54 келіге дейін арықтаған. Полковник Салтанат Әзірбек жұртты таңқалдырды
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Әзірбек тығыз жұмыс кестесіне қарамастан қалай салмақ тастағанын айтып берді, деп жазады Оinet.kz порталы.

BES.media-ға берген сұхбатында ол 54 келіге дейін арықтағанын мәлімдеді. Айтуынша, қатаң диетаға жүгінбеген. Негізгі ұстанымы – тәртіп пен тұрақты қозғалыс. Полковник күн сайын таңғы 3-те оянып, сағат 4-тен бастап екі сағат жаяу жүреді. Осы уақыт ішінде 12–13 мың қадам жасап, таңғы 7-де жұмысқа келеді.
«Бұл – өзіңмен жасалған келісім. Басқаша мүмкін емес», – дейді ол.
Тамақтануда да тәртіп қатаң: аз мөлшер, уақытылы ас және ақуызға бай тағам. Ұн мен тәттіден толық бас тартқан. Оның айтуынша, басты мәселе тамақта емес, қате әдеттерде. Той-жиындарда да ұнды тағамнан барынша шектелуге тырысады.
Салтанат Әзірбек физикалық форма тек сыртқы келбет емес, ерік-жігер мен ішкі тәртіптің көрінісі екенін атап өтті. Ол тіпті 1 қаңтар күні де таңғы серуенін қалдырмаған.
«Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Біз бұған қабілеттіміз», – дейді полиция полковнигі.


