Табағы бар скелет
– Осы сендер археологсыңдар ғой, сүйек жатқан обаны қазасыңдар, иә? – деп Орекең Қайсарға күлімсірей қарады.
– Ореке бұлардың конторына кірсеңіз қорқасыз. Ылғи обадан табылған(яғни моладан табылған) қыш ыдыстарды жан-жағына жинап қойып, өздері қаракөлеңке жерде отырады. Тіпті сол жерде отырып шәй да іше береді – деп мен археологтар туралы комментарий беріп жатырмын.
– 2012 жылы көктемде ауыл іргесіндегі Жалпақ деген сай тасыды. Сәуірдің іші. Қорамның артынан қар суынан тереңірек жыра пайда болды. Бір күні бұзау айдап келе жатып көзім түсіп кетті. Әлгі жырадан адам сүйегі шығып жатыр екен. Қараймын. Жерлеу дәстүрі мұсылманша емес. Сүйектің аяғын солтүстікке, басын оңтүстікке беріп, бетін оңтүстік-батысқа қаратып жерлепті. Бұны рәсімсіз жай көме салған болар дейін десем, мәйіттің бас жағында шұңғылдау қыш табақ қоса көміліпті. Жалпақтығы екі қарыстай, жиегіне ирек өрнек салған қыш табақ. Жыраға әдейі секіріп түсіп қарадым. Сүйек жартылай топырақта жатқандықтан, тағы не көмілгенін білмеймін. Ертесіне кеңсеге барғанда әңгіме қылып:
– Музейге қоятын жәдігер табылды – деп едім қарттар шошып кетті.
– Жайыңа жүрсейші. Археологтар естісе келіп құмырасын алады да сүйегін шашып кетеді. Пәлесі бізге тиер.
– Ауылдың өлкетану музейіне қыш табағын қойса болмай ма?
– Өліктің табағында нелерің бар? Балаларға ауру жабысса қайтесің? Көміп тастау керек!
Сонымен менің тапқан «олжамды» қартар қаламай, шығып жатқан сүйектің үстін көмдіріп тастады.
Жәнібек Әбілпейсов