлде нағып.


Қарақшы жеті жұлдыз шеттеп жүріп,

Құр сырттан жылтырайды алдап күліп.

________________________________________

*) Есекқырған — жұлдыздың аты.


Төрт жұлдыз екі-екіден босағада

Соларды аңдығандай тұр үңіліл.


Айқайлап: «таң мынау»,— деп Шолпан туып,

Өзгеден алты Үркердің түсі суық.

Жаудырлап жарық жұлдыз, тұс-тұсынан,

Нұр шашып бір-біріне тұрған жуық.


Қойғандай бір тәртіпте қолмен тізіп,

Жайраңдап жалт-жұлт етіп қандай қызық.

Жел қуып жапа шеккен сорлы бұлыт

Айға арыз айтпақ болды көзін сүзіп:


«Ардақты ай, алдыңа барсам,— деді —

Ортаға нақақтықты салсам, — деді.

Үркер мен желден керген қорлықты айтып,

Теңдікті сол арада алсам,— деді.


Мұны естіп алты Үркердің түсі жаман,

Шақшиды сол арада бұлан-талан.

Бұлтты енді тоқтатпаса айыбы ашылар,

Алдыңғы оған қылған ісі жаман.


Ақырын манағы бұлт өрлей берді,

Қозғалтып қол-аяғын сермей берді.

Алдынан әкемдетіп Үркер қысып,

Малтығып жүрген сайын терлей берді.


Мұңайып: «Үркер аға, қыспа, – деді, –

Мем сорлы аяқ-қолым қысқа, – деді,

Біз-дағы ай астында жүрген жан ғой,

Тең қылып өзіңменен ұста»,– деді.


Жіберді Үркер сонда ызғар төгіп:

«Ақымақ, кет, шық»,— деді ұрсып-сегіп.

Әлдімен арпалысар әдді қайсы,

Құлады жымдай болып жерге шөгіп.


Жатпады жерде тыныш тағы да аман,

Суытты Үркер қатты онан жаман.

Көк долы сатыр-сұтыр боран соғып,

Сары аяз быт-шыт қылды тарам-тарам.


Әр жерде әр қайсысын бір жел қуып,

Көз жасы көлдей болып бетін жуып.

Қыс алты ай, жаз алты ай деп айтушы еді,

Тұтас қыс болып кетті жазы суып.

Енді бұлт жылай берді тауға барып:

«Суыққа амал тап,— деп,— панаңа алып,

«Сен-дағы жермен көрші емес пе едің,—

Зар жылап бауырым деп ұран салып.


Таласқан аспанменен заңғар таусың,

Көз жасы заттасыңның саған жаусын.

Үркер қысып, жел қуған біз сорлының

Ардақты ай алдына жеткіз даусын!»


Мұны естіп ер жердегі биік таулар

Кез жасы бұлақ болып атқып саулар.


Түтінін шығаруға шарасы жоқ,

Ішінде зілзаланың* оты қаулар.

________________________________________

*) Зілзала (арабша) — жер сілкіну.


Таулардың біреуі айтты: «Мынау ақыл,

Жылысып бір орынға қелсек жақын.

Жиылып тамам таулар басты қосып,

Бір ақыл айтқанымыз болар мақұл»,


Орал мен Сібір тауы: — Жарар,— деді,

Бір пайда тамса мұнан тамар,— деді.

Міндетті мойындағы атқаралық,

Бермесе ай алдында қалар,— деді.

«Айдың нұры әлемге тегіс» дейтін,

Мейрімін момындарға салар,— деді.


Сол жерде Самар суы сарылдады,

Кекиіп кейін шапшып арындады.

Тау қозғалар қиямет болған жоқ деп,

Аптығып атып ұрып дарылдады.


Айтты: «Қозғал, қиямет күні болсын,

Ғарасат майдан деген үні болсын.

Әйтеуір бұлттың қолын бір жеткізем,

Мейілі оған дейін тоңса тоңсын.


Кім отыр сөздеріңді құлаққа асып,

Құр бекер мақтанбашы лақап шашып.

Теңізді өртеймін деп сары шыбшық,

Жұрт жиылған кезінде кеткен қашып».


Бас тау айтты: «Кекшиме, Самар суы,

Оншама кекшиетін ненің буы.

Қиямет мұнан артық қандай болар,

Мидан өтіп барады бұлттың шуы.


Жамылып күнбатыстың қара бұлтын,

Көрмейсін күншығыстың жара бұлтын.

Соқырдың сұрағаны көзі емес пе,

Қалайша бұлтияды маған ұртың?!


Қол шапты мына сезге тамам ағаш,

Қол шапқан өлде ағаш, әлде алаш.

Игілік реттелді деп тұрғанда,

Бір батыр тағы шықты жап-жалаңаш.


Ол батыр тікенекті тастақ төбе,

Келді де шабаланды жерді тебе,

Келденеңнен жабысты тауға барып,

Ыластап, ырабайсыз құсық теге.


Апырмай, мынау қалай батыр еді,

Әзелден батырлыққа жақын еді.

Самардың салқын сараң суын ішіп,

Өршеленіп, өшігіп ентігеді.


Ішкенмен тастаң төбе шөпті болмас,

Құр сида тікенекке бақыт қонбас.

Жеке өрлеп тауы бір сай, тасы бір сай

Түбінде бұл қалыпта ешкім оңбас».


Дегендей жердің жүзін мұнар басты,

Бұлт келіп күңгірттеніп төкті жасты.

Сенген қойым сендер ғой, қарағым, деп,

Қош айтқандай болысты, амандасты.


Қырауытып ағаш, шөптер сілкіп басын,

Алаңдап айыра алмады дос пен қасын.

Сол кезде Үркер келіп көзге елестеп,

Оянсам ағып қапты көзден жасым.


Осылай мен орнымнан тұрдым шошып,

Үркер тағы а... осып-осып.

Әркімдер тілегінше жори берсін,

Секілді еді осылай көрген жосық.


1913

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Кеше түндегі түс, бүгінгі іс
​​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Көңілді көндіретін тағдыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу