Көмбе туралы хикая

Oinet.kz 26-08-2019 1753

68375109_1296720000506657_305873908530151424_o.jpg

Көне қорымдарды аралап жүрміз.

– Бұл төңіректе бұрын байлар көп болыпты – деп әңгімесін бастады Орекең, – Менің Ахмет деген нағашы атам кезінде Тәйіш деген байдың жылқысын бағыпты. Күшпеннен шыққан ағайынды Тәйіш, Тәйке деген екі бай болған. Заманында дүркіреп тұрған байлар Кеңес үкіметі орнаған соң қызылдардың құрығына ілікті. «Малым тұрғанда маған кім тиісер дейсің» деп қашпай отыра берген Тәйке кейін кәмпескеге ілігіп, бар малынан айырылып айдалып кетіпті. Бәлен жылдан соң аурулы, арып-ашып ауылға келіп көз жұмғанда көметін адам табылмапты. «Бәлесі жұғады» деп ешкім жоламай қойса керек. Ауылдың қарттары қыстыгүні қол шанаға салып апарып көміпті.

Тәйіш бай әріден ойлайтын кісі екен. Заман бұзыларын болжап ертерек қамданыпты. Малының жақсысын топтап базарға айдатып, алтынға айналдыра берген. Күндердің күнінде, тықыр таяна бастағанда қалған малының кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсағын бір қораға қамап: «Осы төңіректегі жарлы-жақыбай, кембағалдар алсын. Садақам. Таңда Тәңірі алдында сұраусыз» деп қағаз жазып қалдырып, кемпірі, қызы, өзі екі малшысымен жоқ болып кетеді.

Хош. Тәйіш бай жоғалды. Қалған малшылары жиналып бұл істі талқыға салады. Мыңғырған мал сатылды. Келген, кеткен көзге түсер дүние жоқ. Бес адам салт атпен не алып кете алады? Байдың кемінде бір кебеже алтыны болуы тиіс. Ол қайда?

Бұлар байқап қараса байдың үйі қора-қопсысы сол күйі тұр екен де тезек қораны құлатып кеткен екен. Бұлар ойлайды: «дәу де болса осының ішіне көмбені көміп, сыртын құлатқан шығар» деп. Алайда батылы барып ешкімнің ол жерді қарауға тәуекелі тұрмайды.

Жылдар жылжып өте береді. Отан соғысы басталады. Ахмет соғысқа аттанғалы жатқанда 11 жасар қызы Ғазизаны оңаша апарып:

– Қарағым, күнкөрістен тарығып жатсаңдар, аларсыңдар. Осы жерде байдың көмбесі болуы тиіс – деп бұл күнде сарытопырағы шығып жатқан әлгі тезек қораның орнын көрсетіп кетіпті.

Тәйіштің малшыларының бәрі соғысқа кетіп оралмай, бұл құпия жалғыз Ғазизаға ғана белгілі боп қалады. Ол кейін бойжетіп Орекеңнің әкесіне тұрмысқа шығып балалы-шағалы болады.

Енді Ахметке келейік. Ол кісінің тағдыры былай болыпты. Соғыс біткен соң аман-есен елге қайтады. Аман-есен болғанымен аш солдаттарды эшелонмен әкеліп Оралдың вокзалына төгіп кетеді екен. Қан майданнан аман жеткен көптеген қазақ жігіттері ел шетіне іліккенмен, талғажу қылар тамақ жоқтықтан аштан өліпті ғой. Вокзалда аштан бұратылып жатқан Ахметтен бір қарт:

– Қай жерденсің? – деп сұрайды

– Қурайлысай – дейді бұл әрең тіл қатып

– Мен Есенсайлықпын. Айналайын, көрші ауылдан екенсің ғой. Сені үйге апарып кішкене әлдендірейін. Үйіңе әлі-ақ жетесің – деп әлгі мосқал қазақ мұны сүйемелдеп үйіне әкеліп баға бастайды. Ажалдың қайдан дерің бар ма? Үй иелері жұмысқа кеткенде аш Ахмет бидайды аз-аздап жеу керек деген қағиданы ұмытып, оңашада қара бидайды көп жеп қойып құмығып өліпті.

Бұл солай тұра тұрсын. Енді Ғазизадан баян етейік. Ғазизаның ұлы Құлымжан 1983 жылы оқу іздеп Орал қаласына келеді. Квартира жалдап жатқан жігіттер бір күні кеште көрші қарттармен бірігіп карта ойнайды. Сөзден сөз шығып, бұның Қурайлысайдан екенін естіген үлкен кісінің бірі:

– Шырағым, сіздің ауылдан соғысқа алынған Ахметқали деген кісіні білесің бе? – деп сұрайды.

– Білемін. Ахмет деген менің нағашы атам. Шын аты Ахметқали – дейді бұл.

Сол сол ақ екен әлгі кісі еңкілдеп жылап жіберіпті.

– Әкемнің аманаты бар еді. Ахмет нағашыңды байқамай өлтіріп алып, Тройкинге жерлеген екен. Соның «артында жоқтаушысы болса көрсет» деп маған аманаттап кетіп еді. Осы уақытқа дейін таба алмай сұрап келдім. Бүгін Құдай аманатты орындауымды нәсіп еткен екен.

Осылайша қырық жыл хабарсыз кеткен Ахметтің қабірі табылыпты. Есенсайлық қазақ Ахметтің ата-тегін білмегендіктен басына жуан темірден белгі қойып, қалғанын баласына аманаттаған ғой.

Жиендері іздеп барып Ахметтің басына құран оқып, үй тұрғызып, құлпытас орнатады.

Ел құлағы елу. Тәйіш байдың көмбесі туралы, оны білетін жалғыз адам Ғазиза шешей туралы ел ішінде әңгіме жүрсе керек. Сол аймаққа аты мәлім, көп жыл түрмеде отырып келген Зәйдолла есімді жігіт бір күні ішіп келіп шешейдің мазасын алыпты.

– Шешей, алтынның қайда көмілгенін маған айтыңыз. Мен өзім қазбаймын. Қаладан орыстарды әкеп қаздыртамын. Оларға ештеңе болмайды. Сізге де үлесіңізді беремін. Шеше, айтыңыз!

Есімінен ел қорқатын Зәйдолла мазасын алып қоймайтын болған соң Ғазиза шешей көмбені көрсетеді.

– Шырағым, енді менен аулақ жүр. Ешқандай үлестің керегі жоқ – дейді.

Осыдан соң Зәйдолла бірнеше күн жоқ болып кетіпті.

Бір күні таңда кемпірдің алдына келіп тұр дейді. Онсыз да қараторы жүзі көкпеңбек болып, көзі аларып ұсқыны қашып кеткен екен.

– Айналайын, апа! Сізден кешірім сұрауға келдім. Мазаңызды алғаным үшін кешіре көріңіз. Алтын құрысын! Көрмегенім көмбе болсын! Енді алтынды іздемеспін де, қазбаспын да!

– Е, не боп қалды?!

– Бүгін үшінші күн. Ұйықтаған сайын біреу келіп қылғындырады. Өлетін болдым. Бүгін таңда: «енді бір күн өмірің қалды» деп ескертіп кетті. Апа, кешіре гөр! Енді көмбе туралы әңгіме қозғамаймын. Тірі қалсам өз жаным өзіме олжа, мен кеттім!

Бұл көмбенің хикаясы осындай – деп Орынбасар ағамыз әңгімесін күлімсірей аяқтады.

– Ореке сонда осы күнге дейін өздеріңіз қазып көрмедіңіздер ме?

– Жоқ. Кей кездері апамызға әзіл-шыны аралас: «апа көмбені қазып көрсек қайтеді?» – дейтінбіз. Ол кісі:

«Әй, шырақтарым. Сендер түгіл Зәйдолла ештеңе бітіре алмаған. Сендерге қаздырар деймісің?» – деп күлетін.

Иә, көкірегі қазынаға толы адамдар бұл күнде жоқтың қасы. Ал, қойыны қазынаға толы талай көмбе туған жерде тығулы жатыр-ау, шіркін!

Жәнібек Әбілпейсов

Тігінші туралы тәмсіл
Табағы бар скелет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу