Алматыда Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуына арналған ауқымды іс-шара өтті

Oinet.kz 11-06-2025 70

Классик жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған игі іс-шаралар легі бүгін Алматы қаласында жарасымды жалғасын тауып қазір ғана аяқталды. 

Screenshot_13.jpg

Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық кітапхана мен Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының, Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен өткен «Мархабат Байғұт тағылымы: Арайлы Алматыға шырайлы Шымқаладан» атты әдеби керуені елге танымал қаламгерлердің, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің, оқырмандар мен жастардың басын қосты. 

Көркемсөз бен көсемсөздің шебері, көрнекті қаламгер, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт аймақта жүріп-ақ халықаралық деңгейде таныла білген бірден-бір жазушы. Өзіндік жазу машығы бар, ешкімге еліктемеген, шығармаларында тұңғиық ойы мен шынайы сезімі менмұндалап көрініп тұратын сыршыл қаламгер ретінде қалың оқырманға мейлінше танылды. 

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың модераторлығымен өткен әдеби керуеннің ашылуында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың сәлемін Шымшаһардың мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев жеткізді. Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева өз сөзінде жазушы Мархабат Байғұттың тұрақты оқырмандары уақыт өткен сайын көбейе беретініне сенім білдірді. 

Screenshot_14.jpg

Кеш барысында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Бексұлтан Нұржекеұлы, талантты ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, әйгілі академик Қансейіт Әбдезұлы, белгілі ғалым Дандай Ысқақұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Бауыржан Жақып, ақиық ақын, баспагер Темірғали Көпбай, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек сөз сөйлеп, Мархабат Байғұттың шығармашылығы, кісілік келбеті жайлы келелі ойларын ортаға салды. Мархабат Байғұттың шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеудің дәуірі басталғанын сүйіншілеп айтты. Жиын барысында Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті анындағы «Алқа» әдеби бірлестігі мүшелерінің әдеби композициясы орындалды. Қаламгердің жұбайы Қыздаркүл апа мен қызы Ақлима Мархабатқызы естеліктерімен бөлісті. 

Мен өз сөзімде «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасының жетекшісі ретінде қолға алынған бастамалар мен атқарылған шаралар жайлы тоқталып өттім. Жыл соңына дейін әлі де бірталай жобалардың жүзеге асырылатынын жеткіздім. Естеріңізге сала кетейін, жыл басында «Мархабат» журналының таныстырылымы болып өткен еді. Жетісуда Мұқағали, Арқада Қасым журналы, көршілес Әулиеата жерінде Жамбыл журналы жарық көріп келсе, биыл еліміздің ақпарат айдынында Мархабат журналы желкен керіп шығуы кемеңгер жазушының мұрасын насихаттау жолындағы келелі бастамаға айналды. 

Мамыр айында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумы өтіп, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның қаламгерлері мен ғалымдары қатысқан болатын. Көрнекті жазушының мерейтойына орай республика көлемінде ұйымдастырылған шығармашылық байқауға еліміздің 7 өңіріндегі 9 жоғарғы оқу орнының студент жастары қатысты. "Мархабат оқулары" байқауы Түркістан облысында, Шымкент қаласында кең ауқымда ұйымдастырылып, жүлдегерлер қомақты сыйлықтармен марапатталды. 

Screenshot_15.jpg

Қалың қазақтың ғана емес, жалпы түркі әлемінің сүйікті жазушысына айналған жазушының 80 жылдығы аясында Шымкент қаласында «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция өтті. Қаламгердің кіндік қаны тамған туған жері Түлкібаста «Таупістелі тағылымы» конференциясы төртінші рет ұйымдастырылды. Үш күнге созылған осы іс-шаралардың барлығында Оңтүстікте Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу идеясы бірауыздан қолдау тапқан болатын. 

Міне, Алматыда өткен басқосуға қатысқан елге танымал тұлғалар да осы оң бастаманы жүзеге асыруды жан-жақты қолдады. Амандық болса, артында өшпес із қалдырған жазушының атындағы іргелі шығармашылық орталықтың есігін айқара ашатын күн алыс емес деген сенімдеміз. Демек классик жазушы Мархабат Байғұттың әдеби мұрасын зерттеп, зерделеу, насихаттау мерейтойлық іс-шаралармен шектелмей келешекте кең ауқымда тұрақты түрде жалғасын таба беретін болады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, 

Түркістан облыстық "Медикратия" қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

"Мархабат Байғұтқа 80 жыл" жобасының жетекшісі

Қаза тапқан соң сүйегі «қолды» болғандар
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу