Мұқағали Мақатаев. «Мавр»
«Мое положение сейчас таково,что я должен во что бы то ни стало достать денег, чтобы вообще быть в состоянии продолжать работу»
К.Маркс и Ф.Энгельс
соч., т XXV стр 86
П р о л о г
«Адам бар ма мәңгілікке өлмеген,
Заман бар ма бағы тайып көрмеген,
Азап бар ма ауыр жолда көлбеген,
Ашу бар ма адам ұлы жеңбеген,
Ақыл бар ма шам-шырағы сөнбеген,
Батыр бар ма туды қолдан бермеген,
Ақын бар ма ақиқатқа шөлдеген??» -
Десе біреу.
Ол - сен. Мавр сен дер ем!
Айтар едім: ұлдың атын Мавр деп,
Шыңның атын Мавр деп,
Жылдың атын Мавр деп,
Дархан дала, кырдың атын Мавр деп,
Жырдың атын Мавр деп!
Маркс жырға Мавр болып еніпті,
(Кімдер қалай атаса да ерікті)
Мавр - Фред! Неткен есім көрікті!
Жаттары емес, жақындары беріпті.
Мавр - Фред!
Екі бірдей ұлы есім...
Қинал ақын.
Қинал!
Ойлан!
Білесің!..
Тек есіңде түстенбесін бұл есім,
Мәңгі-бақи жүрегімде түнесін.
Осы есімдер - асқар ойдың шырағы,
Жырдың көзі, бұлағы.
Егіз есімді екі бөліп атасақ.
Бір-бірінсіз бірі өгейсіп тұрады.
Жаттары емес, бірін-бірі атаған,
Абзал жанды екі Адам!
Мавр - Фред!
Қала бермек осылай,
Аталарға - Атадан.
Бір-ақ жүрек - екі Адам.
Маркс жырға Мавр болып еніпті,
(Кімдер қалай атаса да ерікті)
Мавр - Фред!
Екі есімді көрікті,
Жаттары емес, жақындары беріпті.
Жырдың аты - Мавр!
«То Трира черный сын с неистовой душой..
Из сатирической поэмы Ф Энгельса
I
Сырыңды алған, құныңды алған,
Өмір, өмір...
Өмір өзі - бір құйын.
Ұлы болып туылғаннан,
Ұлы болып өмір сүрмек тым қиын.
Қадір тұтар ғасыр, ұрпақ, халықтар,
Ұлы болып қалу қиын бәрінен.
Тірі адамға тірлік дейтін тамұқ бар
Қарсы алады ол орымен де жарымен.
Күнделікті күйбең өмір...
Күйбең өмір уақытты ұрлаған,
Күйбең өмір, күйбең өмір...
Күйкі өмірге құл болу да тым жаман!
Тағдыр дейміз,
Тағдыр дейміз ашына,
Талақ тағдыр - күйбең тірлік алдайды.
Ақымақтың бақ боп қонып басына,
Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.
Көзден ақса жүректегі қан-жылға,
Табына кеп, тағдыр дейміз жаншылып.
Біле тұра ұры арбакеш - тағдырға,
Уайымды ұстатамыз қамшы ғып.
Тағдыр дейтін боссөз, бос сөз, жарандар,
Өтірікке санаңдар!
Тағдырыңды жасайтын да адамдар,
Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!
Иә, иә, адамдар!
Кавеньяк, Муссолини, Гитлер
Жауыз;!
Бірақ бәрі адам.
...Жердің жүзі, білесіңдер, жарандар,
Жазылған жоқ олар салған жарадан.
Тамұқтарда, түрмелерде шіріткен,
Солар, солар асқандар да атқандар!
Білесіңдер, олар салған бүліктен,
Ана-жердің ақ жүзінде дақтар бар.
Олар ойды түрмелерде түнетті,
Олар сойды қанжоса ғып жүректі.
Даналардың дана миын саудалап,
Даналардың қанын сорып күнелтті.
Тағдырды олар тамұқпенен тыстады,
Жанды олар жала отымен ыстады.
Ұлылардың ұрпағын да, өзін де
Қара күштің қабірінде ұстады...
Санай берсең, бірі өтеді бірінен,
Олар бір дерт келе жатқан талайғы.
Опат болған ғасырлардың күлінен,
Отқа өртенген Брунолар қарайды...
Гитлердей бұзығының «сый» алған
Германия әлі күнге жаралы.
Ұлдарынан, ұрпағынан ұялған
Ару - Берлин жарты беті қаралы...
Сондай-сондай сотанақтар баяғы -
Содыр, сойқан, бүліктер:
Ақылдыға қақпан құрып қояды,
Ақымаққа сый-құрмет, біліп көр.
Біле тұра тағдыр дейміз, жарандар,
Бос сөз!
Бос сөз
Өтірікке санаңдар!
Тағдырынды жасайтын да адамдар,
Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!
...Сырыңды алған, құныңды алған
Өмір, өмір...
Өмір өзі - бір құйын.
Ұлы болып туылғаннан,
Ұлы болып өмір сүрмек тым қиын.
II
Бұрын адам сезбеген,
Бұрын адам көрмеген,
Қарсы аттанды ол қатерге.
Қарсы алдынан көлденең,
Қандай «сыйды» тартар екен жат елде.
Жел ұшырған өсек пенен мазағын,
Жердің үсті - оның елі, Отаны.
Арқалап ап ашынғандар азабын,
Елес болып кезді ол Европаны.
Европа тарс жауын қақпасын,
Іліп алды есігін.
Тірісінде-ақ тозақ дәмін татқасын,
Ол ұмытты қара бастың несібін.
Нелер милар бірісінен-бірі өткен,
Жалғай алмай жайғасқан-ды күресін.
Мавр болса терін ішіп күнелткен,
Ап бермекші ашынғандар үлесін!
Нелер ойлар қайталайды жаттанды,
Нелер милар шатынады, дат шалды!
Мавр болса, қарсы төніп қатерге,
Ең ақырғы азап жолына аттанды.
Теңіз сұсты, теңіз суық, тас бауыр,
Ойыншықтай тәлкек етер кемеңді.
Отыз бірде дана Мавр, жас Мавр,
Адамзатқа бақыт іздеп келеді.
Батпан зілмен бар өңірді жаныштай,
Барар жолы, басар ізі - дария.
Жынға бығып тояттаған барыстай,
Жатыр алда Ұлыбритания.
Азап - арал ауыр демін алды да,
Қою тұман жабылды.
Кеп түскенде арыстанның алдына,
Кім біледі, жұтты ма әлде Маврды?!
Кетті ме әлде, тырнағына ілікпей,
Бүйрегінен орын теуіп жыртқыштың?!
Бар мұхиттың қанын сорған сүліктей,
Бұл - Лондон.
Тәңірісі нық күштің.
Бұл - Лондон.
Капиталдың тас тұғыры қашаннан,
Капиталға ескерткіш боп жасалған.
Бұл - Лондон.
Ақша десе адамдар,
Басын сатып, бас алған.
Айқыш-ұйқыш афишалар қанжоса,
Ызғар шашқан суық үйлер, сұр үйлер.
Қаңғырудан басқа амалың қалмаса,
Баспалдаққа басың қой да, құри бер.
Күн қаладан шығады,
Күн қалаға батады.
(Күннің де өзін көндіріпті ырыққа)
Эмигрант,
Мұнда адамдар аштан өліп жатады,
Эмигрант, ұмытпа!!!
Ақылды да мұнда бар,
Ақымақ та мұнда бар.
Қуаныш бар, мұң да бар,
Арман да бар, сыр да бар.
Бұл - Лондон.
Мұнда біреу бақытты,
Мұнда біреу жынданар.
Жауыздық бар сескенер,
Жақсылық бар ес берер,
Бұл - Лондон,
Диккенстер, Теккерейлер өскен ел.
Өзін-дағы, өзгені де қандаған,
Бұл - Отаны рыцарлық намыстың.
Бұл - Лондон, сайқал бикеш алдаған,
Бұл - жүрегі барыстың
Эмигрант, танысқын!
III
Стол басы.
Бір жоқшылық.
Бір адам.
Бірін-бірі қалт жібермей аңдиды.
Бірге көрген, бірге төзіп шыдаған,
Бірге отырып, маңдай тіреп, қалғиды.
Адам - Адам. Ұлы адам!
Ал жоқшылық - атышулы қанқұйлы.
Адам оған қарағысы келмейді,
Ал жоқшылық қасарысып көнбейді.
Жоқшылыққа көнеді адам, өлмейді,
Ал жоқшылық өлмесе де, жеңбейді.
«Әй, жоқшылық, жоқшылық!
Алдағың да келеді.
Жанарыңнан от шығып,
Жалмағың да келеді
Әй, жоқшылық!
Heгe сонша әурелейсің Маврды,
Айтшы, Мавр неңді алды?
«Аллаң» алып қоймаса егер арыңды,
Беріл, енді нең қалды?!
Өкшелеме Маврды.
Кеше ғана тартып алдың «әуес» қып,
Оның жалғыз шапанын.
Бұл неғылған әбестік?!
Бұл қай қылған шатағың?!
Әй, жоқшылық!
Кімдер екен сені жерге тастаған?!
Heгe сонша әурелейсің Маврды?
Осы бір жан әсте сенен қашпаған,
Іздегені жерден дәйім табылды!
Брюссельде бірге болдың онымен,
Париж барды, ірге қондың онымен.
Сен жүресің ылғи оның жолымен,
Лондонда бірге отырсың мұнымен,
Әй, жоқшылық, о, неғылған зұлым ең!
Сенің өзің кімсің осы, жоқшылық?
Қарлы боран суық болса, ол - сенсің,
Қаралы күн жуық болса, ол - сенсің.
Үй ішінде жанжал болса, ол - сенсің,
Адамды адам алдау болса, ол - сенсің!
Арулардың абыройын төккен - сен,
Ауылдарда жұт болып та өткен - сен!
Бар жамандық сенсің жерді жайлаған,
Қасіреттер, қасіреттер айналаң!
Сенен де өткен сорақырақ қоғамың,
Адамдарға сені cop қып байлаған!
Адамдарға cop боп неге таңылдың,
Сен бар жерде өмір ғаріп, күн ғаріп,
Сен бар жерде, бір ғаріптен - мың ғаріп.
О, жоқшылық!
Бітсең егер Маврмен,
Кетер еді ол сені өзімен бірге алып.
Білем, білем. Сен онымен бармайсың,
Келгенше әлің жердің бетін шарлайсың.
Көшке ілескен бір бұралқы итке ұқсап,
Сен өмірден қалмайсың.
Тарт жоқшылық, тарт жолыңмен жөніңе,
Сен де өмірге сеніміңді сүйепсің...
Қоғамыңмен қоса тығар көріңе,
Мавр болсын ең бірінші сүйекшің!»
Осы бір ой қатер әкеп Женниге,
Осы бір ой мазалайды қашаннан!
Киер киім, ішер асқа кенде үйде,
Жоқшылық бар мрамордан жасалған.
Бесік басы.
Бір жоқшылық.
Бір Ана.
Ызбайланған ауру сәби, жас сәбң,
Осы үйдегі барлық байлық, сірәда,
Шыдамдылық, шыдамдылық, баста ми.
Ана төсін аймалайды жас сәби,
Аймалайды бір татым сүт таба алмай.
Кедейліктін, батпан зілі басқаи үй,
Кейиді кеп дертті, дімкәс адамдай.
Бүлк-бүлк сорып, сүт іздейді балдырған,
Таба алмайды әлсін-әлі шырылдап.
Сора-сора жауыр болған тандырдан
Сүт ориына қан шығады шымылдап.
Cop, нәресте, cop анаңның азабын,
Cop анаңның азабы мен бейнетін.
О, дүние! Осы екен ғой ғажабың!
Кейде ызғар, кейде шуақ, кейде түн.
Шақар тірлік шанағынан шорт сынып
Бір күрсініп аунап түсті ауыр күн.
О, нағылет, Неткен найсаң жоқшылық!
Титтей ұлын жұтып қойды Маврдың...
IV
Ломбард, ломбард...
Сен бір талшық дәтке қуат жоқтан бар,
Сен де өзіңше коммерсант, ал да бер.
Сен - алаяқ барды жалмап, жоқты алдар,
Ат жалынан пайда тапқан саудагер.
Ломбард, ломбард...
Ceн риза алғанға да, сатқанға,
Баршылықта «қасиетіңді» таныр кім?!
Арзан төлеп, алып қалдың ақпанда,
Мешпеті мен бәтеңкесін Маврдың.
Апандағы аңтарылған құландай,
Өз үйінде өзі отыр ол қамалып.
Қарыс жерге қадым ұзап шыға алмай,
Білесің бе, қамауда отыр даналық?
Уысында жоқшылық пен сырқаттың,
Улана ма дәрмені жоқ адамдай.
Білесің бе, Болашағы ұрпақтың,
Қамауда отыр киер киім таба алмай?!
Өмір, өмір!..
Бәрінен де сен шебер,
Ойлайсың ба адам қамын, ел қамын?
Ех, Ленхен! Ломбард көнсе егер,
Сатар еді өзенін де Темзаның.
Біраз күнге ол, патша болса, күні ертең,
Кедейлікке сыйлар еді несібе.
Ал Маврға...
Ех, Ленхен, Ленхен!..
Бар байлықты берер еді несие.
Мавр үшін, Женни үшін, бәрі үшін,
Жасар еді, көз көрмегеи жақсылық.
Жояр еді ол жоқшылықтың бәрісін,
Болмас еді, қараң қалған тапшылық.
Адамдарға үлестіріп барыңды,
Жеңер едің күйкі өмірді желіккен.
Ех, Ленхен!
Сенің жомарт жаныңды,
Патша,етіп жаратпаған неліктен?!
Мынау Темза.
Жалын атқан, бу атқан.
Арман, азап мекендеген жиегін.
Алты пұттық ауыр балға уатқан,
Арып-ашқан пролетарлар сүйегін.
Ех, Ленхен!
Өмір - азап, ауыр күн,
Сен де өзіңді сенделтесің, қинайсың.
Мешпеті мен бәтеңкесін Маврдың
Қалай алып, қашан оған сыйлайсың?!
Ломбард, Ломбард...
Тоқта, Ленхен, Ломбардтың алдында.
Өтіп кеттің, қалайша сен жаңылдың?!
Женнидің де юбкасы бар мұнда,
Бәтеңкесі, мешпеті бар Маврдың.
Есіңде ме, бір бұл емес келгенің,
Есігін аш, сыр алдырма, бас ұрма!
Қалтаңдағы жинаған мен тергенің,
Мавр үшін қалып қойған осында.
Тағы тұман.
Және жауын сібірлеп,
Және, міне, дым бүркеді баяулап.
Реніш жоқ, іштей ғана күлімдеп,
Музей жаққа тартты Мавр аяңдап.
Қара түнек, қара түнді шарпыған,
Ойлар, ойлар, ойлар кетті соқтығып.
Сүйретіліп бара жатты артынан,
Сол баяғы, сол сүмелек жоқшылық...
Британия музейі.
Ғасырлардың қазынасына толған зал,
Фараондар,
Қасиетті сиырлар.
Қасіретті халықтардан зорланған.
Қасіретті бұйымдар.
Ойран-асыр - жері күл де, елі құл,
Осында тұр отаршылық күш - қайғы.
Искусство сарайынан гөрі бұл -
Озбырлықтың ордасына ұқсайды.
Алтынменен оқалаған түндігін,
Отаршылық зәрі еседі сұр залдан.
Африка, Кипр, Фарсы, Үндінің,
Асылдары осында тұр ұрланған.
Ертедегі Ефрат пен Ніл елі
Жатыр мұнда.
Әр ғасырдан - бір бұйым.
Музей емес, отаршылдық жүрегі,
Искусство сарайы деу тым қиын.
Сұп-сұр залға тұтқын етіп жіберген,
Трофейлер, трофейлер көл-көсір.
Озбырлықтың ордасы бұл түнерген,
Музей емес, отаршылдық көрмесі.
Азулыға ақымақ боп алданған,
Сорлы Азия. Африка мұнда бар.
Басқанікін барымтамен малданған,
Сұп-сұр залда - әр ғасырдан бір хабар.
Мавр білмес, Мавр түймес бар ма сыр,
Ол қарап жүр, ой таласып жадында.
Сұп-сұр залда сұқтанып кеп әр ғасыр
Мұң шағады Маврға.
Портреттер...
Үнсіз, тілсіз тұрғандар:
Өткен жандар, кітап болып қалғандар,
Әрқайсында ашылмаған сырлар бар,
Айтылмаған арман бар.
Ар ма, адамдар, кітап болып қалғандар!
Өткен өмір, заманалар сыр, түсі -
Кітап, кітап...
Кітап мәңгі өле ме?
Сан мың ойдың, сан мың мидың қыртысы,
Сарғайып тұр қатар-қатар сөреде.
Өмір сырын ерте келіп, кеш білсе,
Өкінішті, өзіңді-өзің алдайсың...
Өкінішті, егер ойың ескірсе,
Кітап мейлі, сөрелерде сарғайсын.
Бұрында - өткен алуан сырлы дана бар,
Даналардың істерінін, бәрі ізгі.
Бірақ, Мавр ойларына барабар,
Негізгі сөз айтылмаған тәрізді.
Мавр қалай, қайтіп оны таба алар,
Бүгінге де, өткенге де үңілді.
Өре тұрып, өліп кеткен даналар,
Өз ойларын қорғамақ боп, тірілді.
Егесіндей ертедегі құдайлар,
Бірін-бірі қарынды отқа, жалынға.
Қаңтығысты ұлы милар, ұлы ойлар,
Британия музейінің залында.
Ұлы ойлардың күресінің бәрі ізгі,
(Күрес керек ұнамай ма, ұнай ма?)
Ақиқатты айтпай кеткен тәрізді,
Адам емес, «пайғамбар» да, «құдай» да.
Дана салған даңғыл ақиқаттардың,
Терісі бар, дұрысы бар - бәрі ізгі.
Алайда олар қарсыласқан таптардың,
Таластарын таппай кеткен тәрізді.
Таба алмаған сырлары көп олардың,
Талай бастың жанары өшіп, миы ақты,
Алайда олар даму заңын қоғамның
Айта алмаған, аша алмаған сияқты.
Айналдырған даналардың ақ басын,
Ашылмаған құпия бар алда бір.
Даналардың тартпай кеткен қақпасын
Ашып қара, ашып қара ал, Мавр.
Еңбек, товар.
Құны олардың неге тең?!
Екеуін де еркін сорып жатқан кім?!
Қайшылығы, қарсылығы неде екен,
Қанаушы мен қаналушы таптардың?!
Кедейі бар, кеселі бар, байы бар,
Залым қоғам қалай етсе жөнделер?!
Қалай етсе азабынан айығар,
Күшін, терін, өмірін сатқан пенделер?!
Залым қоғам!
Опасыздық бар мұнда,
Адамдарды адастырған еріктен.
Әлсіздердің әлділердің алдында,
Бас ұруы, басылуы неліктен?!
Жолдар қайсы,бостандыққа баратын?!
Қайда шара, қайда айла, әрекет?!
Адамдардың басын сатып алатын,
Қайдан шықты ақша дейтін бәлекет?!
Құн деген не?
Құл деген кім, байлар кім? !
Залым қоғам бұл неғылған шатпағы?!
Ойла, Мавр, саған дейінгі ойлардың,
Айта алмаған, аша алмаған заттары?
Егесіндей ертедегі құдайлар,
Қасарысып бірін-бірі шалуда.
Қақтығысты ұлы милар, ұлы ойлар,
Британия музейінің залында...
V
«Капитал» -
Адам ақылының асқары,
Пролетариат жүрегінің дүрсілі.
Дана өмірдің дастаны,
Дана мидың жыр, сыры.
«Капитал» - Хабаршысы дауылдың,
Революция құралы.
Азап шеккен қауымның,
Алдындағы шырағы.
«Капитал» - Ғасыр бойы күйзелген,
Адамдардың көз жасы.
Ақыл болса үйренген,
Ұлағатты сөз басы.
«Капитал» - Капиталистік түрмедегі,
Қайсар ой, қайтпас жүрек,ашынған үн.
«Капитал» - Көреген инженері
Капиталистік машинаның.
«Капитал» - тұл қоғамға атылған оқ,
Жалынын алаулатып шашылған от.
Барлық ел пролетариаты жүрегінде,
Қызуы әлі күнге басылған жоқ.
...«Капитал» - Мавр өмірі.
Ұлы жүрек азабы мен арманы...
Ащы тірлік ауыры мен жеңілі,
Кейде жығып, кейде оны алдады.
Ол қайғырды...
Қайғырмады, ашынды!
Ол жылады...
Жыламады бекінді!
Ол өзінен өз қайғысын жасырды,
Ол өзінен, жылама, деп өтінді...
Ұлы жүрек жылай-дағы біледі.
(Ұлы жүрек жыласа тым қиын-ақ)
Ой қорытты оның алып жүрегі
Адамзаттың бар қайғысын жиып ап.
Қарлығаштай қанатымен су сепкен,
Фред, Женни,
Қалай бітпек ұлы еңбек.
Ажал келіп, алып жатты бір шеттен.
Маркстердің семьясын түгендеп.
Жокшылықтың жалыны мен оты кеп,
Кей сәтте оны жабыла өртеп жатқан-ды.
Адал досы, адал махаббаты кеп,
Арашалап ап қалды.
Достық!
Қасиетті достық!
Махаббаттан жоғары.
(Тұрақсыздар татымайды дос деуге)
Нағыз достық - бір жүрекпен соғады,
Бір-ақ жүрек - қос кеуде.
Махаббаттан достық биік әрқашан,
Нағыз бақыт - дос жүрегін тапқаның.
Опасыз боп, егер досты алдасаң,
Отаныңды сатқаның!
Достық - Одақ!
Опасыз күш кіре алмас!
Бұзылмас орда, тас қамал.
Достық - құдірет, рухтары ұрандас,
Жаттары да, жаулары да жасқанар.
Екі досты, адамзаттың қос Күнін,
Достықтардың құдіретіне балаймын.
Маркс пенен Энгельстің достығын,
Жалпы адамның баласына қалаймын.
Секілденіп шағылдағы қос терек,
Саясынан самал соғып, жел ескен;
Ұлы болу үшін-дағы дос керек,
Ақыл ойы, парасаты тең өскен.
Доссыз адам - қанатсыз құс тегінде,
Доссыз адам - отсыз жүрек, ақымақ.
Бұл азапты, бұл арпалыс өмірде
Бір адамда бір дос болған мақұл-ақ.
Өмір деген ию-қию көп егес,
Мүмкін болса, мың дос табу көп емес...
...Әлденеше қаңтарылып ұлы еңбек,
Әлденеше соқты айналып ауыр күн.
Алапаттай ажал жатты түгендеп
Семьясын Маврдың.
Ондай кезде үміт, арман, жақсылық,
Күту қиын тәлкек еткен «тәңірден».
Құрып кеткен жалаңаяқ тапшылық,
Бірге тұрып, бірге жатты Маврмен.
Өр адамды өкшелеген ескеннен,
Жоқшылықтың жойқын қара түні еді.
Сол бір қатал кезеңдерде ес берген,
Қайырымды дос кім еді?
Ол кім еді?!
Жоқтың зәрін қоса ішіп,
Доспен жылып, доспен бірге суытқан.
Айрылмас адал жанды досы үшін,
Өмірінін, рахатын ұмытқан?!
Ол кім еді?!
Рахаттан бас тартып,
Қарсы жүрген азап пенен ауырға?!
Өлгенде де өзін суға тастатып,
Жердің қойнын сыйға тартқан Маврға.
Ол кім еді?!
...Фред!
Достығыңды ақтадың,
Өміріңді Маврменен бөлістің.
Адамзаттың ар, ожданын сақтадың,
Рақмет, адал ұлы немістің!!!
VI
Боп-бозғыл бастары мұнартқан.
«Аһ» десе, кеудесі айрылар.
Шыңына, құзына мұң артқан,
Тауларда мәңгілік қайғы бар.
Толқыны дөңбекшіп, атылған,
Мұхиттар өзінше қайғырар.
Дауылын, жауынын сапырған,
Жерде де жетерлік қайғы бар.
Қайғылар...
Кез болса қоғамы теңселер,
Заман да қайғырар.
Арманы, үміті өлсе егер
Адамда қайғы бар.
Қайғылар - көне жау,
(Адамның қайғысы бөлек-ау!..)
Адамдар қайғырмау керек-ау,
Егерде, қайғырса ұлы адам.
Мұхиттар шайқалған,
Ал таулар жылаған.
Жер-Ана июін қайтарған,
Егерде жыласа ұлы адам.
...Адам тұр қайғымен жекпе-жек,
Ары тұр алдында өкпелеп:
Қайғыға: «Кетпе!»-деп,
Адам тұр қайғымен бетпе-бет.
Дыбыссыз, тыныссыз, күйге еніп,
Өмірсіз, өлік боп Муш жатыр.
Қайғылар...
Бірісі - үйге еніп,
Бірісі - тыста түр.
Иығы салбырап алыптың,
Шаштары барады қыраулап.
Басында тіп-титтей табыттың,
Женни тұр кәдімгі тірі аруақ.
Ленхен жылауда,
Жылауда Лаура,
Тек Мавр шыдауда.
Шыдауда от жүрек, шыдауда...
Боп-бозғыл бастары мұнартқан,
«Аһ» десе жүрегі айрылар.
Шыңына, құзына мұң артқан,
Тауларда қат-кабат қайғы бар.
Арқалап азап пен cop артқан,
Қоғамда қайғы бар.
Жан ұлын, жақсы ұлын жоғалтқан,
Адамда қайғы бар.
Сол үйді сойқандап, мұң артқан,
Қалжырап қап-қара өтті түн.
Ал сыртта мәңгілік мұнартқан,
Лондон - көк түтін...
VII
Дәуірлердің қателігін түзетіп,
Дана - уақыт өтіп жатыр сырғанап.
Адамзаттың ақыл-ойын күзетіп
Дана Мавр дүниеге тұр қарап.
Ел де, жер де қақ бөлінді екіге,
Бірі жаңа, бірі ескіні қалайды.
Ұлан-асыр алып жердің бетіне,
Ұлы Мавр экватордан қарайды.
Алып қашып адамдардың арманын,
Жер төсінде не ғаламат боп жатыр.
Капитализм - бостандыққа жандарым,
Бой күйез боп,жолда тұр.
Елдер жатыр азаттыққа қол қойған,
Отаршылдық тас бұғауын талқандап,
Жер төсінде - зор майдан,
Жер төсінде - бар салмақ.
Жер төсінде бітпек емес, әмәнда,
Қан төгіссіз қатал сыны тартыстың,
Ғасыр өтіп, замандардан-заманға,
Жаңа өмірі жалғануда Маркстің.
Ол күресті бақытым деп санаған,
Ол күрестен ләззат алған, нәр алған.
Сәуле шашқан сол бір ұлы санадан,
Біздің өмір күрес болып жаралған.
Біз білеміз.
Марксизм бұл шақта,
Қан төгіссіз, идеялар күресі.
Дана Маркс тастап кеткен ұрпаққа,
Адамшылық ақиқаттар үлесі.
Марксизм бас боп бірге тұр сапта,
Ядро, атомнан да күштірек.
Дүниені дүбірлеткен ұрпақта -
Тұтасқан бір күш білек!..
...Прометей?!
Прометей дей алман.
(Heгe керек, көзсіз батыр көне бір).
Таңмен жатып, таңмен бірге оянған
Маркс - Мавр!
Ол - өмір!
Прометей байлауда әлі, қанжоса,
Прометей болды ма өзі? Болжаймыз.
Мавр бізді мың жыл бұрын қорғаса,
Маврды біз мәңгілікке қорғаймыз.
Маврды біз айта алмаймыз табыт деп,
Прометейден ол мықты
Хайгейттің құлыптасын жарып кеп,
Кремльге құрмет болып орнықты.
Гранитті жарып шығып, қасқиып,
Капитализм бітер күнін санайды.
Ұлы перзент жұдырығын тас түйіп, .
Коммунизм жауларына қарайды!!!
Уақыт бар ма ұлы өмірді жеңбеген,
Бақыт бар ма адам бұрын көрмеген,
Ғалым бар ма ақыл, ойы кернеген,
Ғылым бар ма дүниеге келмеген.
Сана бар ма сан тарапқа көлбеген,
Дана бар ма дамылдаған, өлмеген,
Шындық бар ма жалаң қылыш сермеген
Зұлымдықты баудай қырқып, жерлеген?
Өмір бар ма өрге бастап, өрлеген,
Көңіл бар ма кесепатқа көнбеген,
Шын өмірде шырақ бар ма сөнбеген,
Ақыл бар ма, ақыл бар ма өлмеген
Ақын бар ма азаттыққа шөлдеген