Мұқағали Мақатаев. «Революция жаңғырығы»

Oinet.kz 29-08-2019 980

Екі дүние ерегісіп жатқанда

Сұңқар құлап жартасқа,

Дауыл тұрған шақтарда,

Күшігендер ақпанда,

Сай,жыраны паналап,

Жемтік іздеп баққанда,

Жұмыр жерді аралап,

Кетті бір үн ғаламат.

Ұшты ақнық Дауылпаз

Қанатына жүк артқан.

Қалды тобыр мұнартқан,

Сұлулардың иісіне құмартқан

Қалды небір кеселдер:

Қорқақ. күншіл, мешелдер,

Бола алмаған көсемдер,

Көбік езу шешендер.

Соқты дауыл үйіріп,

Ұшты жасын, жай-оттар.

Болаттан құрсау киініп,

Шықты жалаңаяқтар.

«Дауыл бұлтты тіледі...»

Үндеген сонда кім еді?

Ол - Данконың жүрегі,

Ол - Еділдің ұлы еді.

Революция байрағын

Қанатына қыстырған

Дауыл бұлтты серпеді!

Жаратылған ұшқыннан

Ол - алапат өрт еді.

Құдіретіне Адамның

Дауылпаз басын иеді.

Горький - ұлы заманның

Ұрпаққа тартқан сыйы еді.

Горький - ойлар тартысы,

Ақиқат пен ардың ұлы.

Горький - революция жаршысы,

Революция жаңғырығы!

Мұқағали Мақатаев. «He деген керемет күн»
Мұқағали Мақатаев. «Өзеніне асыққан бұлақтайын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу